Өткен аптада «Көкшетау жылу» кәсіпорны қалалық әкімдік және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен жылу қуатына қарыздарын төлемейтін немесе кешіктіріп төлейтін тұтынушыларды анықтау, қарызды қайтару мақсатында рейд өткізді.
Көкшетауда жылу қарызы мәселесі биыл пайда болып отырған жоқ. Бұл өзі әзірге емі табылмай тұрған, асқынған сырқат. Жылуға жүз мың теңгелеп берешек болғандар толып жатыр. Сонау 2013 жылдан бері. Кәсіпорын қол қусырып қарап отырған жоқ, табанынан таусылып талай мәрте келіп есіктерін қағып, иттерін абалатқан. Соттың да үкімі шығарылған. Тек сот орындаушыларының мүмкіндіктері жете бермеді. Қайсыбірін тауысарсың.
Егер қарызы қордаланып қалған тұрғындар арасында жарыс өткізетін болса, Шевченко көшесіндегі 142 үйге тіркелген А.Аушахимова міндетті түрде гран-приді жеңіп алар еді. Өйткені, оның қарызы 591 мың 292 теңгені құрайды. Бұл бір адамның ғана қарызы. Ысқырығы жер жаратындай болып күпінген рейд мүшелері алдымен қордаланған қарыздың көлемінен шаппай бәйге алатын жаңағы үйге беттеді. Сөйтсек бұл көп қабатты үйдің пәтері де немесе жеке үй де емес екен, тұтас коммерциялық кешен. Төбесіне қарасаң төбеңдегі қоян малақай жерге қарай құлдырап түсетін еңселі, екі қабатты құрылыс. Қонақ үйі жұмыс істеп тұр, дәмханасында адамдар ас ішіп жатыр. Ішінде аяғын ұшынан басып қаншама қызметкері келген халыққа қызмет көрсетіп жатыр. Сөйтсек бұл ғимаратты заңды тұлға емес жеке тұлға ретінде тіркетіпті. Егер сауда жасап жатқан коммерциялық тұлға болса қолданылатын ережеге сай жылудың төлемақысы да көп болмақ. Ал, жеке тұлғаныкі кәдімгі кез-келген тұрғын пайдаланатын жылу төлемақысы іспетті және 2013 жылдан бері коммуналдық қызметақысы осылай төлеп келген. Өкінішке орай, иесі табылмады.
Дегенмен, ғимараттың жылу жүйесінен ажыратылатындығы, сот арқылы шешім шығартып, қарызын өтегенше дүние-мүлкі тәркіленетіндігін қызметкерлерінен естіген болуы керек, бірден 250 мың теңгені ұстата салды. Қалғанын кейін төлемек.
–Аушахимоваға байланысты мәселені зерттейміз,–дейді «Көкшетау жылу» кәсіпорнының жетекшісі Самат Сматаев,–бұл дегеніңіз алдау ғой, көз көріп, құлақ естімеген алдау. Заңды тұлға ретінде төлетеміз. Салық қызметіне, әділет, прокуратура органдарына хат жазамыз.
Екінші барған жеріміз Жамбыл көшесіндегі 148-інші үй. Жалпы үй бойынша қарыз 905 мың теңгені құрайды. Тұрғындармен тілдестік. Пәтер иелерінің бірі Әсия апай Жәркенованың айтуына қарағанда, өзі уақытылы төлейді.
–Зейнетақы алған сайын алдымен коммуналдық қызмет ақыларын төлеймін. Өйткені, бірер ай төлемей жинақталып қалса, қайтып қуып жету қиын. Жылу, судың ақысын төлесем, қалғаны күнкөріске жетіп жатыр,–дейді зейнеткер апай.
Коммуналдық қызметтегілердің айтуына қарағанда көпқабатты үйдің пәтерлерінен жылу ақысын жинау қиямет-қайым іс. Бірер пәтер үшін тұтас үйді жылудан ажыратып тастай алмайды. Жылу бір жүйемен келіп тұрғандықтан, қарызын төлемейтіндігін кесіп тастау тағы мүмкін емес.
Ендігі бір қиындық бірі келіп бірі кетіп жатқан жатақханаларда. Мәселен, «Көкше Жәрдем» тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының балансында тұрған жатақхананың жайы. Бұл жерде бөлмелерді жекешелендіру хақынсыз береді. Кейбір адамдар мұнда айлап-жылдап тұрғанымен, коммуналдық қызмет ақыларын төлемейді. Әлдебір себептермен жұмыстан шыққаннан кейін жатақхананы тастап көшіп кетеді. Ал, қарыз қала береді.
Енді негізгі тақырыпқа оралайық. Рейд барысында біздің ұққанымыз, қаржыдан қысылып шықпа жаным шықпа деп отырған зейнеткерлер мен бюджет қызметкерлерінің коммуналдық қызмет ақысын уақытылы төлейтіндігі. Тіпті, жұмыссыз отырғандар да жоқтан бар құрап, төлеп отыр екен. Ал, жоғарыда аталғандай сауда сартылдап жүріп жатқан коммерциялық құрылымдар мен екі-үш қабатты коттеджде тұратын ауқатты адамдар қарызға батып отыр.
Былай қарағанда аузынан ақ майы ағып отырған байшыкештер жарытымсыз жалақымен жан бағып отырған жарлылардың арқасында жылынып отыр деуге әбден болады. Рейдтен қайтқан соң мәселе ақша қарызында немесе жоқтығында емес шығар деп ойладым. Ең бастысы, ар-ұят, жауапкершілік жоқ екен ғой.
Байқал БАЙӘДІЛОВ