Сана жаңғырса, отбасы берік болады

05 наурыз 2021, 11:25

Жаһандану, ғаламдық індет, сондай-ақ басқа да аумалы-төкпелі өзгерістер легі саналы адамды ойландырмай қоймайды. Оның бір себебін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен де қымбат» мақаласында: «Жаһандану кезінде ел жат жұрттың ықпалына бейсаналы түрде ілесіп кеткенін аңғармайды. Басқаша айтқанда, мәжбүрліктен емес, санасының улануы арқылы өз еркімен торға түседі. Сондықтан жаңа заманның жақсы-жаманын екшеп, артықшылықтарын бойға сіңірумен қатар, тамырымызды берік сақтауымыз қажет. Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден-бір кепілі» деп атап көрсетті.

Ал біздің ең басты құндылығымыз бізге ғана емес, сан ғасырлар бойы ата-бабаларымызға да бәрінен қымбат болды. Соған қол жеткізген біздің ұрпақтың одан асқан байлығы жоқ, оған теңдес тірегі де жоқ. Қымбатымыз бен асылымызды қорғап, елдігімізді нығайту үшін шынында салт-дәстүрімізді сақтауға міндеттіміз. Соның бірі – отбасын құру, көп балалы болу деп айтар едік. Біз ең әуелі көп болуға, яғни бірлігі мығым халқымызбен көп болуға тиіспіз. Ықылым заманнан көбеюді өсиет еткен салт-дәстүрімізді ұстануға не кедергі? Бұдан да қиын кезеңдерге ата-бабаларымыз ұрпақ өрбітті емес пе? Сондықтан бәрін уақытша қиындықтарға, әлеуметтік жағдайға сілтей салу қаншалықты қисынды?

Біздіңше, тым жиілеп кеткен дәм-тұздың жараспауы, түрлі себептермен ажырасу, мейірімсіздік пен қайырымсыздықтың қаптап кетуіне әсерін тигізген жәйттердің алдын алу керек деп ойлаймыз. Өйткені тұрақты отбасын құру, көпбалалы болу – ұлтымыздың санын ғана емес, сапасын да еселеп арттырудың негізі. Олай болса, мемлекеттік құндылықтардың бірегейіне қамқорлық таныту – азаматтық қоғамның парызы десе болады. Көпбалалы болу тұрмысты тұралатудың орнына тынысты кеңейтіп, кедейліктен құтқаратын, ертеңгі күнге аяқты нық басқызатын құтты қадамға айналуы тиіс.

Отбасы құруда кездесетін қиындықтар некелесудің кешігуіне әкеліп соғады. Осындай жәйттердің белең алып, өршіп-өсуі тиісті орындардың жұмысын жаңаша құруды талап етеді. Халқымызды алаңдататын мәселенің күйіп тұрғаны да жасырын емес. Мұндай жағдайды «Қайтып келген қыз жаман», «Тыртақай жігітке жыртақай әйел кез болар», «Отбасы ала болса, кереге басы сайын пәле бар» деген нақылды естіп өскен жастардың өздерінің қатысуымен, олардың ақыл-парасатымен ғана түзеуге болады.

Сондай-ақ жастар, отбасы, әйелдер ісі, ардагерлер ұйымдары, діни бірлестіктер мен басқа да түрлі қоғамдық-саяси ұйымдар да бұл істен шет қалмайды деп ойлаймыз. Олардың отбасын сақтаудағы рөлі дәл осы жерде көрінуі тиіс.

Жалпы, ажырасудың зияны мемлекет үшін де, отбасы үшін де орасан. Дүние-мүлік бөлісу, алимент өндіру машақатынан бұрын, бала-шағаның психологиялық ахуалын көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Тағдырдың кездейсоқ соққысынан ғұмыр бойына таңба қалады, оның зардабын көбірек тартатын да балалар.

Фактілерді атап көрсету де ерсі бола қоймас.

Отбасы жайлы ұлттық баяндама мен ресми статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2015-2019 жылдар аралығында 709,6 мың неке тіркелсе, оның 274,5 мыңы ажырасыпты. Демек бес жыл ішінде орта есеппен күніне тіркелген 389 некенің 150 отбасының дәм-тұзы жараспаған. Ал 2019 жылы 120 мыңға жуық адамның некесі бұзылса, соның жартысынан астамы 18-35 жас арасындағы жастар екен. Мұндай ажырасу жағдайлары үлкен қалаларда ғана емес, еліміздің аймақтарында, шалғай аудандар мен алыс ауылдарда да орын ала бастағаны қоғамды ойландыруы керек.
Осындайда ұлтымыздың салт-санасы мен әдет-ғұрпын заманға сәйкестендіріп, қалпына келтіру мен ұстанудың да реті бар.

Үйленіп, некесін қиятын кезде естияр, салиқалы адамдардың (екі тараптан) куәлікке жүруі жауапкершілікті арттырса керек. Бұл ғұрпымызды жаңғырту тұрғысынан да өзін-өзі ақтайтын шара деп ойлаймыз.

Ажырасатын жастарға медиация көмегін де үйлестіруді жолға қойған жөн. Арнайы төленетін баждың көлемін едәуір көбейтудің реті бар. Бір емес, кемінде үш тағдырдың бұзылғаны үшін моральдық шығындармен бірге, экономикалық жауапкершіліктің көзделгені дұрыс.
Сот процесіндегі қарау мерзімін барынша ұзарту көп жастардың қайта шешім қабылдауына мұрсат береді. Өздерінің шешуші қадамын саналы түрде бағалауына мүмкіндік алады.

Жалпы дінімізде де үйлену, көбею турасында жақсы айтылатынын білеміз. Олай болса, Тәуелсіз еліміздің негізі болып табылатын отбасын сақтап қалудың харакетін жасаудың әрбір пендеге сауабы бар.

Дархан МЫҢБАЙ,
Мәжіліс депутаты

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?