jasqazaq.kz

Шымкент: №1 мектеп-интернатындағы түрлі тағдырлар

09 тамыз, 14:39

32 жылдан аса мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеп келе жатқан білікті педагог Айгүл Жамалбекова Шымкент қаласы білім басқармасының «Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 мектеп-интернатындағы» балалардың өмірі жайлы сыр тарқатты.

«Біздің шәкірттеріміздің де сау балалар сияқты сезім түйсігі жақсы дамыған. Құлағы естімегенімен, ағзасының басқа мүшелері сап-сау, қабілетті балалар. Олар да кейде өзара сөз таластырып, келіспей қап жатады. Сондайда жұдырықтасып, бір-бірінің көзін көгертетін сәттері болады. Баласы таяқ жесе, түннің қай бөлігі болса да тіке маған қоңырау шалады. Мына жақтан мен, ана жақтан ата-анасы мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарым, психологымыз жан-жақтан жедел жиналамыз. Ашығын айтқанда, жұмысымыз сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін делінгенімен, ойымыз да, көңіліміз де 24 сағат бойы осы мектепте. Телефонымыз 24/7 өшпейді. Кей күндері интернатта қонып қаламын. Мен басшы ретінде барлық жұмысымызды ашық, жария ұстаймын. Барлық ата-анада байланыс нөмірлерім бар. Кез келген уақытта қоңырау шалып, өкпе-ренішін немесе ризашылығын айта алады.  Арасында кейбіреуі айқайлап ұрысып та жатады. Иә, жұмыс болған соң бәрі болады, оның бәрін түсіне білу керек. Балалардың кейбіріне тәрбие жұмысын жүргіземіз, соқтығысып қалғандарымен бөлек сөйлесіп, жарастырамыз. Балаларды енді жарастырып болсақ, ата-аналары түсініспей жатады. Оларды да жарастыруға тура келеді. Міне, мұның барлығы жұмыс. Өзіме осы өмірім, жұмыс орным ұнайды», — дейді А.Көмекбайқызы.

Айгүл Жамалбекованың айтуынша, интернатқа балалар түрлі тағдырмен келеді екен. Мәселен, былтыр Абай облысының шалғай бір ауылында әлеуметтендірусіз қалып кеткен 15 жасар ұл келіпті. Жездесі осы мектеп жайлы естіп, сұрастырып, психологиялық, медициналық, педагогикалық кеңес беру орталықтарынан құжатын туралап әкеліпті.  Үйінен аттап шықпаған «маугли баланы» интернаттағы балаларға қосу оңайға соқпапты. Алғашында анасы үйден қатынап оқытыпты.  Он бес жасар бала бірінші сыныптың партасына отырып, алты-жеті жасар балалармен сабақ оқыпты. «Біз ол балаға жеке әдіс қолдандық. Оқу жылының соңына қарай өзімен жасты балалардың арасына қостық. Бірақ, өзіне жеке тапсырма беріп отырдық. Әліпбиді жаңадан танып, жаңадан жазып үйренді. Балада өзгеріс көп. Бір-екі айдай күн сайын үйіне кетіп жүрді. Кейін бала «Осы жерде балалардың ортасында қаламын» деді. Өзінің бір жаттап алған ым-ишара тілі бар екен. Оны анасы екеуі ғана түсінеді. Ал ол бұл ортаға қосылғаннан кейін өзі сияқты балалармен қарым-қатынас жасап, ым-ишара тілін үйренді. Осылайша 15 жасында бір әріп білмей келген баланы қоғамға кіріктіруге бар күшімізді салдық», — деп А.Көмекбайқызы жұмыс барысын түсіндірді. Осындай ерекше баласы бар ата-аналарды баласын дер кезінде әлеуметтендіруге шақырды.

«Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 мектеп-интернатында» оқу бағдарламасы жалпы мектеп бағдарламасынан сәл жеңілдетілген. Әр сыныпта 6-8 баладан  білім алады. Парталар жалпы мектептегідей  қатарымен тұрмайды, дөңгелетіп қойылады. Өйткені, бала мұғалімнің бет-әлпетінің пішінін толық көріп отыру керек.  Мұғалімнің не айтып жатқанын оқушы мұғалімнің ернінен оқу керек. Ернінен оқу балаларды өмірге бейімдеудің бір әдісі. Себебі бала тек қана естімейтін әлемде өмір сүріп жатқан жоқ қой. Өзге дені сау адаммен сөйлескенде ол еріннен оқи алу керек. Сондықтан да біздің мұғалімдер бірінші еріндерін ерекше  қылып бояп алып, сабақты ерінмен, артикуляциямен өтеді», — дейді мектеп директоры.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ,

Шымкент қаласы 

 

 

 

16 тамыз, 12:34
Шымкент: Жарты жылда 1181 ерекше бала оңалтудан өтті
15 тамыз, 12:19
Биғайша Нұрғазинова: Ерекше балалар қоғамға кірігуі тиіс
10 тамыз, 21:15
Түркістан: Абайдың сөзі – рухани құндылықтың алтын қазынасы
09 тамыз, 15:04
Бахадыр Мәдәліұлы: Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету – мәслихат пен партияның ортақ міндеті
06 тамыз, 20:36
Алматыда көше және сәулеттік жарықтандырудың бірыңғай жүйесі жасалады
05 тамыз, 12:34
Бала жанын түсіну – рухани жауапкершілік
31 шiлде, 15:56
Тайланд-Камбоджа: Шиеленіс қалай шешілді?
31 шiлде, 15:21
2,7 млн жайылым жер мемлекетке қайтарылды: жұмыс жалғасады
31 шiлде, 15:00
Айгүл Жамалбекова: Мүмкіндігі шектеулі жандарға ешқандай шектеу жоқ