Сауытбек Әбдірахманов: Нан жабуды ұмыттық

09 тамыз 2016, 16:06

juy«Жалқаумыз. Ауыл тұрғындары күнделікті тұтынатын заттардың бәрін сатып алады. Нанға дейін. Нан жабуды да ұмытты. Қыз бала болсын, ұл бала болсын, осыдан барып жалқаулыққа ұрынады. Жазда шабындықта болып, күзде мақта теріп көрмеген. Маңдай терін төгіп, еңбек етпеген бала ертең қандай азамат болып шығады?». Мәжіліс депутаты, Парламент Мәжілісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Сауытбек Әбдірахманов Оңтүстік Қазақстан облысына ат басын бұрып, қала тұрғындарымен кездескенде осылай деді. Көкейлерінде күпті болып жүрген, әбден толғандырған мәселелер төңірегінде тұрғындардың пікірін тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Өз кезегімізде депутат мырзамен біз де сұхбаттасып қалудың ретін тапқан едік.

Жас қазақ: Сізді жұртшылық, әсіресе жерлестеріңіз «Егемен Қазақстан» газетінің басқарма төрағасы ретінде жақсы біледі. Айтыңызшы, журналист пен мәжіліс депутатының арасында айтарлықтай айырмашылық бар ма?
Сауытбек Әбдірахманов: Әрине, халық қалаулысы болып қызмет ету үлкен жауапкершілікті жүктейді. Жұрт айта беретін «ұйқыдағы» депутат болуды кім жақсы көреді дейсіз? Оңтүстік өңіріне, туған жеріме келерде көп ойланып, толғандым. Мақсат – жалаң насихат жетегінде кетпей, халық ойланатын, халықтың жүрегінен орын табатын, ұлт татулығын дәріптейтін көңіл дәптерін парақтауды жөн көрдім. Өзіңіз байқаған боларсыз, қала тұрғындарымен кездесу өте қызықты, биік парасат аясында өтті. Көзі ашық, сауатты тыңдармандардың әр сала бойынша қойған сұрақтары, көңілі алаң ой-пікірлері, айтқан уәждері көкейіме қонды.

gfg
Жас қазақ: Халықтар достығы, қоғамдық келісім, татулық, бірлік, этномәдени бірлестіктердің қоғамдағы орны өзекті мәселе екені даусыз. Осы тұрғыда ой-пікіріңізді таратып өтсеңіз?
Сауытбек Әбдірахманов: Оңтүстік өңірінде салауатты өмір қалыптасып жатқанына қуаныштымын. Мәжіліс депутаттары арасында «Ақжол», Коммунистік партияның да өкілдері бар. Әр партияның көзқарасы, ұстанымы, бағдарламасы, бір-біріне ұқсамайды. Дегенмен, түптеп келгенде, мақсат-мүддесі бір. Олар да елде тыныштық болғанын қалайды, қоғамдық келісімдердің жақсаруына мүдделі. Қазіргі қиын жағдайда, экономикалық шиеленіс кезінде достық, татулық, бірлік деген ұғымдар аса қажет. Ол қай кезде де керек. Әлемдегі әлемтапырақ оқиғалар кезінде оның рөлі бұрынғыдан да күшейе түспек. Қазір қиын жағдай қалыптасып отыр. Ең жақсы тұратын, барлық жағдайы орындалған үйден де бір сотқардың шығуы мүмкін. Сонау алпысыншы жылдардағы халықтар достығы өз нәтижесін беріп, егеменді еліміз тұсында да қызметін жалғастырды. Енді мұны жайдақ ұран ете қоймай, бұрынғыдан да шарықтата түсуіміз керек. Әлемдік экономикада іркілістер бар. Мұның өзі сайып келгенде, ел экономикасына елеулі өзгерістер әкелді. Өздеріңіз білесіздер, Еуропадан 15 жыл бойы ескі көлік тасыдық. Олар тоза бастаған көлігінен құтылды. Түптеп келгенде, мұның бәрі елге кері әсерін, зиянын тигізіп, жалақы, салық азайды. Мұнай бағасы көтерілсе, жағдайымыз жақсарып, төмендесе, қиындайтын халге де душар болып отырмыз. Мұны жақсарту, қалыпқа келтіру жұмыстары атқарылуда. Міне, осындай алмағайып заманда басты байлығымыз, достығымыз, татулығымыз қоғамдық келісім жөніндегі жүрек толқытар әңгімелердің қадірі арта түседі. Сондықтан, жүрегіміздегі достықты бұрынғыдан да еселеп, қастерлей біліп, ең алдымен Абай атамызды  «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген сөзінен бастағанымыз жөн. Бұрынғы кеңес дәуіріндегі «халықтар достығы» деген штамптан шығуымыз керек. Адамды адам ретінде жақсы көріп, ол менің бауырым деп түсіну парасаттылықтың белгісі. Әр адамға «қазақстандық» деген көзқарас қалыптастырып, содан кейін барып қана қазақ, өзбек, орыс, ұйғыр деп қарасақ, біздің отаншылдығымыз, патриоттығымыз шынайы болады.
Жас қазақ: Сот жүйесіндегі жаңалықтар туралы айтып қалдыңыз?
Сауытбек Әбдірахманов: Сот жүйесіндегі әділетсіздікті халық аузынан жиі естиміз. БАҚ беттерінде парақорлық, жемқорлық көріністерін батыл айыптаған дүниелерді де көзіміз шалады. Енді бұдан былай сот жүйесінде кәдімгідей өзгеріс болады. Мәселен, сот процесі өтіп жатыр дейік. Сот процесі бір сағатқа созылады ма, жоқ, әлде сегіз сағат бойы өтеді ме, оған қарамастан, түгел жазылынып алады. Бейнебаянды қысқартуға, монтаждауға шектеу қойылады.
Жас қазақ: Билік дәлізінде болсын, басқа да мекеме, басқармаларда болсын аты-жөні беймәлім адамдардың басшылық қызметте отырғанын көреміз. Мұны қалай түсінесіз?
Сауытбек Әбдірахманов: Кеңес дәуірінде қызмет баспалдақтары қатаң сақталатын. Мысалы, аудан хатшысы болуың үшін міндетті түрде совхоз директоры қызметін атқару керек. Қазір жан баласы білмейтін адамдар кенеттен «жарқырай» қалады. Енді жас буындар жоғарыда айтып өткен этапты бастан кешіретін болады.
Жас қазақ: «Қазақ қашанда жалқау» деген ұғымның қалыптасқаны қашан! Десек те, еңбектің рахатын көріп отырғандар көп қой? Сіз осыған қатысты не айтасыз?
Сауытбек Әбдірахманов: Экономикалық тәуелсіздік болмайынша, саяси тәуелсіздік болмайды. Қазақстанда экономикалық өсу динамикасы сақталып отыр. Біз етті сырттан сатып алуға тиісті емеспіз. Бірақ еттің жартысын сырттан тасимыз. Бізде ет құда күту, әртүрлі тойларда көп пайдаланылады. Ысырапшылдық басым. Дайын асқа тік қасық. Ауылдық жерлердегі тұрғындар мал асыраудан қашады. Сылтауы –  жайылымдық жер жекеге өтіп кеткен. Десек те, істің көзін табуға әбден болар еді. Жалқаумыз. Ауыл тұрғындары күнделікті тұтынатын заттардың бәрін сатып алады. Нанға дейін. Нан жабуды да ұмытты. Қыз бала болсын, ұл бала болсын, осыдан барып жалқаулыққа ұрынады. Жазда шабындықта болып, күзде мақта теріп көрмеген. Маңдай терін төгіп, еңбек етпеген бала ертең қандай азамат болып шығады? Жастардың дені жалқау десем өтірік емес. Қара жұмыстан қашады, еңбек еткісі келмейді. Сырттай оқу бітіріп алғандары бірден бастық болып, мол айлыққа қол жеткізгісі келеді. Ашығын ашып айтсам, ауылдық жерлерде еңбекке деген көзқарас өзгеріп кеткен. Қара жұмыс атқаруға намыстанады. Панасыз қазақтарға айналғанымыз да шындық. Жұмыссыздықтан, не істерін білмегендіктен, теріс ағымдағы діни ұйымдар жетегінде кеткен жастарға жаным ашиды. Күні кешегі Алматыдағы атыс, Ақтөбедегі қанды оқиғалар осының көрінісі.
Жас қазақ: Үш тілді білу идеологиясының қоғамда әртүрлі көзқарас туғызғаны мәлім. Біреу құптайды, біреу құптамайды дегендей… Сіз құптайсыз ба?
Сауытбек Әбдірахманов: Әрине. Жаһандануды ешкім енді тоқтата алмайды. Ағылшын тілін жетік білетін, оны оқушыға түсіндіре алатын, сабақ беру әдісін толық меңгерген мұғалімдерді қайта даярлау керек деп ойлаймын. «Баланың миы ашып кететін болды» деп айтудың өзі ұят нәрсе. Енді отыз жылдан кейін туған бала ағылшын тілін білмесе, осыдан отыз жыл бұрын орыс тілін білмеген баладай күй кешетіні анық. Жасөспірімдер интернеттегі сайттарды жақсы меңгерген. Ағылшын тілін білетін жастар, әлем оқиғаларын, жаңалықтарын біліп қана қоймастан, ағылшын тілінде жазылған ғылыми еңбектермен сусындай алса, оның несі жаман? Ағылшын тіліндегі құнды мақалалардың бәрі орыс тіліне аударыла бермейді ғой? Оның үстіне аударма сапасы сын көтермейді.
Жас қазақ: «Не болса да Шымкенттен» шығады» деген жел сөз бар. Өзіңізбен қала тұрғындарының кездесуінде Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Балқия Көмекбаева ханым «Көлденең көк аттылардың табан астында журналист болып кететініне, газет ашып, адамдардың ар-ұжданына тиеді. Мұны реттейтін механизм бар ма?», –  деп сауал тастады. Осы мәселені тереңірек талдап берсеңіз?
Сауытбек Әбдірахманов: Журналистика – шын мәнінде, әркімнің наны. Заң бойынша Қазақстан азаматы газет ашуға, кәсіпкерлікпен айналысуға құқылы. Әрине, азаматтардың ар-ожданына нұқсан келтіру, жала жабу жауапкершіліктен құтқармайды. Ол сотта қаралады. Егер рушылдықты, ұлт араздықты маздататындай мақала жариялап жатса, ондай басылымдарға тосқауыл бар. Тағы бір қосарым, өздеріңіз білесіздер, Алматыда атыс болды. Діни ағымдағы жас жігіт қаншама адамның қанын төкті. Міне, осы мәселенің байыбына бармай жатып, деректерді дәйектемей жатып, эмоцияға беріліп, тақырыбын оқырмандарға айқайлата қойып сенсация қуған басылымдар да болды. Бұл, әрине, қай басылым болмасын абырой әкелмейді.
Жас қазақ: Әлгінде жиын барысында дінге қатысты сұрақ қойғандар болды. «Діни бірлестіктер білгенін істеп жатыр» деді. Жастардың жат ағымдарға кетіп жатқаны, Парламентте діни бірлестіктер тексеріле ме? –  деген сауал ойландырмай қоймайды. Осы мәселе жайында газет оқырмандарына қандай жауап берер едіңіз?
Сауытбек Әбдірахманов: Дін мәселесі өте нәзік. Қазақстан зайырлы мемлекет. Дін – саясатқа, қоғамдағы орын алып жатқан мәселелерге, көпшілік көкейіндегі түйткілдерге, басқа да мемлекеттік іс-шараларға араласа алмайды. Мұны бәріңіз білесіздер. Егер кез келген діни бірлестіктер ұлт араздықты қоздыратын мәселелермен айналысса, терроризмді насихаттаса, тәртіпке шақырылады, жазаға тартылады.
– Әңгімеңіз үшін әр оқырман алғыс айтады деп сеніңіз! Рахмет сізге!

Сұхбаттасқан Мұхтар ШЕРІМ

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?