Денсаулығында қандай да бір ақауы бар баланың қатарластарынан қалмай, тең дәрежеде білім алуына барлық жағдай жасалуы керек. Шымкент қалалық білім басқармасының жалпы орта білім беру бөлімінің бас маманы Шахизада Шакенова инклюзивті білім беруде мүмкіндігі шектеулі балаларға қандай мамандар көмекке келетіні жайында айтып берді.
— Психолог — баланың психоэмоционалдық жағдайын бағалайды. Жеке және топтық психокоррекциялық жұмыстар жүргізеді. Ата-аналар мен педагогтерге психологиялық кеңес береді. Инклюзивті ортада баланың бейімделуіне жағдай жасады.
Сурдопедагог — есту қабілеті бұзылған балалармен жұмыс жасайды. Дыбыстарды қабылдау, айту, сөйлеу тілін дамытады. Жазбаша және ауызша тіл дағдыларын дамытады. Арнайы техникалар мен құрылғыларды қолданады.
Тифлопедагог — көру қабілеті бұзылған балалармен жұмыс істейді.
Олигофренопедагог — ақыл-ой кемістігі бар балалармен жұмыс істейтін арнайы педагог. Ол психикалық дамуы кешеуілдеген немесе әртүрлі деңгейдегі ақыл-ой кемістігі бар балаларға білім беру, тәрбиелеу және әлеуметтендірумен айналысады. Олигофренопедагог арнайы білім беру ұйымдарында (арнайы мектептер мен арнайы балабақшаларда), психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестерде (ПМПК), реабилитациялық орталықтарда, инклюзивті білім беру мекемелерінде жұмыс істейді.
Мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыру мақсатында жыл сайын білім беру ұйымдарының арнайы педагогтері мен инклюзивті білім беру процесіне қатысушы пән мұғалімдері үшін «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы, «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми – практикалық орталығы» РММ-де біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылып келеді. Соңғы үш жылда (2023-2025 жж.) арнайы және инклюзивті білім беру бойынша 845 педагог біліктілік арттыру курстарынан өтті. Ағымдағы жылы 300 педагог біліктілігін арттыру курстарынан өтті.
Бұл көрсеткіштер білім беру ұйымдарындағы инклюзивті ортада қызмет көрсетудің сапасын арттыруға, педагогтер арасында кәсіби қолдауды күшейтуге, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен нәтижелі жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді.
Мөлдір Кенжебай,
Шымкент
(Жалғасы бар)