Қазір көшеде, қоғамдық көлікте смартфонсыз жүрген бала көрмейсің. Ересектерден қалыспай, шұқшиып бірдеңені қарайды да жатады. «Мынаның кіндігі телефонға жабысып қалған ба!» деп айқай салатын ата-ананың ендігі арманы – қайткенде де баласын электрондық құрылғыдан ажырату.
Содан да болар, біздің жаңашыл, «креативный» шенеуніктердің оқулық орнына планшетті пайдалану туралы жоспарын естігенде көбі өретүрегелді. Тіпті немере-шөбересі дүниеге келіп үлгермеген егде жастағылардың өзі кәдімгідей елең де алаң күй кешіп отыр.
Осы аптада Үкімет отырысында оқушылардың желісіз интернет және планшетпен қамтамасыз етілетінін цифрлық даму, инновация және аэроғарыш министрі Бағдат Мусин қуана хабарлады. Оның айтуынша, мектептегі Wi-Fi талаптары 2023 жылдың соңына қарай бекітіледі. Ал мектепті интернетпен жабдықтау жергілікті әкімдіктерге жүктеледі.
Талап бойынша, қолжетімді нүкте бір мезетте 200 құрылғының қосылуын қамтамасыз етуі тиіс. Байланыс операторларымен бірлесіп, мектептерге арналған біртұтас байланыс орталығы құрылмақ.
Министрдің жоспары «тап-тұйнақтай». Мәселен, 1-ші сыныпқа барған бала планшетті төрт жыл, яғни бастауыш сыныпты бітіргенше ұстайды. Ауыл-аймақты былай қойғанда, Алматы сияқты ірі мегаполистің маңайын сапалы интернетпен жабдықтай алмай отырған Мусин мырзаның (журналистердің «қашан интернет?» деген сауалына «кішкене шыдаңдар» деп жауап берді осы жолы) айтуынша, 2023 жылы 400-ден астам бірінші сынып оқушысы бір-бір планшетке ие болады. Ұққанымыз, мұны мемлекет жүзеге асырмайды. Мусин мырзаның мына сөзіне мән берейік: «Мұндай модельді байланыс операторлары телефон мен планшетті сату кезінде белсенді түрде пайдаланып келеді. Планшетті жалға алудан басқа, оқушыларға арнайы тарифпен мобильді интернет және планшеттің сервистік қызметіне де қаржы бөлінеді» (!). Жоспарға сәйкес, байланыс операторлары планшеттерді sim-картамен бірге ұсынады екен.
Мұны естіген байланыс операторларының алақанын шапаттап шаттанғанына күмән жоқ. Қазір ғаламторсыз қадам баса алмай қалған жұрт нарықтағы 2-3 монополистің тарифті үсті-үстіне көтеруіне мойынсұнған. Бір-екі жыл бұрын депутаттар тариф төлемінің толық бір ай емес, төрт апта сайын (28 күн) алынатынын сынға алған болатын. Оған қарсы салалық министрлік ешқандай шара қолданған жоқ. Анда-санда сапасыз байланыс үшін айыппұл салынатыны туралы доқ көрсеткені болмаса, ұялы байланыс саласында еш өзгеріс жоқ. Енді, міне, оқушыларға арналған тариф енгізуді діттеген Мусиннің соңғы шешіміне қарап, солардың күйін күйттеп отыр ма дейсің.
Айтпақшы, 400 мың планшетті қайдан алады десек, отандық өндіріске иек артатын ойы бар көрінеді.
Ал бізде планшет шығаратын өндіріс орны бар өзі?
Ақтаудағы тұңғыш қазақстандық зауыттың әшейін елес болып шыққаны есімізде. 2011 жылы іргесі қаланған зауыт бірде-бір электронды құрылғы шығармаған күйі ең соңында пластикалық қап өндіруге ойысқан. Өндіріске бөлінген қыруар қаржы тістегеннің аузында кетіп, Ақтаудың «Аққуымен» (айпадтың атауы) солай қош айтысқанбыз.
Өткен жылы Петропавл қаласында Киров атындағы зауытта ZIKComputers маркасымен компьютерлік техника өндірісінің жолға қойылғаны хабарланды. Оның жұмысы туралы басқа мағлұмат жоқ. Егер цифрландыру министрі отандық өндіріске жұмыс тауып беру мақсатын көздесе, әрине, қолдауға болар еді. Әйтсе де, планшетпен қамтамасыз ету үшін қандай да бір тендер өткізіліп, оны әлдебір компанияның жеңіп алатыны айтпаса да түсінікті. Ол компанияның көрші елге тапсырыс беріп, отандық өндіріс деп көрсетпесіне кім кепіл? Ондай да болған.
Оның үстіне бізде ноутбук немесе планшет тарату «тәжірибесі» бар. Онлайн оқу кезінде әр өңірде бюджеттен қаржы бөлініп, оқушыларды техникамен қамтудың соңы дау-дамаймен аяқталып жатты. Айталық, Атырау облысында республикалық және жергілікті бюджеттің қаржысына сатып алынған 2000 планшеттің біразының ақаулы екенін анықталған болатын. Сол кезде жарамсыз құрылғыларды негізінен ауыл мектептеріне жөнелткен.
Алматыдағы көп балалы аналар да қала әкімдігі берген планшеттердің жарамсыз екенін айтып, шағымданып еді. Коронавирус өршіп тұрғанда бүкіл қала бойынша 1,3 млрд теңгеге 22 мың планшет сатып алынып, таратылған. Оның мыңнан астамы жарамсыз болып шықты. Әрине, техниканың аты техника. Ақау болмай қоймайды. Оның үстіне планшетті ойынға емес, оқуға ғана пайдалану керек екенін мониторинг тобындағылар тәптіштеп-ақ баққан. Өйткені кейбір жауапсыз ата-ана баласының құрылғысын ломбардқа өткізіп, кейбірінің өздері пайдаланғаны да мәлім болды.
Көпшіліктің наразылығын ескерді ме, оқу-ағарту министрлігі осы мәселеге қатысты іле-шала өз мәлімдемесін жариялап тастады. Салалық мекеме «Планшет оқулықты алмастырмайды, оқушының сөмкесін жеңілдетеді» деп ақталып жатыр. Планшетке электрондық күнделік, оқулықтар, және цифрлық білім ресурстары жүктеледі дейді.
Бала пәленбай оқулықты мектепте қалдырып, үйде сабақты планшетпен оқи алады-мыс. Интернеті әлсіз аймақтарға алдын ала жүктелген контенті бар құрылғы беріледі. Қысқасы, оқу-ағарту министрлігі «планшет – оқытудың қосымша құралы, таңдау ата-ана мен оқушының еркінде» деп шегініс жасап отыр. Бұл арада бірнеше жәйтті ескерген жөн. Жақсы, оқулықтың бәрін мектепте қалдырып, үйде планшетпен оқысын. Ол техника болғандықтан, оқтын-оқтын қуаттандыруды қажет етеді. Мәселен, демалыс күндері үйінде жарық өшсе, қуаты біткен құрылғыдан не пайда? Сондай-ақ ата-ана баласын үнемі аңдып отырмайды. Ол сабақ оқып отыр ма, басқа бірдеңені қызықтап отыр ма, оны қалай бақылайды деген «жаман» ой келеді. Қалай болғанда оқулықтың жөні бөлек. Бәріміз де мектепке сөмке көтеріп барып, тасқа басылған оқулықты оқып адам болдық емес пе?
Планшет мәселесіне қатысты OYNA балалар институтының басқарма төрайымы Гауһар Киікованың айтқаны көңілге қонымды. іnformburo.kz сайтында жарияланған пікірінде ол былай дейді: «Оқулықты цифрға ауыстыруда емес, бастауыш білім беруде өзгеріс керек. Біз бұл салада дамыған елдерден 100 жыл артта қалдық. Олар зерттеу жүргізгенде мықты деген ғалымдарды тартады, зерттеуге қаржы бөледі. Сол зерттеу нәтижесіне сүйеніп әрекет етеді. Ал бізде бұл салада мықты ғалымдар жоқ болғандықтан, ең білгір ретінде Бағдат Мусин шешім қабылдайды», – дейді.
Цифрлық даму министрі балалардың оқулықтан қол үзбейтінін, мектепте оқулығын қалдырып кететін орны болатынын түсіндіріп бағады. Ол біздің мектептерде шетелдің киносындағыдай (кітаптарындағыдай) әр балада жеке шкаф бар деп ойласа керек. Кеше ғана елдегі 710 мектептің тозығы жеткені жария етілгенін, үш ауысым, тіпті дәретхана мәселесінің шешілмей жатқанын ескерсек, әр баланың мектепте жеке орны болатынына сене қоймайсың.
Қалай болғанда да, баланы планшетке «байлаудың» нәтижесі жақсы болмайтынын жаңашыл шенеунік емес, ата-ана біледі. Онда ақырғы шешімді де солар шығаруы керек.
Гүлнар Ахметова