Сандуғаш Әбуова: Темекі мен ішімдікке тәуелділікті азайту – маңызды міндет

09 қазан 2023, 15:51

Адамның басты байлығы денсаулық десек, оған алкоголь пен темекінің келтірер залалы орасан зор екені белгілі. Түрлі кеселдерді тудыратынын айтпағанда, ішімдікке әуестік ауыр қылмысқа да апарып соғады. Сондықтан зиянды әдетке тәуелділіктен арылу ұлты саулығы тұрғысынан алғанда көкейкесті міндет болып табылады. Еліміздің денсаулық сақтау жүйесі алкоголь мен темекіге үйір болудың алдын алу және соған сәйкес іс-қимыл шараларын жүргізіп жатыр. Jasqazaq.kz порталының тілшісі осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде Алматы облысы Жамбыл аудандық орталық ауруханасының дәрігерлік амбулатория меңгерушісі, жалпы тәжірибелік дәрігер Сандуғаш Әбуовамен тілдесті. Оқырман назарына маманмен жүргізілген сұхбатты ұсынамыз.

— Ішімдік пен көк түтінге шамадан тыс үйір болу ұлт саулығына қатер төндіретін құбылысқа айналды. Бұл бүкіл әлемді, соның ішінде елімізді алаңдатып отыр. Бізде темекі мен ішімдікке тәуелділікпен күресу бағытында қандай қандай шаралар іске асырылып жатыр? Осыған тоқтала кетсеңіз.

— Елімізде зиянды әдеттерге қарсы күрес жүргізу бағытында бірқатар жұмыстар қолға алынып, тиісті дәрежеде атқарылып жатыр. Бұл ретте алкогольге тәуелділікке, темекі шегуге қарсы күрестің маңызы зор. Темекі мен алкогольдің адам өміріне қаншалықты кесірін тигізетінін жан-жақты түсіндіру де өз жемісін беретінін айтқан жөн.

Халықаралық тәжірибе бұл салада мемлекеттік саясатты жүргізудің алкоголь мен темекіге салық салудан бастайтын бірнеше параметрлерін ұсынып отыр. Біз бұл мәселеде байыпты саясат жүргізуіміз керек. Қазіргі таңда алкоголь мен темекіге тәуелділік деңгейін азайту өзекті міндет болып тұр. Кейбіреулер ағзаға тіпті бір тал темекінің зиян екенін біле тұра одан бас тартпайды. Әрі қарай осы жаман әдетін жалғастыра береді. Осындай тәуелділікпен күресудің ең маңызды бөлігі – оның алдын алу болып табылады. Осы мақсатта біз аудан тұрғындарына ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне тақырыптық тренинг, дөңгелек үстел өткізіледі. Әр сала мамандары, аудандық жастар саясаты мамандарымен бірлесіп, пікір алмасу ұйымдастырылады. Әсіресе, жастар арасында салауатты өмір салтын ұстану жайы жан-жақты насихатталады. Адам денсаулығына тікелей қатысты болғандықтан, біз өз саламыз бойынша жиындарда тақырыптық баяндама жасаймыз. Сонымен қатар ауруханаға келетін тұрғындарға темекі мен алкогольдің зардабын нақты мысалдармен баяндайтын арнайы үнқағаздар таратамыз.
Біздің елімізде ішімдік пен темекіні жарнамалауға заң бойынша тыйым салынған. Дүкенде темекі ашық жерде тұрған жоқ. Бірақ арақ-шараптың түр-түрі сөрелерде самсап тұр. Кешкі тоғыздан кейін ішімдік сатуға тыйым салынғанымен, түнде саудасын қыздыратын кәсіпкерлер де жоқ емес. Сондықтан әлі де болса осы зиянды әрекеттермен күресті қатаңдату үшін нақты бағдарламалар қабылдануы қажет.

Мектептен бастап жоғарғы оқу орындарына дейінгі аралықта ішімдік пен никотинның зияны мен зардабын жан-жақты түсіндіретін кешенді жұмыс жүргізілуі керек. 21 жасқа толмаған азаматтар мен кәмелетке толмағандарда бұл өнімдерді сатуға заңмен тыйым салынған. Дегенмен барлық дүкенде ересек көрінетін баладан құжат талап ете ме?

Осы дертпен күресте ең маңызды шара деп отбасыдағы тәрбиені атап өтер едім. Әрбір ата-ана осы теріс әдеттердің зиянын өз баласына жас кезінен бастап түсіндірсе, үлкен қауіптің алдын ертерек алса екен деген тілегіміз бар. – Түсіндіру демекші, темекі мен алкогольдің адам денсаулығына тигізетін залалынан бастаған дұрыс шығар. Өзіңіз медицина саласының маманы болғандықтан, ең алдымен темекі мен ішімдіктің зардабы туралы тарқатып айтып берсеңіз.

— Темекі мен ішімдіктің кесірі бұрыннан айтылып келеді. Дегенмен тағы да еске салғанның артығы жоқ.

Темекі — жапырағында танин, желім, шайыр, крахмал және алколоидтары бар өсімдік. Темекі түтінінде 30-дан астам улы зат бар. Никотин, көмір қышқыл газы, көмір тотығы, көгертетін қышқыл мен аммиак, шайырлы заттар мен органикалық қышқылдар. Темекіден ауаға күкірт қышқылы мен аммиак, никотин, темекі майы және иісті газ бөлінеді. Бұл бөлінген зиянды заттар адам ағзасына бөлшектеніп енеді. Темекі асқа деген тәбеттің төмендеуіне, ас қорытудың нашарлауына әкеп соғады. Тіс сарғайып, ауыз қуысында жағымсыз иіс, ал асқазанда жара пайда болады. Ерін, тіл, өңеш және өкпе обырына әкеп соқтыруы мүмкін. Тыныс алу жолдарына да зақым тиеді. Созылмалы тыныс жолдары да қабынады. Жүрек қан айналымы жүйесіндегі қан тамырлары қатайып, аяқ пен қолдағы тамырлар бітеліп қалады. Гангренадан кейін науқас кемтар болып қалуы да әбден мүмкін. Мидағы қан тамырларын қатайтып, сал аурының өршуіне әкеп соғады. Жүректегі бұлшық ет инфарктісін де қоздырады. Сонымен қатар темекінің әсерінен адамның есте сақтау қабілеті төмендейді. Теріге әжім түсіп, ұйқысыздық пайда болады.

Ал алкогольге келсек, ол алдымен қанмен араласады. Әрі қарай миға шабады. Ішімдік адам ағзасын улайды. Жүйкеге де зияны сондай. Тентек суды көп ішетіндер өзінің не істеп қойғанын білмей, іс-әрекетін бақылай алмайтын күйге түседі. Ішімдіктің ағзаға зияны мен зардабы ауыр екенін айтқан жөн. Қан тамыры аурулары мен инсульт, инфаркт, созылмалы жүрек кеселіне әкеп соғады. Аритмия, артериалды гипертония, тыныс алу жүйесінде көмей обыры, созылмалы бронхит пен өкпе обыры пайда болады. Бауыр циррозы мен бауыр перитонит, асқазан жарасы, жедел панкреаникроз, ішек обыры мен полип ауруларын туғызады. Сондықтан темекі де, ішімдік те адам денсаулығына орасан кесірін тигізетін қауіпті әдет екенін есте сақтаған жөн. Әрбір адам темекі мен ішімдіктің зардабын да білсе екен деймін.

— Бұл жаман әдеттен арылуға маман ретінде қандай кеңес берер едіңіз?

— Денсаулық — адам өміріндегі ең құнды байлықтың бірі. Атам қазақ «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған. Әр адамның міндеті осы құндылықты бағалау, сақтау. Адам ағза үшін не пайдалы, не зиян екенін, қандай аурулардан қалай сақтану керек екенінен хабардар болуы керек.

Қарап отырсақ, қазір көп адам денсаулығын қорғауды медицинаға жүктеп қойған. Ал шындығында адам өз денсаулығын өзі қорғап, сақтана алмаса, медицина ғылымының жетістіктері адамға денсаулық әкеліп бермейді. Осы зиянды әдеттерге бой алдырмау үшін адам өзін-өзі басқара білуі керек. Белсенді қозғалыс пен спорттық жаттығулардың адам денсаулығына пайдасы мол. Адам ең алдымен дұрыс тамақтанып, дене салмағын бір қалыпта ұстап, күйзелісті бақылауда ұстауы тиіс. Менің ойымша, мейрамхана сияқты жұрт көп баратын қоғамдық орындарда темекі мен алкогольдік ішімдіктер сатылмауы керек. Қазір темекінің электронды түрлері пайда болды. Жастар арасында «вейпке» елтитіндердің саны артты. Бүгінде осылардың алдын алу да ең өзекті мәселеге айналды. Темекінің сыртындағы қауіпті аурулардың суретіне қарап, әр адам ойланса екен деймін. Өйткені өз денсаулығыңыз — өзіңіздің қолыңызда.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Мақпал Ноғайбаева,
Алматы облысы

Бүгін, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді