Соңғы кезде елімізде үштілді білім беру мәселесі жан-жақты әрі қызу талқылануда. Байыбына бармаған кейбір «қарсылар» бұл үрдіске өтуге қатты алаңдаушылық білдіруде. Шын мәнісінде бұл үрдіс бізге тиімді ме, тиімсіз бе? Үштілді білім беру қашан және қалай жүзеге асырылады? Осындай сауалдарға жауап іздеп, Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Жаңыл Алпамысқызы Жонтаевамен сұхбаттастық.
Жас қазақ: Жаңыл Алпамысқызы, үштілді білім берудің түпкілікті айырмашылығы неде?
Жаңыл Жонтаева: Бірден айтайын, бұл модель абсолютті жаңа емес. Еліміздегі 100-ден астам мектеп үштілді білім беруді іске асыруда. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Үштұғырлы тіл» жобасының бастамасын 2007 жылы көтерді. Содан бері бұл мәселе күн тәртібінен түскен жоқ. Ол жүйелі де маңызды қалпында дамып отырып, Елбасының әр жылғы жолдауында, «100 нақты қадам» ұлт жоспарынан көрініс тапты. Ең маңызды, біз үшін үш тілдің бір-бірімен бәсекелестігінде емес, олардың бірлігі. Еліміздегі үштілді білім беру осы негізге сай қарастырылған. Қоғамға осыны дұрыстап түсіндіруіміз керек. Үштілді білім берудің басқадан айырмашылығы дегенге бір ғана нәрсені айтайын. Үштілді білім беру бағдарламасы қазақ, орыс тілдерін екінші тіл ретінде деңгейлеп оқыту ұстанымымен және ағылшын тілін шет тілі ретінде CEFR (шет тілін меңгерудің жалпыеуропалық құзіреттілігі) оқыту үлгісімен құрылады. Бұл тілдіерді оқытудың халықаралық танымал моделі. Қазақстанда CEFR негізінде «балабақша-мектеп-колледж» жүйесінде мемлекеттік тілді үздіксіз деңгейлеп оқыту стандарты дайындалды. Қазір 41 мектепте қазақ тілі бойынша осы стандартқа сәйкес дайындалған деңгейлік бағдарлама мен оқулық апробациядан өтіп жатыр. Тілдерді оқытудың деңгейлік моделі жоғары оқу орындарына да енгізілуде.
Жас қазақ: Үш тілді оқыту тек қазір көтеріліп отырған мәселе ме?
Жаңыл Жонтева: Шындап келгенде бұл мәселенің осыдан көп жыл бұрын көтерілгенін жұрт біледі. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев те осыны айтып жүр. Министр мәлімдегендей, ұзақ жылғы әдістемелік сараптаулардан, сынақтық тәжірибелерден өтіп барып, жеті рет өлшеніп, бір рет кесілді. Тарихқа шегініс жасасақ, ел халқының үш тілді білу қажеттігі туралы идеологиясын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан он жыл бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясында алғаш айтқаны халыққа мәлім. Тұңғыш Президентіміз: «Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тіл білетін жоғары білімді ел ретінде қабылдануы тиіс. Бұл мемлекеттік тіл – қазақ тілі, ұлтаралық тіл ретіндегі орыс тілі, ғаламдық экономикаға табысты интеграцияға жол ашатын ағылшын тілі» деп қадап түсіндірді. Содан келесі жылы «Жаңа Қазақстан жаңа әлемде» жолдауында «Үш тұғырлы тіл» аталған арнайы бағдарлама әзірлеу қажеттігін айтты. Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл тілдік тұғырнамасының бай пәлсапалық мәні бар. Оның маңызын ағылшын мен орыс тілін білу өз алдына, бастысы қазақстандық біртектіліктің мәйегі — қазақ тілі болу керектігі тұрғысынан түсінген ләзім. Яки, қазақ тілінің мерейін үстем ету арқылы ағылшын және орыс тілдерінің де мәртебесін түсірмей, өрістете беру. Әлбетте, қазақ тілін дамытуда қолданыс аясы тарылып, әлсірей бастап, кейін қайта жаңғырған түрік, иврит, украин, малай тілдерінің тәжірибесін ескерген абзал. Мәселен, екі мың жыл бұрын өлген иврит тілі қазіргі заманда түлеп отырғаны баршаға аян. Үш тілде білім берудің жүйесі ҚР 2011-2020 жылдарға дейінгі білім беруді дамыту бағдарламасында да кең көрініс тапты. 100 нақты қадам Ұлт жоспарының 79-шы қадамында жоғары сыныптар мен ЖОО-да кезең-кезеңімен ағылшын тілінде оқытуға көшу көзделген. Басты мақсат – даярланатын кадрлардың бәсекелестік қабілетін арттыру және білім беру секторының экспорттық әлеуетін көтеру.
Жас қазақ: Бүгінгі жағдайда үштілді білім беру қалай жүзеге асырылады?
Жаңыл Жонтаева: Жуырда бір топ тілші пен блоггер Білім және ғылым министрі Ерлан Кенжеғалиұлымен кездесіп, үш тілде оқытуға байланысты реформаның бүге-шүгесін сала басшысының өз аузынан естіді. Министрдің айтуынша, бұл үрдіске көшу кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Жаратылыстану пәндері — информатика, химия, биология және физика ағылшын тілінде оқытылады. Оның өзінде әзірге 10,11 сыныптарда ғана. Демек, ағылшынша оқытудың үлесі келешекте арта бермек. Қазақ тілі мен әдебиеті және Қазақстан тарихы қазақша оқытылады. Ал, орыс тілі мен әдебиеті алдағы уақытта біріктіріліп, орыс тілінде оқытылады. Демек «Орыс әдебиеті» деген бөлек пән болмайды. Сондай-ақ дүниежүзі тарихы пәні орыс тілінде жүргізіледі.
Жас қазақ: Аталған пәндер бастан-аяқ тек ағылшынша жүргізіле ме?
Жаңыл Жонтаева: Министр мырзаның сөзіне сүйенсек, орта мектепте сабақ бастан-аяқ тек ағылшынша жүруі шарт емес. Ең бастысы, ұғымдық түсіндіру ағылшынша болады. Яки, ұстаз сол ұғымдарды жиірек қолданса болғаны. Бұл салада бүгінде экономикасы әлдеқайда алда кеткен Сингапур, Малайзия елдерінің білім беру саласының мол тәжірибесі де ескерілген. Мәселен, малай, ағылшын және қытай тіліне басымдық беретін Малайзия мектептерінде жаратылыстану пәндері ағылшынша оқытылады. Тиісінше, тарих пен әдебиет тек малай тілінде оқытылады. Нәтижесінде, малайлық білімпаз қауым қазірде екі немесе үштілді. Ерлан Кенжеғалиұлының айтуынша, үш тілді мектепті қазірден жасақтамайынша кері кеткеніміз кеткен. Онсыз да қазір біздің 8 сыныптың оқушысының білімі Ресейдің 7, ал батыс елдерінің 6 сынып оқушысының білімімен теңесіп, төмен түсіпті. Демек, оқушылар 2 жылға білім деңгейімен қалып қойған. Бұл PISA (Programme for International Student Assessment) мектеп оқушыларының білім деңгейін бағалайтын халықаралық бағдарлама қорытындысы. Тек математикалық білім деңгейінде қазақстандық оқушылар күллі әлем елдері ішінде 49 орында екен. Бұған әсер ететін факторлар әрине көп, бірақ бастысы тіл екені бесенеден белгілі. Ғылым өресі қазір күн сайын қарыштап дамып жатыр. Бастысы, ғылым тілі ағылшын тілі болып отыр. Малайзия сияқты Қазақстанның ағылшын тіліне басымдық беріп отырғанының сыры неде? Ағылшын тілінде бүгінде бүкіл әлемде 1 жарым миллиардттан астам халық сөйлейді. Одан өзге, бұл тілді 1 миллиардқа жуық халық үйреніп жүр. Демек, 2 жарым миллиардттай адамзат баласы ағылшын тілінде еркін сөйлейді немесе тым құрығанда түсінісе алады деген сөз. Жаһантордағы ақпараттың тең жарымына жуығы яки 50% ағылшын тілінде, қалған бөлігі әртүрлі тілде жарияланған. Ағылшын тіліндегі жарияланымдар саны орыс тіліндегісіне қарағанда 6 есе көп. Билингвалды халық бүгінде көптеген дамыған мемлекеттерде қалыптасып үлгерді. Мысалға келтірілген Малайзиядан өзге, Бельгияда балалар 3 тіл, Нидерландыда 4 тілді біліп өсіп-өнеді. Ал, енді мұны қазақ тіліндегі ақпаратпен салыстырып көрейікші. Нақты санайғақты келтірмей-ақ, көңіл көншітпейтін жәйт алдымыздан кесе көлденең шығады. Ағылшын тіліндегі миллиондаған ақпаратты қазақ тіліне іріктеп тәржімалағанның өзінде сандаған жыл керек екенін аңғару қиын емес.
Жас қазақ: Ағылшынша оқытуға көшуіміз үшін негізгі мәселе – ағылшын тілінде оқытатын мұғалімді қайдан аламыз? «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келгендердің бәрі ағылшынша дәріс бере алмайды ғой?
Жаңыл Жонтаева: Министр мұғалімді онлайн-оқыту тәсілімен жүзеге асатынын мәлімдеді. Ол үшін қазіргі таңда 5 мыңға жуық мектепті ғаламтормен жабдықтау көзделіп отыр. Мектептердегі педагогтарды ғаламтор арқылы оқыту арнайы бағдарлама аясында жүзеге аспақ. Одан қалды, педагогикалық оқу орындарында ағылшын тілін білетін ұстаздарды оқытуға күш салынады. Бұл шаруа сондай-ақ, «Болашақ» бағдарламасы аясында оқытылып жатқан мұғалімдердің күшімен де жүзеге асырылады. Бұл өзгерістер бір күн, бір жылдың шаруасы емес. Алдымен 2017 оқу жылында информатика пәні ағылшын тіліне өтеді. Қалған пәндер болса, 2020 жылға дейін бірте-бірте көшіріледі. Кадр мәселесіне келсек, ниет білдірген, әрі бейімі бар мұғалімдерге жазғы демалыста ағылшын тілін үйренуіне мүмкіндік жасалады. Қазірдің өзінде қазақ-түрік лицейі, Назарбаев мектебінің оқытушы, оқушылары волонтерлік негізде жұмыс жасауға тілек білдіруде. Сабақтарды үш тілде жүргізуде әсіресе қазақ-түрік лицейі және Назарбаев мектептерінің тәжірибесі құнды. Қазақ-түрік лицейлерінде тіпті, оқушылар түрік тілін де меңгеріп, төрт тілде емін-еркін сөйлеу мүмкіндігіне ие болып жүргені белгілі.
Жас қазақ: Пәндерді қосу туралы түсіндіре кетсеңіз.
Жаңыл Жонтаева: Пәндерді қосу немесе бір-біріне кіріктіру дейміз, ол мәселе қазір тек жұмыс тобында талқылануда. Себебі әлі уақыт бар. Бұл өзгерістер 2019-2020 жылдары қолданысқа енетіні белгілі. Айта кетейін, біз мәселені жылдам қарай салмай, қоғамның пікірін, соның ішінде ата-аналардың, оқушылардың, БАҚ өкілдерінің де пікірін зерттейміз. Оны зерттейтін сараптамалық орталығымыз бар. Ең бастысы, қазіргі кезде ата-аналардың 81 пайызы үштілді білім беруді қолдап отыр. Дегенмен біз жұмыс тобының ой-пікірін тыңдап, мәселені түпкілікті асықпай шешеміз. Бүгінгі бұл мәселе нақты шешілді, мына құжат бекітілді деген сөз айтылып жатқан жоқ. Сондықтан бұған алаңдаудың қажеті жоқ.
Сұхбаттасқан Төлен Тілеубай
Астана