Саудаға түскен бағдарлама

22 сәуiр 2016, 15:50

Ұрандатты, ұрлық жасады, ақыры алдап соқты. Жамбыл өңірінде мемлекеттік «Дипломмен ауылға» бағдарламасын орындауда ши шықты. Бөлінген қаржы талан-таражға түсті. Бұл мәселе облыс көлемінде үлкен дау-дамайға ұласты. Әсіресе, жас маманның жанына жара салды, сенімсіздік туғызды. Жауапты қызметтегілердің қаржы мәселесінде қандай қитұрқылыққа болса да баратыны, әділдіктен аттап кетіп, мемлекет мүлкіне саналы түрде қол сұғатыны әшкере болды. 

Жуалы ауданында аталған мемлекеттік бағдарламаның орындалуына аудандық ауыл шаруашылылық бөлімі жауапты болған. Бірақ бөлім басшысы Рақымғазы Құниязовтың пәрменімен 40-тан астам маманға заңсыз жолмен көтерме жәрдемақы берілген. Олардың көпшілігі ауданда 6-7 жылдан бері, тиісті бағдарлама қабылданбай тұрып, қызмет жасап жатқандар болып шыққан. Тіпті құжаттары әзірленбей жатып, мемлекеттің қомақты қаржысына қол жеткізгендердің көптігі анықталды.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Масат Беріктің айтуынша, мемлекеттік бағдарламаға бөлінген қаржыны бұлайша шашу, көз жұма қарау, жас маманның әлеуметтік жағдайын жасауға септігін тигізетін бағдарламаны мазақ ету, мемлекеттік саяси жұмысқа ат үсті қарап, аяқасты ету болып табылады. Бағдарламаның баянды болып, бағыт-бағдарын кеңейтудің орнына кері тартып, келеңсіз істерімен кедергі жасап келген аудан әкімінің орынбасары Әбдікерім Үркімбаев ауыл шаруашылығы, білім, дене шынықтыру және спорт, экономика және бюджеттік жоспарлау, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшылары Рақымғазы Құниязов, Сағындық Әбілдаев, Мақсұтбек Арзымбетов, Гүлбара Бекмырзаева және Мұса Шонбаевтар рәсуа болған шығын орнын толтырып, қызметінен босатылды.
Бұрын ұзақ жылдардан бері облыстың бірнеше аудандарын аса білгірлікпен басқарып келіп, енді Жуалы ауданының әкімі қызметін атқарып отырған облысқа белгілі тұлға Батырбек Құлекеев «бұрыннан істеп келе жатқан қызметкерлерге сенудің соңы осындай кемшіліктерге ұшыратты», – деп отыр. Ол «Дипломмен ауылға» бағдарламасы енді жаңа қызметкерлермен жаңаша бағытта жалғасын табатынын айтты. Жуалы ауданында сәтсіздікке ұшырап, алақолдылар әшкере болған жағдайдан кейін, облыстық прокуратура тарапынан барлық аудандар мен ауылдардағы аталған бағдарламаны іске асыру барысы қатаң тексеруден өткізіліп жатыр. Ал облыстық мәслихаттың депутаты Мұқаш Ескендіров бағдарламаның іске асуы өміршең болуы үшін, бұл жұмысты бағыт-бағдары алшақтау ауыл шаруашылық бөлімінен алып, экономика саласына берген жөн дейді. Сонда қаржы мәселесі де бір жерден бөлінетін болады.
Қазір қала мен ауылдың аражігі біршама жақындай түскені анық. Мәдени-әлеуметтік жағдайы да жақсара түсті. Сондықтан да бүгінде ауылдық жерлерге дипломды мамандар көптеп бара бастады. Бағдарламаның басты мақсаты да – сол еді. Әйткенмен, ара-тұра кездесіп қалатын кертартпа керенау әдеттердің де барын жоққа шығармаймыз. Сондай бір келеңсіздік Жамбыл өңірінде осылайша әшкере болады.

Дүйсенбек Айбеков, журналист,
Жамбыл облысы

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?