Қатаң карантин кімді де болса қажытты. Бірталай нысан амалсыз есігіне құлып салып, жағдайдың тұрақтағанын күтіп қалды. Экономиканы есеңгіреткен пандемияден келген шығын әлі есептеліп біткен жоқ. Бірақ табар нан емес, шүберек жанды ойлаған жұрт сабырға келіп, бұл өтпелі кезеңді өкпесіз өткізіп, табандылық пен төзімділігін танытты.
Осы аптаның басында карантин тәртібі жеңілдеді. Қанша айдан бері бос тұрған ірі сауда орталықтары, жаттығу залы, сұлулық салоны секілді ғимараттардың тарс жабылған есігі қайта ашылды. Эпидемиологиялық ахуалдың барысына қарай жергілікті бас санитар дәрігер қай нысанның қызметін жандандыруға болатынын айтып, рұқсатын береді. Оны әкімдік бекітеді. Дегенмен белгісіз себептермен эпидемиологтардың бұйрығын шенеуніктер мақұлдамайтын кез де болады. Бұдан кәсібінен нәсіп тапқандар қиналады.
Бірер күн бұрын шаруалар журналистерді «Айтар шағым, базынамыз бар, бізді келіп тыңдасаңыздар» деп қалалық әкімдік алдына шақырды. Келістік. Жеттік. Онда жиналғандар қаланың ақсаусақтары емес, кілең күн астында жүріп күйген еңбек адамдары екені көрініп тұр. Жанарында оттан бұрын, мұң басым. Әңгіменің әлқиссасы «Ала жаздай күтіп, өсірген өнім шіріп кетуі мүмкін» дегеннен бастады. Жылда қаладағы жәрмеңкеде жеміс-жидегі мен көкөнісін, азық-түлігін саудалайтын шаруа «тақырға отырамыз ба» деп алаңдаулы. Карантин кезінде тәртіпке көнді. Жәрмеңке жақында ашылар деп, қорын сайлап келген. Өткен апта Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин жәрмеңкелердің жұмыс істеуіне болады дейтін қағаз жүзінде рұқсатын да берген. Бірақ, неге екенін, оны бұлжытпай бекітуі тиіс қалалық әкімдік жайбасарлыққа салып отырған көрінеді. Сол себепті, амалдың жоқтығынан жанайқайды жеткізейік, атқамінерлер сөзімізге құлақ түрер деген үмітпен әкімдік алдына жиналған екен. Тыңдап көрдік. Шынында да жағдай мәз емес.
Шаруа Юлия Барсукова былай дейді: «Не істерімізді білмей қалдық. Жәрмеңкеде сатамыз деп баққан малымызға беретін жем-шөп те қалмады. Негізгі табыс көзіміз – осы кәсіп. Ауыл шаруашылығы несиесін де алып тастадық. Оған құрылыс бастағанбыз. Қазір несиені төлейтін ақшамыз жоқ. Содан банктың қара тізіміне кіргізіп жіберді. Бізге әр күн қымбат. Ең болмаса, осы демалыста жәрмеңке жанданса, дұрыс болар еді. Ештен кеш жақсы деген бар».
Шамданған шаруалардың бұл жылға жоспары көп еді. Бірі еселеп өндіріп алам деген тәуекелмен қарызданып-қауғаланып жүздеген бас ірі қараны сатып алса, екіншісі ондаған гектар жерге жеміс-жидекті молынан егіп тастапты. Биылғы жаз жайлы. Егістік ойлағаннан артық өнім берді. Бірақ енді оны өткізетін жер болмағандықтан, бақшада шіріп жатыр деседі. Жағдайды өз көзімізбен көру үшін Алматы облысына қарасты Байсерке ауылының шетіндегі сондай бақшаның біріне бардық. Алқаптың аумағы – 7,5 гектар. Гүлнәр есімді келіншек күйеуімен бірге 10 жылдан бері қауын мен қарбыз егіп келеді. Өкініштісі, 100 тонна өнімі шіріп кетіпті. Тым құрыса, қалғанын сату үшін жәрмеңке тезірек ашылса деген жалғыз тілегі бар. Тапқан табысқа салық төлеп, тұқым алып, қалғанына келесі жазға дейін тіршілік ететін диқандар есіл еңбек еш кетпесін деп жол бойында саудалап та көрген. Бірақ айыппұл арқалап, салы суға кеткен жайы бар. Алыпсатарға берейін десе, олар болмашы тиын-тебенге алып кеткісі келеді. Диқанды әңгімеге тарттық.
Гүлнәр Сүлейменова айтады: «Ектік. Өсірдік. Сататын жер жоқ. Сенбі, жексенбі жәрмеңкелер жабық. Амалдың жоқтығынан базар жанында сатып көріп едік, айыппұл салып, қуып шықты. Күзде салық төлеу керек. Ақшаны қайдан аламыз? Елордада жәрмеңкелердің істеуіне рұқсат берілді. Алматыда неге екені түсініксіз, жабық. Әкімдік неге бізді түсінгісі келмейді. Қанша жерден жазғанмен жауап бермейді. Өздері есіктерін жауып алып, бізбен байланысқа шықпайды».
Гүлнәрдың басындағы тауқымет өзге шаруа мен диқанға тән. Әрқайсысы кемі 2 миллион теңгелік табысынан қағылудың сәл-ақ алдында. Биыл жұмыс жүрмесе, өнім өтпесе, онда біраз шаруашылықтың шатқаяқтайтыны анық. Тығырыққа тірелгесін, қайтерін білмегесін, бірігіп әкімдік алдына жиналудың негізгі себебі де осы. Олардан бөлек, арадағы делдалдың тым қымбат әрі сапасыз өнімінен зәрезап болған қала тұрғындарына жәрмеңкеде сауда жасау ыңғайлы. Ондағы өнім құны басқа базар, дүкендердегі бағадан 1,5-2 есеге арзан. Оның үстіне құнарлы. Айналып келгенде, бұл жерде жәрмеңкенің ашылмауынан шаруа да, тұрғындар да жапа шегіп отыр.
Араға сағат салып Алматы қаласы әкімдігінен өкіл шықты. Кәсіпкерлік және инвестиция бөлімі басшысының орынбасары Қарлығаш Әбдіжаппарова жиналғандардың базынасын мұқият тыңдады. Жағдайдан хабардар екенін жеткізді. Алайда нақты қашан жәрмеңке ашылатынын ол дөп басып айта алмады. Қарлығаш ханым былай дейді: «Дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жәрмеңке өтетін жерде әлеуметтік қашықтық жолақтарын сызу, дезинфекция жасау секілді шаруаны бастап кеттік. Одан бөлек жәрмеңкені демалыс күндерден аптаның басқа күндеріне ауыстыру мәселесі де қарастырылады. Бәрін електен өткізгесін нақты шешім қабылданады».
Әкімдік жауабы шаруаның мазасыз көңілін тыншыта қойған жоқ. Бірер күнде жағдай бір жақты болмаса, олар өнімін осы демалыста «қаланың қақ ортасына жайып қойып сатамыз» деп тарқасты.
Асқарбек Қазанғап,
Алматы