jasqazaq.kz

Шахизада Шәкенова: Мүмкіндігі шектеулі балаларға қолайлы орта қалыптастыру тек инфрақұрылыммен шектелмейді

17 шiлде, 13:10

Шымкент қаласында инклюзивті білім беруді дамыту стратегиясы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға тең мүмкіндіктер жасауға, олардың сапалы білім алуға қол жеткізуіне және қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасауға бағытталған. Бұл бағытта қандай іс-шаралардың атқарылып жатқаны туралы Шымкент қалалық білім басқармасының жалпы орта білім беру бөлімінің бас маманы Шахизада Шакеновадан сұрастырдық. Үшінші мегаполистегі инклюзияның беталысы, кадрлық әлеуеті, әлеуметтік қолдау көрсетуі туралы осы сұхбаттан оқи аласыз.

Шахизада Абибуллақызы, инклюзивті білім беру бағытында Шымшаһарда қандай іс-шаралар атқарылып жатыр?
–Бұл бағыттағы кешенді іс-шаралар «Білім беруді дамытудың 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» мен «Шымкент қаласының білім беру жүйесін дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған өңірлік жол картасы» аясында жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Аталған стратегиялық құжаттар инклюзивті білім беру инфрақұрылымын дамытуды, кадрлық әлеуетті күшейтуді, педагогтер мен ата-аналарға әдістемелік қолдау көрсетуді және ерекше қажеттілігі бар балалардың білім алуына кедергісіз орта қалыптастыруды көздейді.
Осы стратегиялық бағыттарды іске асыру аясында қалада ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға бағытталған инфрақұрылым жүйелі түрде дамып келеді.
Бүгінде Шымкент қаласы бойынша ерекше балаларға арналған білім беру мен түзету қызметтерін ұсынатын 24 арнайы ұйым жұмыс істейді. Олардың қатарында: 1 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК); 1 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті (ППТК); 11 жеке меншік психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті (ППТК); 1 оңалту орталығы (ОО); 5 арнайы мектеп-интернат; 5 арнайы балабақша бар.
–Ерекше білімді қажет ететін балаларға қандай жағдай жасалып жатыр?
–Қала мектептерінде ерекше білімді қажет ететін балалар үшін инклюзивті білім беру инфрақұрылымы кезең-кезеңімен дамып келеді. Атап айтқанда, инклюзивті білім беруді енгізу және оны тиімді ұйымдастыру үшін № 12, 19, 24, 37, 58 және 132 жалпы орта білім беретін мектептерде арнайы инклюзияны қолдау кабинеттері ашылып, олардың барлығы заманауи жабдықтармен толық қамтамасыз етілді. Бұл кабинеттерде педагог-психологтар, логопедтер мен арнайы мамандардың қолдауымен балалардың жеке қажеттіліктерін ескеретін білім беру процесі ұйымдастырылады.
Мүмкіндігі шектеулі балалардың еркін қозғалуын және мектеп кеңістігінде кедергісіз орта қалыптастыруды қамтамасыз ету мақсатында арнайы мектеп-интернаттарда пандустар, ішкі есіктер мен санитарлық тораптар толық бейімдеуден өткізілді. Бұл шаралар балалардың оқу процесіне толыққанды араласуына жағдай жасайды.
Қалада ерекше білімді қажет ететін балалардың статистикасы бар ма?
–Бүгінгі таңда Шымкент қаласында ерекше білім беру қажеттілігі бар 13 623 бала тіркелген. Олар әртүрлі даму ерекшеліктеріне ие, нақтырақ айтқанда: ақыл-ойы кемістігінің жеңіл дәрежесі бар балалар – 760; ақыл-ойы кемістігінің орташа дәрежесі бар балалар – 77; ақыл-ойы кемістігінің ауыр дәрежесі бар балалар – 14; психикалық дамуы тежелген (ПДТ) балалар – 3 464; көру қабілетінен толық айырылған (зағип) балалар – 8; көру қабілеті бұзылған (слабовидящий) балалар – 267; қарым-қатынас және әлеуметтік өзара әрекеттесу дағдыларында бұзылыстары бар балалар (аутизм спектрі және т.б.) – 625; мінез-құлқының бұзылыстары бар балалар – 187; тірек-қимыл аппараты бұзылған (ДЦП) бар балалар – 621, сөйлеу қабілетінде бұзылыстары бар балалар – 7 310; есту қабілетінен толық айырылған (саңырау) балалар – 18; есту қабілеті төмен (слабослышащие) балалар – 272.
Аталған санаттағы балаларға олардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, сапалы білім алуы мен әлеуметтенуін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
Мүмкіндігі шектеулі балаларға қолайлы орта қалыптастыру тек инфрақұрылыммен шектеле ме?
–Жоқ, әрине. Мүмкіндігі шектеулі балаларға қолайлы орта қалыптастыру тек инфрақұрылыммен шектелмейді. Бұл салада көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, мамандандырылған көмекке уақытылы қолжетімділікті қамтамасыз ету де аса маңызды. Осыған байланысты психологиялық-педагогикалық қолдауды жетілдіру бағытында нақты қадамдар жасалуда.
Атап айтқанда, қазіргі уақытта қалада 11 жеке меншік түзету кабинеті жұмыс істеп, баланың даму ерекшеліктеріне сай жеке бағытталған қызмет түрлерін ұсынып келеді. Бұл – мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің тиімділігін көрсететін оң тәжірибе.
Бұл кабинеттерде жұмыс істейтін мамандар жеткілікті ме? Бұл салада маман тапшылығы жоқ па?
–Инклюзивті білім беруді дамыту шеңберінде кадрлық әлеуетті арттыруға ерекше назар аударылуда. Қазіргі уақытта инклюзивті білім беру саласында жұмыс істейтін педагогтердің жалпы саны – 747 маман. Оның ішінде: дефектологтар – 203, логопедтер – 306, тифлопедагогтер – 11, сурдопедагогтер – 26, олигофренопедагог – 4, ассистент-педагогтер – 197.
Олигофренопедагог? Сала мамандарының қызметіне жекелеп тоқталасыз ба? Олар немен айналысады?
–Дефектолог дамуында түрлі ауытқулары бар балалармен жұмыс істейтін арнайы педагог. Дефектолог баланың даму ерекшеліктерін анықтайды (мысалы, сөйлеу кемістігі, ақыл-ой дамуындағы кешеуілдеу, есту немесе көру проблемалары). Танымдық процестерді (есте сақтау, зейін, ойлау), сөйлеу дағдыларын, моториканы дамытуға арналған арнайы сабақтар өткізеді. Мектеп бағдарламасы бойынша оқи алмайтын балалар үшін бейімделген оқу жоспары бойынша білім береді. Баланы қоршаған ортамен, қоғаммен өзара әрекеттесуге: өзін-өзі күтуді, қарым-қатынас жасауды, өмірлік дағдыларды үйретеді. Ата-аналар мен педагогтарға баламен үйде және мектепте қалай жұмыс істеу керектігін түсіндіреді.
Логопед баланың сөйлеуіндегі ауытқуларды: дыбыстарды бұрмалауды немесе мүлде айтпауды, тұтықпаны, кеш сөйлеуді анықтайды. Логопед дыбыстарды дұрыс айтуға, сөздік қорын байытуға, грамматикалық құрылымдарды меңгеруге үйретеді. Баланың логикалық ойлауын, есте сақтауын, сөйлеу қарқынын, дыбыстарды ажырату қабілетін дамытады.
Тыныс алу жаттығулары, артикуляциялық гимнастика арқылы сөйлеу мүшелерін дамытады. Ата-аналармен және мұғалімдерге үйде қандай жаттығулар жасау керектігі туралы нұсқаулық береді.
Педагог-ассистент — ЕББҚ балаларға күнделікті сабақ барысында қолдау көрсетеді. Сабақты меңгеруге (жазуға, оқуға, тапсырмаларды орындауға) көмектеседі. Баланың өзін-өзі күту дағдыларын қалыптастырады. Мұғалімнің және мамандардың нұсқауларын орындайды.
Психолог — баланың психоэмоционалдық жағдайын бағалайды. Жеке және топтық психокоррекциялық жұмыстар жүргізеді. Ата-аналар мен педагогтерге психологиялық кеңес береді. Инклюзивті ортада баланың бейімделуіне жағдай жасады.
Сурдопедагог — есту қабілеті бұзылған балалармен жұмыс жасайды. Дыбыстарды қабылдау, айту, сөйлеу тілін дамытады. Жазбаша және ауызша тіл дағдыларын дамытады. Арнайы техникалар мен құрылғыларды қолданады.
Тифлопедагог — көру қабілеті бұзылған балалармен жұмыс істейді.
Олигофренопедагог — ақыл-ой кемістігі бар балалармен жұмыс істейтін арнайы педагог. Ол психикалық дамуы кешеуілдеген немесе әртүрлі деңгейдегі ақыл-ой кемістігі бар балаларға білім беру, тәрбиелеу және әлеуметтендірумен айналысады. Олигофренопедагог арнайы білім беру ұйымдарында (арнайы мектептер мен арнайы балабақшаларда), психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестерде (ПМПК), реабилитациялық орталықтарда, инклюзивті білім беру мекемелерінде жұмыс істейді.
Мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыру мақсатында жыл сайын білім беру ұйымдарының арнайы педагогтері мен инклюзивті білім беру процесіне қатысушы пән мұғалімдері үшін «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы, «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми – практикалық орталығы» РММ-де біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылып келеді. Соңғы үш жылда (2023-2025 жж.) арнайы және инклюзивті білім беру бойынша 845 педагог біліктілік арттыру курстарынан өтті. Ағымдағы жылы 300 педагог біліктілігін арттыру курстарынан өтті.
Бұл көрсеткіштер білім беру ұйымдарындағы инклюзивті ортада қызмет көрсетудің сапасын арттыруға, педагогтер арасында кәсіби қолдауды күшейтуге, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен нәтижелі жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді. Осындай оң өзгерістерге қол жеткізу мақсатында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры «Табалдырықтан табалдырыққа дейінгі қолжетімді орта» атты қайырымдылық жобасын іске асыруда.
Атап айтқанда, Қор тарапынан Шымкент қаласындағы 25 мектепке 50 шынжыр табанды көтергіш орнатылды, бұл білім беру мекемелерінің физикалық қолжетімділігін едәуір арттырды:
— 50 шынжыр табанды көтергіш орнатылды (әр мектепке 2 бірліктен);
— көтергіш орнатылған ғимараттарда пандустар мен арнайы белгілер жаңартылды;
— мектеп ішіндегі қозғалысты жеңілдету үшін кең есік ойықтары мен бейімделген санитарлық тораптар қарастырылды.
–Білім беру жүйесін цифрландыру қалай жүзеге асырылып жатыр?
–Білім беру жүйесін цифрландыру – инклюзивті ортаны тиімді басқарудың тағы бір маңызды бағыты. Осы орайда, 2025 жылдың І тоқсанында «Цифрлық ұстаз» жобасы аясында Шымкент қаласындағы 24 мектептің ішінде 4 мектепке директордың ақпараттандыру ісі жөніндегі орынбасарлары тағайындалды, ал қалған 20 мектепте бұл функцияны оқу ісі жөніндегі орынбасарлар атқаруда.
Аталған жоба аясында тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 8–11 сынып оқушыларына арналған қолдау шаралары іске асырылып отыр. Атап айтқанда, 2024–2025 оқу жылының І және ІІ тоқсанында оқушылар EduCon онлайн платформасы арқылы математика, физика, химия, биология және Қазақстан тарихы пәндері бойынша тестілеуден өтті. Бұл нәтижелер 3-тоқсандағы тоқсандық және жиынтық бағалау көрсеткіштерімен салыстырмалы түрде сарапталып, оқушылардың білім сапасына кешенді талдау жүргізілді.
Тығыз жұмыс кестеңізге қарамай сұхбат бергеніңізге рахмет, жұмысыңызға сәттілік тілейміз.

Сұхбаттасқан Мөлдір Кенжебай
Шымкент қаласы

20 тамыз, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы басты назарда
20 тамыз, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда
19 тамыз, 12:15
InEco Fest 2025: Алматыда экология, инклюзия және қала мәдениетін біріктірген фестиваль өтті
19 тамыз, 11:59
Музыка – жасөспірім жанының айнасы
18 тамыз, 14:54
Заманауи аппараттардан – жақсы нәтиже
16 тамыз, 12:34
Шымкент: Жарты жылда 1181 ерекше бала оңалтудан өтті
15 тамыз, 12:19
Биғайша Нұрғазинова: Ерекше балалар қоғамға кірігуі тиіс
10 тамыз, 21:15
Түркістан: Абайдың сөзі – рухани құндылықтың алтын қазынасы
09 тамыз, 15:04
Бахадыр Мәдәліұлы: Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету – мәслихат пен партияның ортақ міндеті