«Әрбір отбасын сақтау – Отанымыздың берік болуының кепілі. Жас шаңырақ бақыт бесігіне айналуға тиіс» деген болатын Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев.
Сонымен бірге «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында да отбасын қолдау және нығайту – еліміздің табысты дамуының кепілі деп көрсетілген. Оны орындауға, яғни халықтың лайықты өмір сүруіне заңнамалық, әлеуметтік және жан-жақты қолдауға заң тұрғысынан барынша мүмкіндіктер жасалып келеді. Өйткені, тұрақты отбасын құру, көпбалалы болу – халқымыздың санын еселеп арттырудың негізі.
Алайда қоғамдағы отбасы институтының әлсіреуі, некелесу санының азаюы мен ажырасу фактілерінің өсуі күрделі мәселеге айналды. Соңғы жылдары бұл проблема жастар арасында көбейіп бара жатқандығы жасырын емес.
Ықылым заманнан ұрпақ өрбітіп, көбеюді өсиет еткен салт-дәстүрімізді ұстануға не кедергі? Бәрін әлеуметтік жағдайға сілтей салу қисынды ма?
Біздіңше, өте маңызды проблеманың терең түбірі – жастардың тәрбиесінде, олардың ортасына байланысты сияқты.
Ажырасу кезінде ең көп зардап шегетін балалар екені шындық. Дүние-мүлік бөлісу, балалардың тұрғылықты жерін анықтау дауы, алимент, туыстық қатынастардың үзілуі сияқты мәселелердің ауыртпалығы да, моральды-әлеуметтік қиыншылықтары да жетерлік.
Толық емес отбасыда толыққанды бозбала мен бойжеткенді тәрбиелеу де оңай болмас.
Отбасы жайлы ұлттық баяндама мен ресми статистикалық мәліметтер бойынша 2015-2019 жылдар аралығында ажырасқан отбасылардың саны – 274,5 мыңды құрап, яғни жалпы тіркелген некелермен салыстырғанда, ажырасу саны 43% пайызға дейін көтерілгені байқалды. Демек, 5 жыл ішінде орта есеппен күніне 389 неке тіркелген, соның ішінде 150 отбасының шанырағы шайқалған. Бұл қоғамды ойландыруға тиіс.
Ал 2019 жылы 120 мыңға жуық адам некесін бұзса, оның әрбір екіншісі, яғни 60 мыңнан астамы (60 324 жас адам – 50,5%) 18-35 жасқа дейінгі жастар. Одан кейінгі басым бөлігі 30-34 жас (23,3%) аралығындағы жас отбасыларға тиесілі.
2021 жылғы қаңтар-маусымда 64 951 неке және 9 447 ажырасу тіркелген. Ғаламдық індетке байланысты үйлену мен ажырасу санының төмендегенін ескергеннің өзінде бұл жағдайға бей-жай қарауға болмайды. Өйткені, бізге әрбір отбасының тағдыры қымбат. Оның үстінде отбасын дамыту мен қолдаудың 2009-2024 жылдарға арналған Жол картасында ажырасу деңгейін 2023 жылға қарай 30 пайызға, 2030 жылға қарай 25 пайызға төмендету жоспарланған.
Жоғарыда баяндалған ақпараттардың негізінде ажырасу жағдайларын азайту үшін, сондай-ақ бұл үрдісті тежеу мақсатында мынадай ұсыныстар енгіземіз:
1. Орта және жоғары оқу орындарында отбасы мәдениеті құндылықтарын сақтауға, қастерлеуге бағытталған озық тәжірибені оқып-үйрету және насихаттау бойынша арнайы факультативтер енгізуді қарастыру;
2. Ажырасу жағдайында мүдделері мен құқықтары қорғалуы үшін отбасыдағы балалардың (10-18 жас) сот ісіне қатысуын қамтамасыз ету қажет. Сот алдындағы отбасылық медиация сарапшыларының жұмысын ынталандыру, ерлі-зайыптыларды татуластыру мерзімін барынша ұзарту, яғни алты айға дейін созып, олардың райынан қайтуына мүмкіндік жасаған жөн (ажырасу аз тіркелетін өркениетті елдерде аталмыш процесс қымбат әрі ұзақ рәсім болып табылады);
3. Қазақстан Президенті халыққа арнаған Жолдауында «Зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерінің шегінен асатын бөлігін тұрғын үй сатып алу мақсатында «Отбасы банкіне» аударуға рұқсат беру қажет» деп атап көрсетті. Көпбалалы отбасылар үшін де банк тарапынан ынталандыру және қолдау механизмін жетілдіру;
4. Меншік түріне қарамастан барлық мекемелерде, ұйымдар мен ұжымдарда «Мерейлі отбасы» байқауы өткізілуі тиіс. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында отбасы құндылықтарын заманауи форматта дәріптейтін ақпаратты, видео-контентті көбейту.
Халқымызда «Отан – отбасынан басталады» деген қанатты сөз бар. Әрбір отбасы мен жас шаңырақты қолдау мен қорғау ісі мемлекетіміздің демографияны жақсартудағы ғана емес, адами капиталдың сапасын арттырудағы кезек күттірмес міндеті деп санаймыз.
Некелесіп шаңырақ көтеру, ұрпақ өрбіту – арқауы үзілмеген салт-дәстүрді ұлықтау, ата-баба жолын жалғастыру. Мұны елдің, отбасы-әулетінің берекесіне айналдырған ер-азамат, әйел заты алқалауға лайық. Қара шаңырақ құндылығын құнттап, енші алып өрбудің мәдениетін сақтау – ең әуелі тәрбиеге байланысты. Бұл – барлық міндеттен де жоғары тұратын қасиетті қадам. Адам болудың, қоғам болудың, ел болудың алғышарты – осы. Рас, тұрмыс-тіршілік тақтайдай тегіс емес.
Түрлі себеппен дәм-тұзы жараспағандарды жазғырудан аулақпыз. Әлемдік абыройға ие жазушы Лев Толстой: «Барлық бақытты отбасы бір-біріне ұқсайды. Әрбір бақытсыз отбасы өзінше бақытсыз» деп бекер айтпаса керек.
Депутаттық сауалымызда бүгінде талай отбасын әбігерге салған өзекті мәселеден өзге де жайтты талдап, әлеуметке ой салдық.
Бәріміз де берекені ойлаймыз, баршамыз да ұрпақ үшін қам жейміз. Түтіні түзу үйдің еңсесі де, төрі де биік. Жаратқан жастарымызға осыны түсінетін сана бергей.
Дархан МЫҢБАЙ,
Мәжіліс депутаты,
«Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі