Шарасыз ана

19 ақпан 2016, 18:04

Он бір жастағы Бағдат әдеттегідей мектептен үйіне қайтып келеді. Сарышұнақта табанынан өткен сыз – бала бойын қалтыратып жіберген. Таңнан бері нәр татпаған ол қас қарайғанша аш жүреді. Өйткені, үйдегі анасы мүгедек болып туған егіз інісінен бір елі де алшақтап кете алмайды. Бағдат та оқуынан келе, жерге төселген көрпеде қимылсыз жатқан қос бауырының былғанған киімдерін жуады. Анасына қолғабыс қылу үшін үй шаруасына араласады. 

Контейнердегі азапты өмір

Төрт баланың анасы Гүлмира Мұсаева Алматыға жақында келді. Асай-мүсейін арқалап, бала-3шағасын ертіп алып, шаһарға күйеуінен қашып келген. Ішкілікке салынған жолдасы Гүлмираға күн көрсетпей, мазасын күнде қашырыпты. Тіпті қол көтерген кездері болған. Онсыз да тағдыр тауқыметін тартқан әйел мұндай қорлыққа шыдай алмай, ешбір туысы жоқ қалаға тәуекел етіп келді. Ал кенжелері сал болып туған. Олардың буындарында жан жоқ, сондықтан әлі өздігінен жүре алмайды. Өмірге келгелі – дүниенің жарығын көрмеген. Себебі бүлдіршіндер көру қабілетінен
айырылған. «Жығылғанға жұдырық» демекші, егіздердің құлақтары нашар естиді екен. Жаратқан жасын жаулығына сүрткен анаға осындай сынақ беріпті. Арыс қаласында онсыз да жұпыны тұрған отбасы мүгедек балаларға үкіметтен берілетін жәрдемақыға күн көріпті. Үйдің отағасы жұмыс істеп, жарытпаған. Керісінше, балаларының несібесіне ортақтасып, ай сайынғы жәрдемақы берілгенде, қолға тиген ақшаны араққа жұмсап отырған. Гүлмираның бастауыш сыныпта оқитын ұл-қызы киім-кешектің жоқтығынан қара суықта бүрсеңдеп жүр. Қазір Алматыдағы «Ақкент» кешені маңындағы контейнерді жалдап тұрып жатыр. Тас суық темірден жай тапқандар мұнда 2 ай бұрын көшіп келген. Контейнер іші қапталды демесең, бөлме азынап тұр. Үйдегі суықтан қимылсыз жатқан егіздің өкпелері қабынып кеткен. Үлкен балалары да жөтеліп жүр. Шынында, байғұс әйел көшіп келген жалғыз бөлме адам тұратын жер емес. Мұнда қарапайым кір жуғыш машинасы, балалар мультфильм көретін теледидар жоқ.

Шолақ арман

Үйдің үлкені Бағдат анасын ренжітпеу үшін сабағына мұқият болғысы келеді. Бірақ інілері 2ұйқыларынан оянып кетсе, оқып отырған кітабы жайына қалады. Нашар тұрмыстан тұрымтайдай
бала болашақта кім болғысы келетінін, тіпті ойлағысы келмейді. Ал осы күйге түсірген әкелеріне сағыныштан гөрі, ызасы басым. Бағдаттың қарындасы Аяулым қазір 3-сыныпта тәлім алады. Аңыз-әңгімелер мен ертегілерді оқығанды ұнатады екен. Бірақ осы отбасындағы балалардың барлығы тұйықталып қалған. Сескеніп сөйлейді. Ал Аяулымның сынып жетекшісі өз шәкіртіне алаңдаулы. Айтуынша, өрімдей қыздың оқу үлгерімі тым нашар. Мектептегі психолог мамандар бұл қызбен бір-екі рет тілдесіп те көрген. Бірақ балпанақтай қыз шеттен қауіп бола ма? деген үреймен үнемі қорқып жүреді.
Аяулым мен Бағдаттың әзірге жаңа ортада достары жоқ. Бұлардың жұпыны тұрмысын өзгелері көріп, мазақтай ма деп қорқады.

Әттең, қолы қысқа…

Өзінің жүзін көрсетуден арланған бұл әйел Гүлмираның әпкесі. Зейнеттегі апа туысының осындай жағдайда тұрып жатқанына қатты налиды. Өзі көмектесейін десе, қаражаты қат. Үйі тар, адамы көп. Сондықтан, өз үйіне тіркеуге де тұрғыза алмай отыр. Төрт балалы ананың барар жері, басар тауы қалмаған. Алматыдағы жалғыз әпкесі әйтеуір әупірімдеп жүріп, үлкен балаларын мектепке де, емханаға да орналастырыпты. Қолынан келген бар көмегі осы. Ара-тұра келіп, кемтар балаларына болысып тұрады. Ал Гүлмира жалға алған контейнері үшін ай сайын 38 мың теңге төлеуге мәжбүр. Оның өзін дімкәс балаларына берілетін жәрдемақыдан жұмсайды.

Жомарт жандар бар білем…

Жанары жасқа толған әйел жан-жағына жалтақтаумен жүр. Жұрт қатарлы жұмыс істегісі келеді. Тек жүріп-тұра алмайтын екі баласын қараусыз қалдырып кетуге дәрмені жетпейді ананың. Сүйеу болар жарынан қайыр емес, қорлық көрген келіншек енді тек қайырымды жандардан көмек күтеді. 4Өйткені, байғұс ананың барар жері, басар тауы мүлде қалмаған. Қайын жұрты Гүлмираны қайтып алғысы жоқ. Қазір ол әпкесінің көмегімен күйеуімен ажырасуға құжаттарын әзірлеп жатыр. Арысқа
қайта барса, аман қаларына күмән келтіреді. 10 жылдан бері әйелі мен балаларына тыным бермеген еркек қайта есіре ме, – деп қорқады. Бар қалауы – Алматыға тіркеуге тұрғызып беретін адам жолықса дейді. Осы түйткіл шешілсе, үкіметтен көмек жаңбырша жауарына сенеді. Жәрдемге мұқтаж жандардың тіркеуді қайта-қайта айтуы тегін емес. Алматыдағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары, тіркеусіз қала билігінің ешқандай көмек көрсете алмайтынын анық айтты. Гүлмираға материалдық көмек те қажет. Кембағал кенжелері «Ақсай» ауруханасына тіркелгенімен, керекті еміне қаржы жетпей жатыр. Бүлдіршіндерге тұрақты массаж қабылдап тұру қажет. Жағдайларын оңалтатын дәрумендер сатып алу керек. Осының барлығы – қып-қызыл ақша тұрады. Көп жылап, жанары суалған төрт баланың анасы қайырымды жандарға сенім артады. Мүгедек балаларының ертелі-кеш жазылатынына, үлкен ұлы мен қызының еліне адал азамат пен азаматша болып өсуіне, осы қоғамда көмек қолын созатын мейірімді жандардың барына, біздің кейіпкер кәміл сенеді. Қара суықта қуықтай бөлмеде қалтыраған жандарға Жаратқан жар болғай!

Осы отбасыға қандай да бір көмек көрсеткісі келген адамдар болса, +7 701 677 88 10 телефон нөміріне хабарласса болады.

Дастан Сейілханұлы,
журналист

17 шiлде, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде