Сексен жылдан кейінгі сұрау: Алматыдағы стратегиялық нысанды сүру кімге тиімді?

13 қараша 2020, 12:16

Елбасы ашқан логистикалық хаб құрдымға кетудің алдында. 2020 жылдың 27 шілдесінде азаматтық істер бойынша Алматының сот алқасы осыдан бес жыл бұрын жұмысын бастаған Орталық Азиядағы ең ірі логистикалық кешенді сүру туралы шешім шығарды. Оған басты себеп – Қорғаныс министрлігінің арызы. Олар осыдан 80 жыл бұрынғы Қазақ КСР Халықтық комиссарлар кеңесінің құжатын негізге ала отырып жерді даулаған. Карантинде бар Алматының азығы мен дәрі-дәрмегін қамтамасыз етіп отырған стратегиялық нысанның басына аяқ астынан неге қара бұлт үйірілді? Көп функционалды хабты құртудың салдары жергілікті халыққа қалай әсер етеді? Jas qazaq редакциясы мәселенің мән-жайына тереңінен үңіліп көрді.

Күнделікті дүкендерге жеткізілетін азық-түлік, дәріханалар сөресінде толассыз толығып жатқан медициналық препараттардың қайдан келіп жатқаны жөнінде бір сәт ойланып көрдіңіз бе? Шетелден ел шекарасына өткен тауардың алдымен, қайда сақталып, сұрыпталатынын білесіз бе? Республикадағы ең ірі мегаполистің қажеттілігін үздіксіз қамтамасыз етуге кім жауапты? Бұл маңызды міндеттің жүгін 2015 жылы Алматыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев телекөпір кезінде ашқан GEGA логистикалық кешені арқалады. Жоба мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асты. Республика бюджетінен 4,5 млрд теңге де бөлінді. Мұндай халықаралық стандартқа сай заманауи қойма Орталық Азияда біреу ғана. Орталық ашылғаннан бері жоғары санаттағы мыңнан астам маманды жұмыспен қамтыды.

Енді келіп бес жыл жемісті жұмыс істеп тұрған орталықтың Алматы қалалық сотының ұйғарымымен «сүрілсін» деген шешімі шыққанда, бәрінің төбесінен жай түскендей болды. Бірінші кезекте мынадай аумалы-төкпелі уақытта мыңнан астам адам жұмыссыз қалады. Кешен қызметін пайдаланатын ірі компаниялардың өнімін сақтайтын басқа балама қоймасы болмайды. Бұл тізімге осында арнайы температурада сақталатын шаһардың негізгі дәрі-дәрмек қорын қосыңыз. Осы орайда ешкім мекен етпейтін аралға түскен үш адам туралы анекдот ойға оралады. Олар үй тұрғызып, егін егіп, енді орамыз деп жатқанда қайдан сау ете қалғаны төртінші адам келіп «мен осы жердің учаскелік полицейі боламын» деп састырыпты. Логистикалық кешеннің жағдайында әскерилер келіп әлекке салды. Қорғаныс министрлігі орталық орналасқан телім 1940 жылғы құжат бойынша өздеріне тиесілі екенін алға тартқан. Сонда бақандай сексен жыл бойы оны дауламай айға қараған ба? Алып құрылыс басталғанда министрлік неге мән бермеген?
Олар 1940 жылдың 17 мамырында Қазақ КСР Халықтық комиссарлар кеңесінің шешіміне сүйеніп отыр. Онда Түркістан әскери округіне казарма құрылысын бастауға 477 гектар жер бөлу туралы бұйрық бар. Содан бері ғасырға жуық уақыт өтті. Кеңес үкіметі құлады. Қазақстан Тәуелсіздік қазығын қақты. Бірақ қорғаныс министрлігінің айтқанынан қайтқысы жоқ. «Ештен кеш жақсы» дегені ме, стратегиялық нысан болса да оны сүріп, қайтарып алуға мүдделі. Қойма жанында әскерилердің әуе базасы бар. Сондағы ұшақтардың ұшып-қонуына кедергі келтіреді дегенді желеу еткен.

Қорғаныс министрлігі Заң департаментінің бөлім бастығы Әлжан Ахматуллин бізге уәжін былайша жеткізді:

«Арыз-шағым бойынша бірнеше рет сот шешімі шықты. Дегенмен 27 шілдеде Алматы қалалық соты жауап берушілерді үш ай мерзімде жерді босатуды және құрылысты бұзуды міндеттеп нақты шешімін шығарды. Өздеріңіз куә болғандай, әскери нысандарға нормативтік құжаттарды бұзу арқылы жақын орналасқан ғимараттар мен құрылыстардың соңы неге әкеліп соғарына бәріміз куә болғанбыз. Ұшу-қону жолағына жақын орналасқан тұрғын үй «Бек Эйр» ұшағының апатына себепкер болды. Соның салдарынан адамдар қаза тапты». Бір жағынан, министрліктің қауіпсіздікті ойлап, алаңдауы заңды. Бірақ салдармен күресуден бұрын оның алдын алуды о бастан әкімдік, я басқа министрліктермен ойластыруға болмай ма? Арыстағы жарылыс, «Бек Эйр» апатынан кейін олар шолақ белсенділікке салып, енді мемлекеттің ақшасына салынған алып нысанды сүріп тастаудан да тайынбай тұр. Әйтпесе, 2005 жылы әуе базасы жанынан логистикалық кешенге жер бөлінгенін білді. Қызу құрылыс басталғанын көздерімен көрді. Үлкен хабтың жұмысы қалай жүріп жатқанына да куә. Экономикалық тұрғыдан маңызды орталықтың көзін жоюдан не ұтамыз? Осы жағын бағамдағандар бар ма?

Өз кезегінде логистикалық кешен 2005 жылы Алматы әкімдігінің 15 гектар жерге берілген рұқсат құжатына сүйенеді. Сол кезде мемлекет қазынасынан 4,5 млрд теңге бөлінді. Жоба сәтті аяқталып, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ашылу салтанатына куә болып, іске қосты. «А» санатындағы мұндай көп функционалды кешен әлі күнге дейін Қазақстанда жалғыз. Мұнда қоймалардан бөлек, кеден аумағы орналасқан, яғни шетелден жүк көліктерімен келген тауар осында тексерістен өтіп, әрі жөнелтіледі. Логистикалық кешен директоры Әсел Сергенова бізге берген сұхбатында іштегі кіжілін ақтарды. Бір түсінбейтіні, қорғаныс министрлігі 80 жыл бұрынғы құжат негізінде қалайша сотта ұтып, олардың жеріне таласып отырғаны: «Қорғаныс министрлігі «бұл жер біздікі» деп өз құқығын 80 жылдан кейін бір-ақ айтып жатыр. Оларға сол кезде 477 гектар жер бөлініпті. Бірақ әлі күнге дейін нақты шекара белгіленбеген. Осы құжат негізінде олар сотта жеңді. Мынадай пандемия кезіндегі қиын уақытта бұлайша кешенді сүре салу қиянат қой».

Сот шешімі карантин тырнағын батырған қиын кезде шықты. Оны естіген соң, нәпәқасын тауып жүрген мыңнан астам адамның мұңы ұлғайды. Нысан сүрілсе, бәріне бірдей екі қолға бір күрек табылмайтыны түсінікті. Егер балама осындай логистикалық кешен болса, жарасы тез жазылар деуге келер еді. Бірақ жоқ қой. Коронавирус қауға тиген оттай қайта өршіп бара жатқанда дәрі-дәрмектен тұрғындардың тарықпауы да басты талап. Ал оның негізгі қорын сақтап, жан-жаққа жөнелтетін нысан жермен-жексен болса, салдары неге әкеліп соғатынын сараптағандар бар ма? Әзірге билік министрлік пен хаб арасындағы дауға араласпады. Логистикалық кешеннің ендігі үміті – ел Президентінде. Араша түсіп, қорғаныс министрлігінің қырғидай тиюіне тоқтау қояр деп сенгілері келеді. Сол себепті де, соттың «сүрілсін» деген шешімі шықса да шырылдап, жұртқа жария етіп, әділдік іздеп жатыр. Бұл мәселеде «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмейтін» жол табу дұрыс-ақ. Әйтпесе, бүлдіру оңай. Бүлдіріп алып, кейін «қателесіппіз» деп өзгелерді күлдірмесек болғаны…

Асқарбек Қазанғап

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?