«Самұрық-Қазына» қоры алдағы уақытта жаңа стратегиямен жұмыс істейді. Бұл туралы бүгін «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Президенттің таяудағы Жолдауына сәйкес дайындалған жаңа даму стратегиясы 2023-2032 жылдарды қамтиды. А.Сәтқалиевтің айтуынша ол активтер портфелін тиімді басқару, бизнеске арналған экожүйе, тұрақты даму, адал бәскелестікті дамыту, таза активтердің құнын арттыру сияқты бағыттар мен мақсаттарды көздейді.
Қордың Қазақстан экономикасындағы үлесін 2032 жылға қарай 5 пайызға дейін азайту жоспарланып отыр. Қордың стратегиялық емес активтері экономикалық жағынан орындылығы мен тиімділігіне қарай кезең-кезеңмен шығарылатын болады. Осылайша «Самұрық-Қазына» біртіндеп инвестициялық холдинг моделіне ауысып, портфельдік компаниялардағы үлесін қысқартпақшы.
Қор бүкіл компаниялар тобының алдына таяудағы 10 жылға бірқатар нақты міндеттер қойып отыр. Олардың ішінде Қордың таза активтерінің жалпы құнын 2 есеге арттыру, еңбек өнімділігін 1,5 есеге арттыру, таза көміртегінің қоршаған ортаға әсерін 10 пайыға төмендету және тағы басқа мәселелер бар.
Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» 16 жаңа басым инвестициялық жобалардың тізімін ұсынды. Мұнда мұнай-газ химиясы саласын дамыту, ұлттық электр желісін жаңғырту, 5G интернет желісін салу, жаңа теміржолдарды салу және т.б. жобалар қамтылған. Бұл жобалар түптеп келгенде Қазақстан халқының өмір сүру сапасын жақсартуға тікелей бағытталып отыр. Мұның бәрі жаңа жұмыс орындарын ашудан бөлек, еңбек жағдайы мен экологиялық ахуалды жақсарту, тіршілік ету деңгейін арттыру, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту сияқты ұзақ мерзімдік жанама әсер беретін де айта кету керек..
Сондай-ақ, А. Сәтқалиевтің айтуынша 2025 жылға дейін «Самұрық-Қазына» қоры Қазақстанның ірі компанияларын жекешелендіруге, IPO мен SPO-ға шығаруға бастамашылық ете отырып, үлесін қысқартады. Жақында Қазақстанның көптеген қалаларында халықты кеңінен тарту үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстары басталады дегенді айтты.
Аталған мерзімге дейін ҚМГ, AirAstana, QazaqGaz және ҚТЖ компанияларын IPO-ға шығару, KEGOC компаниясының SPO-сын өткізу жоспарланып отыр. «Самұрық-Энерго» компаниясын екі кәсіпорынға бөлінбекші. Бұл ретте, Қор стратегиялық активтердегі бақылау пакеттерін өзінде сақтап қалады.
Мемлекет басшысының биылғы қайтар айында айтқан сынынан кейін «Самұрық-Қазына» топ-менеджерлерінің саны екі есеге қысқарған көрінеді. А.Сәтқалиев көпшілік көкейінде жүрген Қор қызметкерлерінің жалақысына қатысты сұраққа да жауап берді. Ол әрбір жалақының еңбек нәтижесіне тікелей тәуелді екенін түсіндірді.
«Анау айтқандай үш еселенген жалақы жоқ. Сонымен қатар, еңбекке ақы төлеудің әділ жүйесіне қатысты барлық нақты ереже әзірленді, олар негізгі сыйақыны да, жыл қорытындысы бойынша сыйақы төлеуді де білдіреді. Ол қызметтің негізгі көрсеткіштерін, жұмысты жеке, корпоративтік орындауға нақты байланыстырылған», — деді Қор басшысы. Бұл мәселе директорлар кеңесінің жіті бақылауында екенін де ескертіп өтті.
Ә.Смайылов