Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысына барған сапарында ауыл шаруашылығы саласын өрістету мақсатында мемлекет қазынасынан бөлінетін субсидияның айналасындағы жемқорлықты сынға алып, айыпты шенділердің қатаң жазалануын тиісті органға тапсырған-ды. Расында да, қиыр жайлап, шет қонған шалғайдағы шаруалардың қолы жете бермейтін субсидияның қаржысын сан салалы жолмен жымқырғандар тиісті жазасын алуы тиіс. Төрт түлікті өсіруге ұмтылған өрістегі ағайын да субсидия үшін алаңдамайтын болса.
Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі Төлеутай Рахымбековпен сұхбатымызда осындай мәселелерді оңтайлы шешудің жолдары айтылды.
Jas qazaq: «Малдың жайын баққан білер» деп қазақ тегін айтпаған. Субсидияға қолы жетпей шырылдап жүрген шаруалар қай өңірде де бар. Ауыл шаруашылығын дамытуға, азық-түлік нарығын тұрақтандыруға, өнім қорын еселеуге өзіндік үлесін қосуды мақсат еткен малшы қауымға деп бөлінетін субсидияның да салмағы басым. Сол жақсылықты, қолдаудың шарапаты неліктен тиісті адамына, межелі жеріне жетпей жемқорлардың жемсауына кетеді?
Төлеутай Рахымбеков: Жақында «Атамекен» ұлттық кәсіпкер палатасында отбасылық шаруашылық туралы заң жобасын талқыға салып, таразыладық. Президент Қ.Тоқаев биылғы жылдың 1 қыркүйегіндегі Жолдауында осы отбасылық шаруашылық туралы заң жобасын қысқа мерзім ішінде әзірлеп, жылдың соңына дейін Парламент талқылауына ұсынуды тапсырған болатын. Сол бағыттағы әзірленген заң жобасын талқылап, кем тұсын толықтырып, жетпегенін бүтіндеуге күш салып жатырмыз.
Jas qazaq: Отбасылық шаруашылық саясаты дегенді тарқатып айтып берсеңіз.
Төлеутай Рахымбеков: Отбасылық шаруашылық туралы айтпас бұрын, жаңағы талқылаудағы шетін мәселелерге тоқталайын. Кәсіпкер палатасы жанынан құрылған түрлі қауымдастық, қоғамдық ұйымдардың да мамандары қатысты. Қолдаушылар, заң жобасын қуаттағандар да, арасында заңмен таныспаған, оқып-білмегендер, қарсылық танытып, өз аргументтерін де ұсынды. Олардың ойынша, заң жобасы қабылданса, жекеменшікке тиесілі мал басын көбейтуге шектеу қойылады-мыс, салық салынады екен. Мұның бірі де болмайды. Ауылдық жердегі тұрғындардың мал басын көбейтуге, өсіруге ешқандай шектеу қойылмайды. Ал енді отбасылық шаруашылықты тарқатайық. Ауылдағы ағайынның ауласы, өзіне тиесілі территорияға салынған үйі, қора-жайы, азын-аулақ малы болады. Міне, осыны отбасылық шаруашылық дейміз. Осы саланы дамытып, замана ыңғайына қарай бейімдеу бағытындағы атқарылуы тиіс жұмыс айтылды. Шектеу туралы басқаша айтылған. Ең алдымен, ауылдық жердегі, елді мекенде мал өсіретін адамдарға төрт түлігін өсірудің шекті мөлшері болуы керек. Қарапайым қағидаға салсақ, сіздің көршіңізде 500 бас қой бар, ал сізде он бес бас делік. Екеуіңіздің қора-жайыңыз жапсарлас қоңсы қонған. Бұл санитарлық-гигиеналық нормаға сай ма?
Бес жүз бас қойдың астынан шығатын қи көп пе, жоқ, он бес қойдың құмалағы көп пе. Одан сырт иіс-қоңыс тағы бар. Қазақстанның кез келген азаматына мал өсіруге шектеу жоқ, тіпті Ата заңмен де қорғайды. Ал енді ауылдың ішінде елу бас сиыр, алпыс жылқы, 500 қой өсіру өзге ауылдастарыңызға қандай қиындық тудыратынын ойлануымыз керек. Малыңды көбейткің келе ме, ешқандай мәселе жоқ. Шаруа қожалығын, кооператив құрып, ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерден үлес алып, сыртта дамытыңыз, ауылдың ішінде емес. Міне, шектеу осы мақсатта қойылады. Оны басқаша түсініп, қабылдағандар дақпыртын асырып, дабырайтып аттандап жүр. Отбасылық шаруашылық туралы заң жобасындағы сүйекті мәселенің бірі – осы ауылдық жердегі санитарлық-гигиеналық ахуалды жақсарту болды. Екінші шаруа – ауылдағы жайылымдық жерлердің эрозияға ұшырап, азып-тозып кетуі, күтім көрмеуі. Ата-бабамыз неліктен көшпенді халық болды? Осы жердің жайын жақсы білгендіктен, қасиетті топырақты тоздырып алмас үшін, қыстаудан көктеуге, одан жайлауға, қоңыр күзде жондана семірген малын күздеуге қарай түсіріп, қыста қайтадан қыстауына көшуді тұрмысының алтын тамырына айналдырған. Мұның барлығы да жерді тоздырып, топырақтың құнарын кетірмес үшін жасалатын алғышарттар. Көктеуден көшпей, жаздай мекендеп отыра берсе, күздік жайылымы жұтап, малдың еті ояз болып, қыстан шыға алмас еді. Өріс жаңартып, жыл мезгіліне орай көшу арқылы жерді сақтап, күтімдеудің керемет үлгісін көрсете білген. Қазір қалай, ауылдық жерлерде жоғарыда айтқандай, бір үйде 300-ден 500 басқа дейін қой, 50-60 сиыр, екі үйірден жылқы бар. Көпшілігінде үш-төрт сиыр, бір мініс ат, құлынды бие, жиырма шақты қой-ешкісі ғана. Мал көбейген сайын жердің тозу процесі артады. Қойдың тұяғы ұстарадан өткір, бір шуап өткен жерінің шөбін турағандай қиып түсіреді.
Jas qazaq: Ауылдардың жайылымдық жерін сақтау үшін қайту керек, қандай ұсыныс айтыңыздар?
Төлеутай Рахымбеков: Ауылдағы әрбір жанұяда мал басы шағын болуы шарт, қалғанын елді мекеннен тысқары жерде бағу керек. Кооператив құра ма, жоқ, бақташы жалдап бақтыра ма, оны ауыл тұрғындары өзара ақылдасып шешкені жөн. Сонда біз жерді азып-тозудан сақтап, жайылымның жайын да жақсарта аламыз.
Осы заң жобасындағы үшінші мәселе ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсатуға қатысты. Бұрынғы кеңшар, ұжымшар дегеннің бәрі тарқаған, ауылдарда жұмыс орны тым аз. Халықтың басым көпшілігі – қолындағы малының өнімін сату арқылы, бақшасындағы жеміс-жидек, көкөнісін саудалаудан түскен қаражатпен күнін көріп отыр. Бірақ сол табан ақы, маңдай терімен тапқан өнімін өз бағасымен сата ала ма? Ортадағы ойқастаған делдалдардың аузынан ақ май ағып, бір теңгеден үш теңге сауып отырғаны жасырын емес. Мысалы, керек десеңіз айтайық, былтыр карантиндік шектеу қойылғанда Түркістан облысындағы қырыққабатты егістік алқабынан келісін 30 теңгеден сатып алғандар қалаға апарып, 150 теңгеден сатты. Осы әділетті ме? Егістік жұмыстарынан бастап, өсіп-өнгенге дейін баладай мәпелеп қарап, күтімге алатын шаруа, ал оның рақатын көретін ортадағы делдал. Сүтке қатысты да осы схема. Ауылдағы ағайыннан, шалғайдағы шаруашылықтан литрін 50 теңгеден алады да, сүт өнімін шығаратын компанияларға 150 теңгеден саудалайды. Міне, осындай көлденең көк аттыға жем болмас үшін не істеу керек? Жер емген шаруаның да, мал соңындағы бақташының да бейнетінің зейнетін өзі көруіне не кедергі? Осы мәселені шешудің жолы бар ма? Әрине, бар. Ол – кооперация. Кооперативке бірігу дегенді біз барлығын бір ұжымға әкеп тығу деп түсінеміз. Бұл жоқ жерден шыққан жік емес, әлемдік тәжірибеде бар үрдіс.
Кооперативке бірігудің тиімділігі мынада. Ең алдымен, шаруа өндірген өнімін ортадағы делдалға арзанға ұстатып, жем болмайды. Кооперативтегі адамдардың ауыл шаруашылығы бағытындағы өнімін, яғни малының еті, сүті, терісі, жүні дегендей, кооперативтің жауапты адамы апарып сатады. Барлығының да өндірген өнімі бір бағада сатылады. Екінші, егіншілікпен айналысатын шаруаларға қажетті техника алу, тұқым табу, жерді құнарландыру үшін себілетін тыңайтқыш әкелу де кооперативтің мойнындағы жұмыс болады. Содан кейін ақпаратпен қамтамасыз ету. Жасыратыны жоқ, ауыл шаруашылығына қатысты, аграрлық саясатты жақсарту үшін іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар, пайызы төмен несиелер, жеңілдік, субсидия туралы мәлімет, дерек, ақпаратты адамдардың бәрі бірдей алмайды, тіпті білмейтіндері де бар. Содан кейін субсидиядан да, жеңілдетілген несиеден, түрлі бағдарламадан шет қалып жатады. Сол олқылықты осы кооператив толтырады. Қандай да бір ақпаратты, мәліметті, жағымды жаңалықты кооперативтегі адамдарға жеткізіп, ортаға салып отырады. Кооперацияның пайдасын әлемнің дамыған елдері де көріп отыр. Қытай да, АҚШ та, Еуропаның дамыған елдері де кооперативке бірігіп, істерін ілгерілетіп отыр.
Израильді алайық. Ауыл шаруашылығы мақсатқа пайдаланатын жерінің көлемі – 400 мың гектар. Оның ішінде егін егуге жарайтын жерінің көлемі – 200 мың гектар. Салыстырмалы түрде айтсақ, біздің Ақмола облысындағы Есіл ауданының өзінде ғана 400 мың гектар егістік жері бар.
Ал сол ел өзін азық-түлікпен 95 пайызға қамтамасыз етіп отыр. 200 мың гектар жерге ғана еккен егінінен түскен өнімді экспортқа да шығарып, пайдаға шаш-етектен көміліп отыр. Ал бізде ауыл шаруашылығына жарайтын жеріміздің көлемі 200 миллион гектар. Ішкі сұранысты толық қамти алмай, азық-түліктің кей өнімін сырттан импорттаймыз. Израиль осындай орасан жетістікке қалай жетті? Ең алдымен, әрине, инновациялық иірімдері тым тереңде бұл – елдің. Екіншіден, жаңағы біз айтқан кооперацияға бірігу арқылы осындай биікке шығып отыр.
Jas qazaq: Енді субсидия мәселесі туралы сұрайын. Президенттікке үміткер ретінде тіркелгенде, Мәжілісте депутаттыққа сайлауға түскенде де осы мәселені қозғап, айттыңыз.
Төлеутай Рахымбеков: 2016 жылдан бері субсидияның жайын жырлаудан шаршаған емеспін. Әлеуметтік желіде осыны оңтайландыру, шаруаларға қолжетімді болуы үшін қандай механизмді іске қосу керектігін талдап жазып та, айтып жүрмін. 2003 жылдан 2005 жылға дейін үш жылға ауыл шаруашылығы саласы бойынша азық-түлік бағдарламасы іске қосылып, осыны жүзеге асыру үшін субсидияға деп 3,5 миллиард теңге бөлінді. 2018-2019 жылдары субсидияның көлемі 350 миллиард теңгеге жетті, яғни жүз есе өсті. Мемлекет шаруаларға көмек қолын созуда ешуақытта тартынған емес. Бірақ сол көмектің тиісті жеріне жетпеуінде жатыр әңгіменің ұшығы. Осы күнге дейін субсидияның майлы жілігін ұстап, кілкіген сорпасын тек ірі шаруашылықтар ғана сораптап келді. Мәселен, шаруашылығында 3 000 бас малы бар ірі фермерлер ғана алуы шарт еді. Статистикаға сүйенсек, қорасындағы малының саны бес жүзден асатын ірі қарасы бар шаруа қожалығы еліміз бойынша 352 ғана. Сонда 352 фермердің ғана ірі қарасының саны 500-ден асады деген сөз. Ал үш мыңнан асатын ірі қарасы бар шаруашылықтың саны саусақпен санарлық. Міне, осылар субсидияның қызығын көріп, рахатына малынып келді.
Jas qazaq: Қарапайым шаруаның қолына тиюі үшін қандай жеңілдік болады, жалпы қиырдағы қырқаның қуысындағы қойшы мен маң даладағы малшы қауым қызығына кенеле ме?
Төлеутай Рахымбеков: Ауыл шаруашылығы министрі Е.Қарашөкеев субсидия саласындағы жағдайды өзгерту үшін барынша күш салып іске кірісті. Ең алдымен, субсидияның тиімділігін ілгерілету, екіншіден, коррупциялық көрсеткішін төмендету, тіпті қолдан келсе, басы бүтін жою. 2017 жылы мен сараптама жасап, зерттеп көргенімде, субсидияның 65 түрі бар екенін анықтадым. Түк пайдасы жоқ, керісінше, жемқорлыққа жол бастайтын субсидия түрлері бар. Тиімсіз субсидия түрлерінен аяқ алып жүргісіз. Мысалы, егін шаруашылығына қатысты. Диқанның 1 гектар жерге егетін өнімінің шығыны 40 мың теңге десек, субсидия көлемі 300-400 теңге ғана. Бұл кімге тиімді? Шығынның тек 1 пайызын ғана жабады. Әйтеуір, таратылуы тиіс есіл қаржы. Субсидия тиімді болуы үшін шығынның 30-40 пайызын жабуы керек кем дегенде. Осындай нақтылықпен біз 11 түрлі тиімсіз субсидияны қысқартып, қаржыны басқа субсидияға қосу туралы ұсыныс айттық. Осы жұмыс жалғасын таппай үзіліп қалды. Менің пайымдауымша, елуден аса субсидияның тек үш-төртеуін ғана қалдырған абзал. Ауыл шаруашылығы министрлігінде 2002 жылдан бері қызметтемін. Ел ішіндегі фермерлер, шаруалармен сөйлессеңіз, көпшілігі субсидиядан гөрі ұзақ мерзімді, үстеме пайызы төмен несие берсе деген ниетте. Несиені қай орын береді? Әрине, банк. Банктің несиесі – негізгі тауары. Олар соның пайызымен жан бағып отыр. Демек оларға пайызыңды төмендетесің деп айтқан орынсыз. Одан да несиені 17 пайызбен берсе, шаруа тек 4 пайызын ғана төлеп, қалған 13 пайызын мемлекет субсидиялап өтеп бергені тиімді. Субсидия арқылы несиенің сыйақысын жабу қажет. Сонымен бірге жанар-жағармай алуға субсидия берген дұрыс. Соңғы 20-30 жылда біз малдың тұқымын асылдандыруға, малды жақсартуға көңіл бөлуді қойдық десек те болады. Малдан ет, сүт, жүн алғанда өнімділікті талап етеміз. Ал енді сол малға қуаты мол жем-шөп, дәрумендер беріп жүрміз бе? Қалтасындағы қаржысы бір жыртығын жамауға ғана жететін шаруа малына дәруменді, құнарлы шөп түрін қайдан сатып алсын? Сондықтан да мал азығын алуға субсидия беруіміз керек.
Jas qazaq: Кооперативке біріксе, қандай субсидия түрі берілуі тиіс?
Төлеутай Рахымбеков: Кооперативке қажетті техника сатып алатын болса, субсидия арқылы 50 пайызын төлеп беруі тиіс. Одан кейін ұжымның жұмысын жүргізетін қызметкерлердің еңбекақысын төлеп беруді де межелі уақытқа дейін субсидиялап қолдап жіберсе, ары қарай жанданып кетеді. Қазақстанда 2186 ауылдық округ бар десек, 2186 кооператив құрған күннің өзінде субсидияға берілетін ақшаның көлемі 35 миллиард теңгеден аспайды. Демек, кооператив құрылса, субсидиямен қамтамасыз етуде қиналмаймыз.
Jas qazaq: Редакциямызға Қызылорда облысының шаруалары хабарласты. Ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында несие алып, асыл тұқымды ірі қара алған екен. Келісімшартқа қол қоярда «несиенің 10 пайызын мемлекет субсидиялап төлейді, шаруа 4 пайызын өтейді» деп жазылыпты. Бірақ шаруа несиені рәсімдеп, малды сатып алып жұмысын бастағанда «субсидиямен жабылуы тиіс 10 пайызға қаржы жоқ, келесі жылға резервтен қарастырылады» деген жауап естіген. Бұл қаншалықты әділетті?
Төлеутай Рахымбеков: 2015 жылы несие беру ұйымдарының қауымдастығын басқарғанда осы мәселеге қатысты, яғни несиенің сыйақысының пайызына қатысты мәселе етіп көтеріп, барлық облысты аралаған едік. Сол кезде «Неге шаруаға берілетін несие арзан пайызбен «Аграрлық несие корпорациясы» секілді іргелі компаниядан тіке шаруаға берілмейді. Біз оларға бірнеше құжат жинатып, сандалтамыз, қаржы тағы бір көзге өтіп, пайызы үстемеленіп кетеді. Одан да бір жерден берілсе» деген ұсыныс айтқанмын. Әлгі қызылордалық шаруалардың жайы да субсидияны бір көзден алмағандықтан да, күрделеніп отыр деп санаймын. Басқа шаруалардың басындағы кеп те осындай. Сол олқылықты түзеп, реттеу үшін өзіміздің ұсынысымызды жолдап, жұмыс тобы қадағалап жүйелеп жатыр. Өзгеріс керек қалайда, субсидия алу тетігі қиындамауы қажет.
Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет