Саяжайдан сән кетті

15 сәуiр 2016, 14:58

Елден көшіп келгелі Есенбай өз тілімен айтқанда «екі қолын жылы суға малып» жетісіп-ақ қалды. Қаладағы пәтері екі бөлмелі болса да тәп-тәуір. Асты тақтай, үсті тақтай, ортасы шылдырмақтай. Ыстық суы, суық суы ағып тұр. Түтінге қақалып, күлге көміліп отын жақпайды. Тағы бір ғажабы ауылдағыдай бозала таңнан тұрып, есік алдын сыпырмайды. Қорасында тауық үшінші шақырғаннан-ақ мөңіреп, жарты ауылды басына көтеретін сынық мүйіз қара сиыр жоқ. Тамаша. Бірақ сағыздай созылып, күн өтпейді екен.

Ауылда тұрғанда етті қыстыгүні, соғым сойғанда жейтін. Көрші-қолаң, көңілі жақындар омыртқаға шақыратын. Ал жаз бойы тауықтың артын аңдып, жұмыртқаны ас қылатын. Көкөніс дегеніңіз – әлдебір үлкен той болғанда ғана тісіңе тиетін. Қалалық жерде олай емес екен. Кенже келін баласына ананы жегім келеді, мынаны жегім келеді деп қыңқылдайтын көрінеді. Басында жерік пе? – деп ойлаған. Баласына ойын-шынын араластырып айтатын. Ойпырым-ай, бағзы заманның келіндері арыстанның бүйрегіне, жолбарыстың жүрегіне жерік болады екен. Бүгінгінің балалары былжыраған қызанаққа жерік болады. Сосын да балалардың былжырап қалғаны. Баласы мұндай әңгімені жаратпайды. Қабағын түйіп, кіржің ете түседі. Күнде сатып алайын десе, қаражат жоқ. Қазір Көкшетауда қызанақтың келісі 800 теңге, қиярдың келісі 600 теңге тұрады. Жаңа жылдың алдында мың теңгеден асып кеткен.
Есенбай енді төрт қабырғаның ішінде теңселіп, қол қусырып қарап жүргенше, қаланың тап іргесіндегі саяжайлардың біреуін алып, жаз бойы көкөніс өсірмекке бекінген. Қызанаққа құмар келінін қарық қылмақ. Жесін бір, сумен емес, атасының маңдай терімен өскен көкөністі. Әркімнен сұрап көрсе, оның да машақаты толып жатыр екен. Ең бастысы, саяжайларда судың жоқтығы. Әр машинасын пәленбай мың теңгеден сатып аласың. Соған сай бөшкең болуы керек. Онда да су көп шыдамайды. Күн ыстықта борсып кетеді. Көзің тайып кетсе, көршің шелегін сылдырлатып келіп, жиендік жасауы әбден мүмкін. Электр қуаты да жоқ. Жергілікті баукеспелер бағанасын құлатып, сымын металл алатындарға өткізіп жіберген. Ертеректе әр саяжайға темір тұрбалардан құбыр тартылған екен. Сол құбырлар арқылы жүгіріп су да өтіп тұрыпты. Дәл қазір ол құбырлар Қытайдың бір жерінде жатқан шығар. Әлде балқытылып, өзге бір бұйым болып, өзімізге қайтып келе жатыр ма екен.
Көкшетауда Зеренді, Краснояр және Рузаев бағытындағы тасжолдың қос қапталын жағалай орналасқан саяжайлар бар екен. Олардың жалпы саны – 23665. Дәл қазір осы саяжайлардың 60,9 пайызы қаңырап бос тұр. Арамшөп өсіп кеткен. Алаботаның сабағы құтты қарсақтың құйрығындай бұлғаң-бұлғаң етеді. Саяжайдың басына салынған үйлердің көпшілігі қиратылған, кейбірінің жұрты жатыр, кейбірінікі жартылай бұзылған. Краснояр селосы бағытындағы «Приборостроитель» саяжай кооперативінің төрағасы Юрий Агафонов саяжай мәселесімен барған Есенбайға біраз әңгіме айтты.
–Көкшетау қаласында бағбандықпен айналысатын адам, оның шын мәніндегі хас шебері жоқ деуге болады. Біз әлі күнге дейін бағбандықты айтулы кәсіп, тамаша мамандық деңгейіне көтере алмай жүрміз. Шетелде бағбан болып, кілең күш-қайраты тасыған жап-жас қыздар мен жігіттер еңбек етеді екен. Ал бізде жер таянған кәрі-құртаң. Қазір жұмыссыздық жайлаған уақытта бағбандықты үйретіп, жастарды тартсақ, тым болмағанда өздерін өздері асырайтын дәрежеге жетер еді. Біздің аймақта көкөністің талай түрін өсіруге болады. Саяжайларды ел тастап кеткен соң осының басында бір тәртіп орната алмай, жігерім құм болып жүр. Өйткені, ортақ ақша жинау керек. Ақша болса электр қуатын тартатын бағаналарды орнатып алар едім,– дейді кооператив төрағасы.
Есенбай осы жерде қар кеткен соң саяжайына келген Көкшетау қаласының тұрғыны Бақыт Ахметовамен жолықты. Оның айтуына қарағанда, осы бір өзі үшін сүйікті іспен 1997 жылдан бастап айналысады екен. Қазір бес бірдей саяжайы бар. Ресейге көшкен көршілері сыйлап кетіпті. Саяжайда алма, алмұрт, қара өрік, шие, құлпынай, әртүрлі қарақат пен жидек өседі. Оның үстіне картоп пен қызанақ, ақ желкен, қырыққабат, қияр, сәбіз, сарымсақ және басқа да көкөністерді отырғызады. Құлпынай жаз жайлы болса, 4-5 рет өнім беретін көрінеді. Тіпті қарашаның соңына дейін жемісін жинауға болады.

2
– Осындағы жұрттың бәрі өзге ұлт өкілдері еді, – дейді Бақыт Ахметова, – мына бір арада екі-үш қазақ болды. Олар тек картоп қана егетін. Оның өзінде әлгі көршілерімізді көктемде бір-екі күн көрген соң, күзге дейін көрмейтінбіз. Күзді күні қайсысының картоп, қайсысының арамшөп екенін айыра алмай, күректеріне сүйеніп тұратын. Солар үшін мен ұялушы едім. Соңғы кезде олар да картоп екпейтін болды.
Жеміс-жидек шыққан соң саяжайға біржола көшіп алу керек. Әйтпесе күн сайын келіп, көз қырыңды салу керек екен. Облыс орталығы болған соң жұмыссыздар, тіпті белгілі тұрақ-мекені жоқ қаңғыбастар көп. Жаңағы арамтамақтар жеміс-жидек піскен кезде белдеріне шелектерін байлап келіп, құтты бір нағашылары егіп, құлағынан тартып шығарып қойғандай теріп алып кетеді. Есіл еңбегің сонымен тәмам.
Есенбай мұнан соң Зеренді бағытындағы саяжай кооперативіне барған. «Светлый» саяжай кооперативінің төрайымы Галина Багрянцеваның айтуынша, кейбір пысықтар саяжайда үй сала бастапты. Кәдімгі тұрғын үй. Өйткені, қалада жер қымбат, ал мұнда су тегін. Қазір отыз отбасы тұрады екен. Бұл жерде де кәдеге аспай жатқан саяжайлар толып жатыр. Олардың иелері 20 жылдан астам уақыт бойы жермен жұмыс істемесе де, күндердің-күнінде сатып, пайда табамыз ба? – деп ешкімге бермей отыр. Егер өздері пайдаға асырмайтын болса, жерді бос жатқызбай, алып қойып, шынымен айналысатын адамға берген дұрыс болар еді. Бірақ Көкшетау қаласы әкімдігінің саяжай мәселесіне сығалап болса да, қарайтын уақыттары, әлде құлқы жоқ.
Кооператив төрайымының айтуынша, өткен жылы электр қуатын «Родник» саяжай кооперативінен сатып алған. Биыл олар бізден бас тартып отыр. Өз алдымызға трансформатор сатып алу үшін екі миллион теңге қаражат керек, – дейді.
Мәселенің мәнісі Есенбайдың түсінігінде мынаған саяды. Саяжай кооперативтерінде мәселе әбден қордаланып қалған. Оны шешу кооператив төрағаларының қолынан өлсе де келмейді. Бұл арада қалалық әкімдіктің заңды шешімі керек. Ең бастысы, пайдаға аспай жатқан 14,4 мың саяжай мәселесі шешілсе, елден келген Есенбай сияқты тырбанып, тіршілік ететіндерге берілсе, басында адам болған соң ұрлық-қарлық азаяр еді. Ортақ ақша жинап су, электр қуаты мәселелерін шешер еді. Төңіректің бәрі бал араларынша тырбанып тірлік істесе, жалпыға ортақ мәселе шешілмегенде қайда барар дейсің.
Бір күн бойы Көкшетау қаласының төңірегіндегі саяжайларды аралаған Есенбай келінінің қызанақты оңайлықпен жей алмайтынын түсінді. Бұрын да онша құштарлығы жоқ еді, қазір, тіпті қызанақ деген сөзді естісе, қызарып кететін болып жүр.

Байқал БАЙӘДІЛОВ

17 шiлде, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде