Осы аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров елімізде мемлекеттік сапармен болып қайтты. Келіссөз барысында мемлекет басшылары стратегиялық әріптестік пен одақтастықты одан әрі нығайту келешегін талқылады. Өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Ақорда резиденциясында Қырғыз Президенті Садыр Жапаровты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Екі елдің мемлекеттік әнұраны орындалғаннан кейін Құрмет қарауылы ротасының бастығы Қазақстан мен Қырғызстан президенттеріне рапорт берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровтың президент ретінде алғашқы мемлекеттік сапарын Қазақстаннан бастағанының маңызы зор екенін атап өтті.
– Бұл Қазақстанға деген үлкен құрмет. Сапарыңыздың рөлі, мағынасы айрықша деп айтуға болады. Себебі бұл сапар екі ел арасындағы қарым-қатынастарға үлкен серпін береді. Біз бүгін ең өзекті мәселелер бойынша пікір алмасамыз. Құдай қаласа, екі халықтың мүддесіне сай тиісті келісімдерге қол жеткіземіз деп ойламын, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қырғыз байланыстары арасында дәстүрлі достықтың бар екеніне, сондай-ақ Қырғызстан – еліміз үшін тек одақтас қана емес, бауырлас мемлекет екенін жеткізді.
Өз кезегінде Қырғызстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанға мемлекеттік сапармен шақырғанына ризашылығын білдірді. Садыр Жапаров екі ел арасындағы қарым-қатынастардың терең екенін сипаттай отырып, қазақтың белгілі ақыны Жұбан Молдағалиевтің поэмасынан үзінді келтірді:
– Мен қазақпын, қырғыз ол – туысқаным, Бірге тартқан тарланның құйысқанын. Анамыз да қаракөз бір қыз, бәлки, Бөліп берген егізге уыс нанын.
Кездесу барысында екіжақты стратегиялық серіктестіктің ауқымды мәселелері, атап айтқанда, саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, су-энергетикалық, коронавирус індетіне қарсы бірлескен шаралар, мәдени-гуманитарлық бағыттар, еуразиялық интеграция және көпжақты құрылымдар аясындағы байланыстар талқыланды.
Шағын және кеңейтілген құрамдағы екіжақты келіссөздердің қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров бұқаралық ақпарат құралдары үшін бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді.
– Қырғызстан – біз үшін одақтас мемлекет, тату көрші, бауырлас ел әрі сенімді серіктес. Саяси, экономикалық, гуманитарлық және әскери-техникалық салалардағы мүддеміз ұқсас. Осы уақытқа дейін екі ел арасында 180-ге жуық құжатқа қол қойылған. Біз бүгін де бірлескен мәлімдеме қабылдап, бірқатар маңызды келісімшартқа қол қойдық. Қазақстан мен Қырғызстан Еуразия экономикалық одағы аясында белсенді әрекет етуде. Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау үшін ауқымды жұмыстарды бірге атқарып келеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келіссөз барысында коронавирусқа қарсы бірлескен жұмыстар талқыланды. Қазақстан қырғыз халқына кезекті гуманитарлық көмек ретінде медициналық құралдар мен дәрі-дәрмек жолдауға дайын екенін растады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қырғызстанның қарулы күштеріне әскери-техникалық көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Қырғызстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі және көш бастаушы инвесторларының қатарына кіретінін жеткізді.
– Біз соңғы 15 жылда бұл елге 1 миллиард доллардан астам қаржы құйдық. Қазақ инвесторлары қырғыз экономикасының маңызды салаларын өркендетуге, әлеуметтік ахуалын жақсартуға қомақты үлес қосып келеді. Жаңа жұмыс орындарын ашып, өндіріс секторы мен қаржы нарығын дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Осы орайда біз өзара инвестицияларды қолдауға және қорғауға келістік, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы сауда кедергілерін азайту, екі елдің кеден және салық органдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, олардың жұмысына цифрлық технология енгізу жөнінде келісім жасалғанын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің экспорттық әлеуетін нығайтып, шағын және орта бизнес арасындағы байланыстарды кеңейту үшін жақын арада Қазақстан делегациясы Қырғызстанға арнайы сапармен баратынын атап өтті.
Келіссөздердегі тағы бір өзекті мәселе – су-энергетика саласындағы ықпалдастық.
– Атап өтетін жәйт, бүгінде Шу және Талас өзендерінің аңғары бойынша ықпалдастығымыз көптеген елге үлгі болып отыр. Мемлекетаралық су шаруашылығы нысандарын пайдалану жөніндегі бірлескен комиссиямыз бар. Қазақстан бұл нысандарды жөндеу және пайдалану жұмыстарына жыл сайын қаржылай көмек көрсетіп отыр. Соңғы он жылда осы мақсатқа 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлдік. Біз аталған мәселе бойынша жұмысты екіжақты форматта, өңірдегі басқа да әріптестерімізбен жалғастырамыз. Өзендер бойынша біз өзара тиімді іс-қимыл жасауымыз керек. Сонда ғана ешқандай келіспеушілік болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттер Қазақстан мен Қырғызстанның мәдени күндерін өткізу жөнінде уағдаласты.
Бішкекте Абайға, Нұр-Сұлтан қаласында Манас пен Шыңғыс Айтматовқа арналған ескерткіштер бой көтереді.
Мемлекет басшылары екі елдің бауырластық және тату көршілік қарым-қатынасын дамыту мен нығайтудағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атқарған тарихи рөлін, сондай-ақ оның Орталық Азиядағы өңірлік кооперацияны дамытуға қосқан орасан зор үлесін айрықша атап өтті.
Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров қонақжайлық көрсеткені үшін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа және барша қазақ халқына ризашылығын білдірді.
Садыр Жапаров Елбасымен кездесіп, Назарбаев орталығындағы экспозицияларды аралап көрді. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Садыр Жапаровты Қырғызстан Президенті болып сайлануымен құттықтады.
Елбасы тәуелсіздік жылдары бауырлас екі ел арасында қол жеткізілген ынтымақтастық пен серіктестіктің жоғары деңгейін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан мен Қырғызстан президенттері арасындағы келіссөздердің нәтижелі болғанына тоқталып, бизнес байланыстарды күшейтудің және экономикалық қатынастарды нығайтудың маңыздылығын айтты.
Өз кезегінде Садыр Жапаров Қазақстанның Тұңғыш Президентіне екі ел арасында байланыс орнату және нығайту жолындағы жасампаз еңбегі үшін алғысын білдірді.
– Сізді Орталық Азияның көшбасшысы ғана емес, сондай-ақ әлемдік деңгейдегі беделді саясаткер ретінде де құрметтеймін! Сіз біздің халықтарымыздың достығы мен ынтымақтастығын арттыруға зор үлес қостыңыз, – деді Қырғыз Республикасының Президенті.
Талап Тілеген