Шаян браконьерлері құрықтан құтылмады

03 қазан 2023, 14:09

Браконьерлік — табиғатқа орасан зор зиян тигізетін қауіпті құбылыс. Сондықтан да елімізде табиғатқа залал келтіріп, оңай олжаға құныққандарға қарсы заң талаптары да, ымырасыз күрес те жылдан жылға күшейіп келеді. 2020 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне браконьерлік үшін жауапкершілікті қатаңдатуды көздейтін өзгерістер енгізілді. Құқық қорғау органдары табиғатқа зиян келтіретіндермен ымырасыз күрес жүргізеді. Соның айғағындай, жуырда Солтүстік Қазақстан облысында шаянды заңсыз өндірушілердің жолы кесілді.

Сулы да нулы Қызылжар өңірінде тұзды көл көп. Сол көлдер зоологияда «Артемида Салина» деп аталатын бағалы шаянға бай. Әсіресе, суының құрамы жағынан әйгілі Өлі теңізбен теңестірілетін Меңкесер көлінде осы омыртқасыздар көптеп кездеседі. Қазақстанда оны аулауға қатаң тыйым салынған. Соған қарамастан, әсіресе, күзде оңай олжаға құныққан браконьерлер шаянға шабуылды үдете түседі. Өйткені жылдың бұл мезгілінде осы омыртқасыздардың жұмыртқасын жаппай дайындау жұмысы басталады.

Облыстық Полиция департаменті хабарлағандай, Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен бірлесіп, Мамлют ауданында шаянды заңсыз аулау және оны қайта өңдеумен айналысқан топ мүшелерін құрықтады.

Құқық қорғау мекемелері тарапынан жүргізілген операция барысында биыл жазда тіркелген кәсіпорын аумағында және күдіктілердің бірінің үйінің ауласында барлығы 15 тоннадан астам сирек кездесетін шаян тәркіленді. Бұлардың 12 тоннадан астамы қайта өңделген болып шықты. Бұл — шаяндарды заңсыз өндірді деген күдік бойынша еліміздегі ең ірі көлемде жасалған қылмыс. Су жәндігін сатып, пайда таппақ болғандар табиғатқа 150 миллион теңгедей зиян келтірді.
Браконьерлерден қару-жарақ та табылды. Сөйтіп күдіктілердің бірінен 7,62 мм ұңғылы мылтыққа арналған 6 патрон, екіншісінен «ПМ» тапаншасы және оған арналған 4 патрон тәркіленді.

Айдын Қабдұлдинов, Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі:
«Бұл жайт Қылмыстық кодекстің 335-бабының «Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз алу» деген 3-ші тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Барлық мән-жайды жан-жақты зерделеуге бағытталған сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қажетті сараптамалар тағайындалды».

Табиғат қаскөйлерінің шаянға шүйлігуі бекер емес. Тұзды көлдерде мекендейтін «Артемида салина» деп аталатын омыртқасыз ұсақ жәндік желбезекаяқтылар отрядына жатады. Медицина, фармацевтика және косметология саласында пайдаланылатын өте құнды табиғи шикізат болып есептеледі. Ақуызға аса бай жұмыртқасынан дәрі-дәрмек, дәрумен, биоқоспалар және косметикалық бұйымдар жасалады. Әсіресе, Сингапур, Қытай, Малайзияда оған сұраныс мол. Қазақстанда браконьерлер шаянды астыртын жолмен шетелге асырады. Сондай-ақ, заңды рұқсатпен жұмыс істейтін кейбір кәсіпорындарда ауланған шаянның бір бөлігін жасырып, «қара базарда» саудалайды. Бұл ретте мамандар браконьерлікке қарсы күрестің бір амалы ретінде көлдерді жалға алған кәсіпорындардың қызметін бақылау болуы қажеттігін алға тартады.

Биыл Солтүстік Қазақстан облысында су жәндіктеріне қырғидай тиюдің алты дерегі анықталды. Алдыңғы жылдары Мамлют ауданындағы Меңкесерден басқа, Тайынша, Жамбыл, Уәлиханов аудандарында да қызыл шаян аулаған браконьерлер ұсталып, тиісті жазасын алды.

Роза Шәкенова,
Солтүстік Қазақстан облысы

05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді