«Шпаргалка»: Оқушыдан ұстазы озып тұр

13 маусым 2020, 13:47

Білім және ғылым министрі бұрынғы министрлер сияқты емес, БАҚ-та белсенді. Күн құрғатпай көрініп жатады. Басшылардың сүйікті тәсілімен ауыз толтырып уәде бермесе де, «Бүйту керек, сүйту керек», «Былай болуы тиіс» деп бітпейтін «керек» пен «тиісті» көгенге тізуге үйір. Бірақ білім жүйесі әлі шалажансар күйден арылар емес.
Әңгіме былай: Ақтөбеде мұғалімдер аттестациялаудан өткен ғой. Тест тапсыру кезінде, ешкім ойламаған қызық жағдай болыпты. Әдетте, жыл сайын болатын ҰБТ кезінде оқушылар «шпаргалка» пайдаланып, ұсталып жатушы еді. Оған етіміз үйренген. Оның үстіне, мұны баланың ісі ғой деп, кешіріммен қарайтынымыз тағы бар. Ал сол оқушыға сабақ беретін мұғалімдердің «шпаргалкамен» ұсталғанын естідіңіз бе? Естімеген елде көп. Ондай да болады екен.
Ақтөбеде сондай біртүрлі «ұрлық» болыпты. Тестілеуге қатысқан екі мұғалім сұрақтан қатты қиналса керек, «шпаргалка» пайдаланбай ма. Масқара болғанда ұсталып қалыпты. Ал бір мұғалім ұялы телефон қолданамын деп ұятқа қалады. Әлгілердің үшеуі де тестілеу орталығынан қуылып, абыройлары айрандай төгіліпті.
Ұстаздардың жеңіл жолды таңдағаны бір жағы күлкілі болғанымен, бір жағынан ойлантарлық жәйт. Біз балаларымызды сол мұғалімдерге оқытсын-тоқытсын деп берген жоқпыз ба? Мына жағдайдан кейін әрқайсымыз үйімізде өсіп жатқан ұл-қызымызға қандай ақыл айтамыз? «Біреуден көшірме», «жеңіл білім азық болмайды», «шпаргалка» пайдаланба!» деп айтып көріңізші! «Мұғалімнің түрі анау», «шпаргалка» пайдалануды солардан үйрендім!» десе, не дейсіз? Тіліңді тістегеннен басқа шараң бар ма?!
Мұның бәрі неден шығып отыр? Білім жүйесіндегі бітпейтін реформа мен оқулықтың сапасыз екенін айта-айта жауыр болды. Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров мұның бір себебін былай түсіндіріпті:
«Білім жүйесінде соңғы 10 жылда 5 министр ауысты. Жылда бір реформа. Одан не өзгерді? Сауатсыз екі ұрпақ өсіп шықты. Жыл сайынғы реформалар мен министрлердің ауысуы экономикаға да кері әсерін тигізіп жатыр. Нарыққа түк керегі жоқ мамандарды оқытып шығардық. Халықтың тұрмысы мен әл-ауқатының жақсаруына білімсіз ұрпақ, білім жүйесіндегі сапасыз реформалар кесірін тигізіп жатыр» — депті. Жөні бар сөз. Білімі мықты елдің әл-ауқаты күшті, экономикасы тұрақты болатыны бастауыштық білімі бар адамға аян шаруа.
Асылы, мұғалімнің «шпаргалка» пайдаланғаны негізінде таңданатын жағдай емес. Жақын танысымыз бар еді. Жоғары білім алмаған. Мектепті әрең бітіргенін айтып күліп жүретін. Былтыр сол жігіт қайын жұртының көмегімен Жетісайдағы әлдебір оқу орнының дипломын алған ғой. Сырттай бітірді ме, басқа жолын тапты ма, ол жағын сұрамадық. Өзі де ашып айтпады. Мектеп бітірген он шақты жылдан бері бірде құрылыста кірпіш қалап, бірде базарда арба сүйреп жүрген адам аяқ астынан дардай мұғалім болды да шықты. Өзіміз де аң-таң болып қалдық. Анау-мынау емес, биология пәнінің мұғалімі! «Биология деген не? Қайтіп сабақ беріп жүрсің?» – деп әзіл-шыны аралас сұрадық. Көңіліне кір сақтамайтын жігіт еді, ренжімеді. Биология оқулығын қолына алып: «Міне, былай!» деп, бір бетін судыратып оқып берді. Біз рахаттанып күлдік, өзі де мәз! Әлгі Ақтөбедегі масқара болып, «шпаргалкамен» ұсталып қалған ұстаздар менің осы танысым сияқтылар емес пе екен?

Жарас Кемелжан

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?