Сатирик жылап жазады, халық күліп оқиды

08 сәуiр 2016, 16:40

«Қазақтың табиғатына сай келмейтін шетелдің анекдотын сахнаға шығару жиілеп кетті. Бұл – күлетін нәрсе емес. Солардың бірі – ене тақырыбы. Біздің халық енесін анасындай құрметтейтін еді. Ал біз бұл тақырыпты орыстан алдық та, өзіміздің қоғамға тықпаладық. Театрға күлу үшін барып, жылап қайтқан кездеріміз аз емес». «Жарты сағат» бағдарламасына қонаққа келген белгілі журналист, публицист, сатирик Ермахан Шайхыұлы осылай деді. «Неге қарап қуанасыз?» – деген дәстүрлі сұрағымызды да қойдық. Жауабын сұхбаттан оқи аласыздар.

Ерлан Әбдірұлы: Ермахан мырза, сіз журналистсіз, публицистсіз, жазушысыз, журфакта дәріс оқыған ұстазсыз. Бірақ Ермахан Шайхыұлы десе, сатирик деп білеміз. Бұл сіздің көңіліңізге тимей ме?
Ермахан Шайхыұлы: Көңіліме тимейді. Иә, ел мені сатирик деп танып жатады. Өйткені, сатира жанрына сонау мектеп қабырғасында жүргенде қалам тарта бастадым. Тұңғыш шығармаларым «Ара» журналында, «Лениншіл жас» газетінің «Сүзеген сөз» атты сатира айдарында, «Социалистік Қазақстан» газетінің «Мүйіз тұмсық» деген бетінде, «Қазақ әдебиеті» басылымының «Қожанасыр қоржыны» деген бетінде жарық көрді. Алғашқы кітаптарым да әзіл әңгімелер жинағы: «Ауыз тие отырыңыз», «Біртүрлі кітап», «Жатыпатар», «Мынауың жынды екен», «Қазіргі қазақ сатирасы». Өзің айтып отырғандай, мен сатира ғана жазбаймын ғой. Соны дәлелдеу мақсатында 2010 жылы «Шылдыр шүмек» деген атпен балаларға арналған кітап шығардым. Негізі, балалар тақырыбына да сол оқушы кезімде-ақ ауыз салғанмын. Бірақ жүйелі түрде қолға алмаппын. Бала күнімнен бастап жазған жаңылтпаш, өлең, жұмбақтарды жинаққа қостым. «Әріп әлемі» де негізінен балаларға арналған ғой.
Ерлан Әбдірұлы: Өткен жылы «жылдың үздік сатирасы» аталымы бойынша «Алтын қалам» әдеби байқауының жеңімпазы атандыңыз. Үздік сатираға лайықты болған шығармаңыздың өзге еңбектерден артықшылығы неде дер едіңіз? Сұрағым келгені, қазіргі сатирада не бағаланады?
Ермахан Шайхыұлы: Кез келген шығарма қысқа да нұсқа болса – сол бағаланады. Қазір де, бұрын да солай болған. Сағызша созып дәмін кетірмей, аз және саз жазу керек. Бұл тек сатираға қатысты емес, әдебиеттің барлық жанрына керек стиль. Біздің қазақ емеурінмен-ақ біраз нәрсені айтып тастайтын халық қой. Мақал-мәтелдер осының дәлелі. Сіз айтып отырған жүлдені алу себебім – қазақтың мақалдарын заманға сай лайықтап өңдеп, «Мағынасы майысқан мақалдар» деген атпен бердім.
Ерлан Әбдірұлы: Сатира – күштілердің қаруы деп оқытты бізді. Кәдімгі Темірбек Қожакеевтің сөзі. Сонда сатира несімен күшті? Басқа қалам иелерінен нендей артықшылықтарыңыз бар?
Ермахан Шайхыұлы: Артықшылығы көп. Мәселен, бір ақынның шығармасына сын айтқыңыз келсе – пародия таптырмайтын тәсіл. Пародия қалай жазылады? Сын-пікіріңізді ақынның өзіне өз өлеңі арқылы буын, бунағы, ұйқасын, формасын сақтай отырып жазсаңыз, ол ақын сізге ешқандай дау айта алмайды. Бұл — сатираның ұтымды тұсы. Біздің қазақ – ештеңеден қорықпайтын батыр халық. Алайда күлкіге қалудан қатты қорқамыз. Сейіт Кенжахметұлы ағамыздың сөзі бар: «Күлдіре білу – өнер, күле білу – өмір, ал күлкі болу — өлім».
Ерлан Әбдірұлы: Cатирик – әдебиет сыншысынан кем болмауы керек дейсіз ғой…
Ермахан Шайхыұлы: Дұрыс айтасыз. Сатирик – сын айтуға лайықты болуы тиіс.
Ерлан Әбдірұлы: Аға, сатиралық шығармаңыз арқылы біреуді ренжіткен кезіңіз болды ма?
Ермахан Шайхыұлы: Шығармасын сынап жатсаң, құр сынап қоймай әжуалап жатсаң, кім ренжімесін?! Бірақ ешкім алдыма келіп айтқан емес. Студент кезімде үлкен ақын-жазушыларды қатты сынап жібергем. Сол кезде біреулерден сәлем айтып жібергендер болды. Ал эпиграмма арқылы жазған сыныма ешкім ренжіген жоқ. Керісінше, риза болғандар бар. Солардың бірі – әйгілі Кәукен Кенжетаев атамыз еді.
Ерлан Әбдірұлы: Журфакта сабақ бердіңіз. Жас сатириктер дегенде есімізге түсетін Қанағат Әбілқайырдың өзі қырыққа жақындап қалды. Шәкірт тәрбиелей алдыңыз ба?
Ермахан Шайхыұлы: Журналистика факультетінде Темірбек Қожекеевтен кейін сатираның арнаулы курсын жүргізуді маған жүктеді. Сол тұста мен «Егемен Қазақстан» газетінің «Біртүрлі бет» деген сатира жанрына арналған айдарын жүргізетін едім. Бұл мен үшін өте оңтайлы болды. Шәкірттерді теория мен практиканы ұштастыра отырып, тәрбиелеуге тырыстым. Мәселен, фельетон жанры бойынша сабақ өтсек, студенттерге фельетон жазып келуді тапсырамын. Солардың арасынан іріктеп, жақсы жазылған шығарманы «Біртүрлі бетке» жарияладым. Кейіннен «Айқын» газетінің «Жатыпатар» атты қосымшасына шықты. Бұл әдіс балаларға шабыт сыйлап, қанат бітірді. Сол кезде сатираға келген Қанат Ескендір, Қанағат Әбілқайыр, Олжас Қасым, Асхат Қылышбек секілді шәкірттерім бар.
Ерлан Әбдірұлы: Қазақ – үш арсыздың біріне күлкіні жатқызады. Біз қазір не нәрсеге күліп жүрміз?
Ермахан Шайхыұлы: Қазақтың табиғатына сай келмейтін шетелдің анекдотын сахнаға шығару жиілеп кетті. Бұл — күлетін нәрсе емес. Солардың бірі – ене тақырыбы. Біздің халық енесін анасындай құрметтейтін еді. Ал біз бұл тақырыпты орыстан алдық та, өзіміздің қоғамға тықпаладық. Театрға күлу үшін барып, жылап қайтқан кездеріміз аз емес. Ошақтың үш тағанындай – автор, актер және режиссердің талғамы жоғарыламаса, біз арсыз күлкіден ажырамаймыз. Қазір Тұрсынбек Қабатов деген жігіттің «Әзіл әлемі» театры көңілімнен шығып жүр. Халық Тұрсынбекті неге жақсы көреді? Өйткені, ол күнделікті тұрмыс-тіршілігімізді әзілмен әдемілеп жеткізеді.
Ерлан Әбдірұлы:Аға, неден қорқасыз?
Ермахан Шайхыұлы: Екіжүзділіктен, сатқындықтан және табанының бүрі жоқ адамдардан қорқам.
Ерлан Әбдірұлы: Неге қарап қуанасыз?
Ермахан Шайхыұлы: Жастарға қарап қуанамын. Олардың Тәуелсіз елі бар, сансыз мүмкіндіктері бар. Олар «мен – қазақпын» деп бүкіл әлемге именбей айта алады. Рухы мықты! Ата дінін қорықпай ұстана алады.
Ерлан Әбдірұлы: Қандай өкінішіңіз бар?
Ермахан Шайхыұлы: Жас кезде бос өтіп кеткен көп уақыт бар. Мазмұнды қылып өткізбеппін. Күшімді білімге, тіл үйренуге жұмсамаппын,
Ерлан Әбдірұлы: Қандай арманыңыз бар?
Ермахан Шайхыұлы: Менің арманымның барлығы ұлтыма, еліме, жеріме қатысты. Тәуелсіздігіміз мәңгі, сәбилеріміздің ұйқысы тыныш болса екен!

Ықшамдап дайындаған

Қарлыға Темірғали

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?