Жаздың екі айында оқушылар ғана емес, депутаттар да демалып, ауыл аралап кетеді. Айталық, шығыстағы жұрттың үкілі үмітін Елордаға Парламент мәжілісінің депутаты Нұртай Сәбилянов жыл сайын жеткізіп жүр. Біз шығыста, ұялы телефон «ұстамайтын» таулы аймақта жүрген депутатпен телефон арқылы тілдессек те, біраз мәселеге қаныққандай болдық.
Jas qazaq: Нұртай мырза, ауыл-ауылды аралап жүр екенсіз. Карантиннен кейінгі елдің жағдайын өз көзіңізбен көріп, көңілге кейбір мәселелерді түйгеніңіз анық. Жерлестеріңізді қандай мәселе көбірек толғандыратын сияқты?
Н.Сәбилянов: Шығыс Қазақстан облысының 15 елді мекенінде, яғни облыс орталығы Өскемен қаласынан 570 шақырым қашықтықтағы бұрынғы Семей ядролық полигонынан зардап шеккен Алғабас, Қайнар, Абыралы ауылдарында, Абай ауданының Қарауыл ауылында, Аягөз ауданының орталығы Аягөзде, Баршатас, Қосағаш, Бидайық, Көксала ауылдарында, Үржар ауданының Таскескен, Жоғарғы Егінсу, Үржар Мақаншы ауылдарында болдым. Халықпен бірнеше ашық кездесу өткіздім. Кездесу барлық санитарлық талапқа сай, ашық әрі шынайы болды. Тұрғындар тарапынан көптеген мәселе көтерілді.
Jas qazaq: Қандай мәселелер, жеке-жеке тоқталасыз ба?
Н.Сәбилянов: Халық көтерген мәселенің бірі – ауыл шаруашылығы жөнінде. Ауыл шаруашылығында халықтың қолы жетпей отырған дүние – жеңілдетілген несие. Мал бағамын, егін егемін деген шаруалардың қолын осы несие байлап отыр. Несие алайын десе, кепілге қоятын жылжымайтын мүлік керек. Шығыста ауылдағы үйді банктер кепілге алмайды. Одан кейін, ауыл шаруашылығына қажетті техника жетіспейді. Трактор, шөп шабатын, егін егетін, оратын техника тапшы. Өйткені қазір ауыл шаруашылығы техникалары өте қымбат. Оған қарапайым халықтың қолы жетпейді. Ауылдағы ағайын осы мәселелерді үкімет тарапынан шешуді сұрап отыр.
Jas qazaq: Әлемді алаңдатқан індет кезінде ауыл үшін ең басты мәселе – дәрі-дәрмек пен аурухана. Сіз аралаған ауыл-аудандарда дәрі жеткілікті ме? Аурухананың жағдайы ше: індетпен күресуге білікті дәрігер бар ма, базалық дайындықтары сай ма?
Н.Сәбилянов: ШҚО бойынша індеттің таралуы өте күрделі болып тұр. Аймақта індетке шалдыққан 8 мың адам тіркелген. Халық тарапынан көтеріліп жатқан мәселелерді атап айтар болсам, бірінші, медициналық көмек көрсетуге байланысты. Ауылдарда дәріханалар сол ауылдағы дәрігерлік амбулаториялар мен медпункттердің құрамында болса деген өтініштерін айтты. Өйткені қазір дәріханалар жекеменшікте, олардың керек дәрілерді сатып алуына мүмкіндік бола бермейді. Дәрі-дәрмекке халықтың қолы емін-еркін жетсе деген ұсыныстарын жеткізді. Екінші, көптеген ауруханаларда қажетті медициналық құрал-жабдықтың жоқтығы. Мысалы, ШҚО бойынша 13 ауданда компьютерлік томография жоқ екен. Көптеген елді мекендердегі жедел жәрдем көлігінің 50 пайызы ескі, тозған. Тіпті көбісі өткен ғасырда шығарылған көліктер. Үшінші, дәрігерлердің жетіспеушілігі, яғни көп ауылда дәрігер тапшы, қажетті медицина маманы табылмайды. Бірнеше ауруханада болып, дәрігерлермен кездестім, аурухананы аралап көрдім.
ПЦР анализатор Өскемен мен Семей, Риддер, Алтай, Ақжар мен Ақтоғайда ғана бар екен. Қалған аудан-қалаларда жоқ. Сонда ковидпен ауырған басқа аудан тұрғындары өзінің вирус жұқтырған-жұқтырмағанын қалай анықтайды? Зертхана іздеп жүргенде басқа адамдарға жұқтырмасына кім кепіл? Одан кейін, ШҚО бойынша өкпені жасанды демалдыратын ИВЛ аппаратының 196 данасы ғана бар болып шықты. Ал қажеттілік 600-700 аппаратқа дейін жетеді. Міне, осыдан-ақ індетке шығыстықтардың дайын еместігін көруге болады. Дәрі-дәрмектің тапшылығы маусым, шілде, тамыз айларында қатты байқалған. Қазір қалыпқа келе бастапты. Төсек орын тапшылығы да өткен айларда қат болғаны айтылды.
Індет барлық өңірде көп қажеттіліктің бетін ашты. Айталық, дәрігерлерге жағдай жасау, баспанамен қамтамасыз ету, еңбекақысын көтеру деген сияқты мәселелермен бетпе-бет келдік. Жалпы, медицина саласында көптеген реформа қажет екенін сездірді. Дәрі-дәрмек, құрал-жабдық, дәрігер мамандардың жетіспеушілігі айқын аңғарылды. Осыларды жедел шешпей халық денсаулығын жақсарта алмаймыз.
Jas qazaq: Ал халықтың күнкөрісі, жұмыспен қамтылуы, жаңа кәсіпке мамандануы сияқты әлеуметтік мәселелер алдыңыздан шыққан жоқ па?
Н.Сәбилянов: Жұмыспен қамту бойынша мәселе шаш етектен. Облысқа жұмыспен қамту бағдарламасын жүзеге асыруға 77 млрд теңге бөлініпті. Осы қаражат мектептерді жөндеуге, аурухананың жөндеу жұмысына, жол салуға, мәдениет үйлерін жөндеуге, сол арқылы тұрғындарды жұмыспен қамтуға бағытталған.
Jas qazaq: Туған жеріңіз Семей өңіріндегі кейбір әлеуметтік мәселелерді біз де өз көзімізбен көрген едік. Мәселен, кеңес үкіметінен кейін бірде-бір рет жөндеу көрмеген жол, тозығы жеткен мектеп, тоқал үйлер, ауыз суы жоқ ауылдар. Әлі сол күйінде ме?
Н.Сәбилянов: Шығыс Қазақстан облысы бойынша 300 ауылда таза ауыз су жоқ. Ауыз су мәселесі бойынша жыл сайын әртүрлі бағдарлама жасалып, миллиардтаған ақша бөлінеді. Бірақ қаражат бөлінген, сумен қамтамасыз ететін мекемелердің жасаған жұмысы өте сапасыз, құрылыс материалдары нашар. Соның кесірінен, ақша бөлініп жасалған көптеген ауыз су нысандары жұмыс істемей тұр. Тіпті кейбір ауылдардың ауыз су мәселесін шешуге бөлінген қаражат талан-таражға түсіп кеткен. Мысалы, Аягөз ауданында ауыз сумен қамтамасыз ететін 5 жобаның ақшасы тиімсіз жұмсалған. Олар – Аягөз, Мыңбұлақ, Қопа ауылдары. Соның кесірінен тұрғындар әлі күнге дейін таза су іше алмай отыр. Үржар ауданындағы Шолпан ауылы, Күршімдегі Боран ауылы, Тарбағатайдағы Тұғыл ауылдарының тұрғындары таза ауыз суға жете алмауда. Олардың бәріне қаражат бөлінген, бірақ таза су жоқ. Елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр. Бар жобаларға бюджеттен қаражат бөлінуде. Бұл мәселені біз бақылауда ұстап, қажетті қаражатты бөлуге ұсыныс жасап отырамыз.
Жол мәселесіне келсек, шығыс өңірдегі ең күрделі мәселенің бірі осы жол. Семей – Қайнар жолымен жүріп өттім. Жалпы ұзындығы 280 шақырым, республикалық маңызы бар күрежолдың бірі. Жөнделіп жатыр екен, бірақ әлі де кейбір бөліктерінің тозығы жеткен. Малгелді – Баршатас – Аягөз – Тарбағатай жолымен де жүріп өттім. Оның да 40-50 шықырымы ойлы-шұңқыр. Ауыл мен ауыл арасындағы жолдар түгілі, аудан мен қала арасындағы жолдардың сапасын айтудың өзі ұят. Мысалы, Қарауыл мен Аягөз арасындағы тасжолдан бүйрегің түсіп қалады, 50 шақырымы өте нашар. Ал облыс аралық үлкен жолдардан Өскемен – Талдықорған тасжолымен жүрдім. Екі жыл болса да жұмыс баяу жүруде. Жолаушылар, жүргізушілер осы жолды тезірек,сапалы бітірсе деген ұсынысын айтуда.Бұл жол туралы қанша жылдан бері айтылып, жазылып келе жатқанын жұрт жақсы біледі.
Jas qazaq: Жолы жоқ ауылда интернеттің болмайтыны анық әңгіме. Оқушылар онлайн оқуға қалай дайындалып жатыр? Оқулық жете ме екен? Тегін таратылатын 500 компьютерден жерлестеріңізге үлес тиіп пе?
Н.Сәбилянов: ШҚО бойынша 400 ауыл жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілмеген. Оны жасырып-жабудың, білім министріне жалған ақпарат берудің қажеті қанша? Кейбір елді мекендерде интернет бар. Бірақ қазіргі талапқа сай емес. Жылдамдығы өте нашар. Сондықтан шығыс өңірде қашықтан оқу мәселесі өте өзекті болып тұр. Ауылдар мен ауылдық елді мекендерде интернет болмаса, оқушылар қалай онлайн білім алады? Өңірдегі ұстаздар қауымы оқушыларға дәстүрлі білім бергісі келетінін айтты. Ал сол ауылдарда тұратын студенттер ше? Интернет болмаған соң, олардың да жағдайы қиын. Сондықтан қашықтан оқытуды интернет мәселесін шешіп алғаннан кейін ғана қолға алу керек деп ойлаймын. Ал әлгі тегін берілетін 500 мың компьютер мен планшетке тәуелді отбасылар бұл өңірде де өте көп. Білім министрлігі Алматы, Нұр-Сұлтан сияқты ірі қалалармен ғана шектелмей әр аудан, әр ауылда қанша мектеп бар, қанша бала мектепке барады, қай ауылдарда интернет жоқ, қанша оқушыға компьютер жетіспейді деген мәселелерді зерттеп, анықтауы керек. Олай болмаса, жалған есеп, көзбояушылықтың қажеті жоқ деп ойлаймын.
Шығыс Қазақстанда халық саны 500-ден асатын 7 ауылда мектеп жоқ. Одан басқа, көптеген білім шаңырақтары күрделі жөндеуді қажет етеді. 80 ауылдың мектебінде асхана жоқ. 100 білім ошағында спортзал жоқ.
Jas qazaq: Тұрғын-үй мәселесі ше?
Н.Сәбилянов: Шығыс Қазақстан облысы бойынша тұрғын-үй кезегінде тұрған 33 мың адам бар. Бұл жан саны аз шығыстықтар үшін үлкен түйткіл. Тіпті шалғайдағы ауылдарда тұрғын үйге мұқтаж жастардың көптігін өз көзіммен көрдім. Біз Парламентте «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша ауыл, елді мекендерде үй салу туралы мәселе көтергенбіз. Сол бағдарлама бойынша қазір шығыста баспана салынып, тұрғын-үй түйінін шешуге аз да болса жұмыс жүріп жатыр.
Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет!
Жарас КЕМЕЛЖАН