Ақтөбе облысы. Қазақстан мен Ресей шекарасы. Бұл жерге келсең, құдды бір XX ғасырдың 60-жылдарына тап болғандай боласың. Жұпыны, жұтаң көрініс. Ол жаққа бару бұрыннан ойда болатын. Жуырда Ақтөбедегі редакциямызға оқырмандар хабарласты. Көрші елден елімізге өтіп келе жатып, адам шошырлық жайтқа кезіккен олар неліктен шекара маңындағы жағдайды әкім-қаралар реттемейді деп сауал тастады.
Ақтөбе облысының Мәртөк ауданындағы Жайсаң ауылы тұрғындарының айтуынша, қыстыгүні шекарадағы қосынға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев келіп, ел аумағына кіреберістегі дүңгіршектерді көрген. Содан кейін бірден бұл жерді бір ретке келтіру керектігін айтқан. Алайда қыс өтті, қар еріп, көктем де артта қалды. Ресей жағынан ел аумағына кіреберістегі жүдеу көрініс сол күйінде.
Оқиға орнына барып, өз көзімізбен көріп қайттық. Қалай болса солай орналасқан үйшіктер. Әсте бір жау шауып кеткен жерді елестетеді. Сол маңдағы трансформатордың сымдары төмен қарай салбырап тұрады. Адам бойымен бірдей. Жақын маңда, тіпті дені дұрыс күту залы жоқ. Күні кешеге дейін шекарада сағаттап тұратын жолаушылар әжетханаға бара алмай қиналған. Тұрғындардың айтуынша, бір күндік кеңселердің айналасына қарап-ақ, сырттан келгендер еліміз туралы жақсы ойламауы мүмкін.
Жайсаң ауылының тұрғыны Ерлан Сарболат «Қала да емес, ауыл да емес, Қазақстан деген мемлекетпіз. Шекараны өтіп, Ақтөбе облысының Мәртөк ауданы аумағынан кіре бергенде, шашырап орналасқан дүңгіршектерді көріп, ұяттан кірерге жер таппай қаласың. Мына масқараны жергілікті әкімдер неге назарға алмасқа?», – дейді.
Шекара маңында жалғыз мейрамхананы көзіміз шалды. Егесіне жолығып көрген едік. Кәсіпкер Баян Ақзамованың бұл маңнан жер телімін алып, шаруасын дөңгелетіп жатқанына 3-4 жылдың шамасы болған. Оның айтуынша, 2012 жылы жол бойындағы сервисті дамыту мақсатында дәмхана мен дүкен ашуым үшін жер телімін алған. Ақтөбе-Орынбор аралығында шекарадан 50 метрде орналасқан. Б.Ақзамова: «Рас, бастапқыда ол жердегі көріністі көріп, жерден бас тарттым. Өйткені, біріншіден, төрт-бес дүңгіршек жолды жауып тұр. Екіншіден, сымдары салбырап, трансформаторлар тұр. Қоқыс тастайтын апан жатты. Әжетхана жоқ айналада. Алайда жергілікті әкім-қаралар жағдайдың дұрысталатынын айтып, кәсібімді бастай беруімді сұрады. Кейін ол жерде тал-терек отырғызылып, шағын саябақ пайда болатынына дейін айтып сендірді. Дүңгіршектерді ысырамыз деп көндірді. Содан аудан басшылығына ғимараттың үлгісін сызып көрсеттім», – дейді.
Мәртөк ауданы арқылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі өтетіні белгілі. Болашақта шекараға апарар жол төрт жолақты болады деп жоспарланған. Аптап ыстық пен қақаған аязда жолаушылар сағаттап тұруға мәжбүр. Ал олардың жылынатын не көлеңкеде отыратын орындары болмаған. Айналып келгенде, еңкейген қариядан, еңбектеген балаға дейін кәсіпкердің дәмханасын паналауға мәжбүр.
– Мен оларды қалай кіргізбеймін?! Өткенде аяғы ауыр келіншек келді, аяйсың ғой, адам болған соң. Бір ақсақалды туыстары енді-енді өледі деп, Орынборға апармай-ақ, дәмханаға жатқыза тұруларын өтінді. Денесі көгеріп кеткен, бір бөлмені босатып, ақсақалды сонда жатқыздық. Абырой болғанда, барлығы жақсы болды, ауруханаға жеткізілді, – дейді кәсіпкер әйел.
Шекарадағы адам шошытарлық көрініс туралы, ондағы кіреберістің көркін бұзып тұрған дүңгіршектер туралы Мәртөк ауданының әкімі Нұржауған Қалауовқа хабарластық. Аудан басшысы көктемге қарай оларды басқа орынға жылжыту туралы әңгіме болғанын растады. Алайда сұрағымызға жауап бермеді.
«Бұл сұраққа менің орынбасарым жауап берсін», – деп қысқа қайырды.
Белгілі болғандай, Мәртөк ауданы әкімдігінде осы шекарадағы жайтқа қатысты бір емес, бірнеше отырыс болғанға ұқсайды. Дүңгіршек иелерін шақыртып, үйшіктерді жылжыту туралы ұсыныс жасалған көрінеді. Дүңгіршек қожайындарына ескерту де жасалған. Олар қолын қойып, келіскенде деседі.
Сақтандыру агенті отыратын тек бір шағын вагон ғана Жайсаң ауылына қарай көшірілген. Қалғандары әне көшіріледі, міне, көшіріледі деп жүргенде, облыс басшысының тапсырмасы орындалмай да қалады.
«Мамыр айының соңына дейін барлық дүңгіршек көшірілу керек болатын. Өкінішке қарай, тек біреуі орнынан қозғалды. Қыста бұл жерде қар қалың болады. Шекарашылар өздеріне тиесілі аумақты тазартады. Ал қалғандарының шаруасы жоқ. Менікі жолдан жырақта болған соң, облыс орталығынан көлік жалдап, оған майын құйып, қар аршимыз. Мына дүңгіршектердің арасынан өту қиын, трансформатордың сымдары қыста қардың бетіне түсіп тұрады. Мен кәсібімді сол үшін аштым ба? Біреу токқа түсіп өлсе не болады? Дәмханам мен дүкеніме тауар да әкеле алмаймын. Жігіттер қораптарды жолдың бойынан омбы қармен өтіп, 50-60 метр жерге дейін жаяу тасиды. Көлігімді жақындата алмаймын. Егер ашық болса, емін-еркін қарын аршып, адам секілді жұмыс істеуге болар еді, – дейді ашынған кәсіпкер.
Жайсаң ауылы тұрғындары мен кәсіпкерді облыс басшысы Б.Сапарбаевтың тапсырмасының орындалмай қалғаны қынжылтады. О баста 3-4 дүңгіршек болса, қазірде олардың саны 20 шақты. Не әжетханасы жоқ, не қоқыс салатын жәшігі қойылмаған. Ауыл тұрғыны Ерлан Сарболат, басқа-басқа, бірақ шекарада кіреберісті ретке келтіру керек, – деп отыр.
«Қазақстанға алғаш келетін меймандар бар. Шекара, кеден бекеті тек тексеру орны емес, еліміздің бас қақпаларының бірі ғой. Айналдырған ондаған гектар жерді неге дұрыстап, әп-әдемі қылып қоймасқа? Әлде бюджетте қаражат қарастырылмаған ба? Бәлкім, әкім-қаралардың сол күрке қожайындарымен өз есебі бар ма екен?», – дейді күмәнін жасырмаған ол.
Асқар Ақтілеу, Жайсаң кеден бекеті,
Қазақстан-Ресей шекарасы