
Шымкент қаласында еңбек қатынастары мен халықты жұмыспен қамту саласында бірқатар жүйелі шаралар қолға алынуда. Жұмысшылардың құқықтарын қорғау, жалақы қарыздарын өндіру және еңбек заңнамасын бұзу фактілерін азайту — бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек қатынастарының ашықтығын қамтамасыз ету мен масылдықты жою бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Осы және өзге де мәселелер туралы Jas Qazaq тілшісі министрлікке қарасты Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті төрағасының орынбасары Самат Қазақбаевпен сұхбаттасты.
– Самат Қосайұлы, бүгінде еліміздегі еңбек ахуалы қандай?
— Биыл 1 қыркүйектегі жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 257 кәсіпорны 3,7 мыңнан астам жұмыскерге 1,4 млрд теңгеге жалақы бойынша берешек екенін анықтады. Сонымен бірге түрлі ұйымдарда жүргізілген тексерулер барысында еңбек құқығы бұзылуының 4,7 мыңнан астам фактісі анықталды. Жалақы бойынша берешегі және еңбек құқығының бұзылуы анықталған кәсіпорындардың басшыларына орындауға міндетті 2 602 ұйғарым берілді және 332 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Қабылданған шаралардың, оның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеудің нәтижесінде 3 437 мың жұмыскердің құқықтары қорғалды. Оларға 1,2 млрд теңге төленді. Бұдан басқа, еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету мәселелері ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ерекше бақылауында. 2025 жылғы 1 қыркүйектегі деректер бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары 4 013 тексеру жүргізді, оның барысында 4 706 бұзушылық анықталды, оның ішінде: еңбек саласында – 3 965; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 721; халықты жұмыспен қамту бойынша – 20.
– Ал Шымкент қаласында еңбек саласында қандай өзекті мәселелер бар?
– Басты мәселе — жалақы бойынша берешектер және еңбек құқықтарының бұзылуы. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 30 мың жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды. Бұл ретте, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шымкент қаласы бойынша Департаменттің штаттық кестесіне сәйкес 10 мемлекеттік еңбек инспекторы қарастырылған, нақты 7 инспектор жұмыс жасайтынын атап өтеміз. Ағымдағы жылдың қыркүйек айындағы жағдай бойынша (әрі қарай — Есептік кезең) Департаментке азаматтардың 1 723 жолданымдары (арыз) келіп түсіп, оның ішінде еңбек қатынастары бойынша 1 721 жолданым, еңбек қауіпсіздігі бойынша 2 жолданым заң аясында тиісінше қаралды. Есептік езеңде жалпы 246 тексеру жүргізілді, 190 заң бұзушылық анықталды, 123 нұсқама беріліп, 13,8 млн. теңге көлемінде 71 әкімшілік айыппұл түріндегі жаза қолданылып, бюджетке оның 10,3 млн. теңгесі (74,6%) өндірілді. Сонымен қатар, жеке қабылдауға келген 31 азаматтың мәселелері тыңдалып, тиісті түсіндірмелер берілді. Нәтижесінде, 1 000-ға жуық азаматтардың еңбек құқықтары қорғалды. Бұл ретте, Комитеттің аумақтық бөлімшелері тарапынан еңбек құқықтарының бұзылуына қатысты жүгінетін азаматтардың қай санаттқа (мүгедектер, зейнеткерлер және т.б.) кіретіндігі сарапталмайтынын атап өтеміз. Есептік кезеңде мемлекеттік еңбек инспекторлары тарапынан 62 кәсіпорында 172 жұмыскерлер алдындағы 62,3 млн.теңге жалақы қарызы өндірілді, яғни 172 жұмыскердің бұзылған еңбек құқығы қалпына келтірілді. Бүгінгі күні Шымкент қаласы бойынша жалпы 13 кәсіпорында 95 жұмыскердің алдында 121,8 млн.теңге жалақы берешегі қордаланып отыр. Бұл бағытта департамент тарапынан барлық заңды шаралар қабылданып жатыр.
– Жалақы қарызы бар кәсіпорындарға қатысты қандай нақты әрекеттер жасалуда?
– Мұндай кәсіпорындарға міндетті ұйғарымдар беріліп, орындалмаған жағдайда іс сот орындаушыларына жолданады. Қазір өңірлік жеке сот орындаушылар палатасымен бірлесіп жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі күні Шымкент қаласы бойынша жалпы 13 кәсіпорында 95 жұмыскердің алдында 121,8 млн.теңге жалақы берешегі қордаланып отыр. Оның ішінде, 4 кәсіпорында 22 жұмыскердің алдында 31 млн.теңге ағымдағы берешек («Total industry» ЖШС 3 жұмыскерге 4,2млн. теңге, «Хлопкопром-Целлюлоза» ЖШС 7 жұмыскерге 5,7 млн. теңге, «Шымкентхиммонтаж» ЖШС 3 жұмыскерге 19 млн. теңге, «Арыстан» күзет аггенттігі» ЖШС 9 жұмыскерге 2,1 млн. теңге), 2 кәсіпорында 4 жұмыскердің алдында 1,76 млн.теңге мерзімі өткен («Центр по водным видам спорта» ЖШС 1 жұмыскерге 0,9 млн.теңге, «OKS-Service» ЖШС 3 жұмыскерге 0,86 млн.теңге) жалақы берешегі бар. Қаланың кәсіпорындарында қалыптасқан жалақы берешектер бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары тарапынан заңмен қарастырылған барлық шаралар қолданылып, белгіленген мерзімде берешектер өтелмегендіктен мәжбүрлі түрде орындату үшін өңірлік жеке сот орындаушылар палатасына жолданып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
– Биыл еңбек инспекциясы Шымкент қаласында қандай нәтижелерге қол жеткізді?
– Мемлекеттік кірістер органдарының құзырында банкроттық рәсім қолданылған 6 кәсіпорында («Конти-Строй» ЖШС 22 жұмыскерге 26,1 млн.теңге, «КазНур-проект» ЖШС 1 жұмыскерге 1,9 млн.теңге, «Феб строй» ЖШС 2 жұмыскерге 34,1 млн.теңге, «Оңтүстік құрылыс компаниясы» ЖШС 1 жұмыскерге 2,8 млн.теңге, «Ұлан-Сервис» ЖШС 2 жұмыскерге 5,5 млн.теңге , «СтеклоСистема» ЖШС 7 жұмыскерге 7,1 млн.теңге), оңалту рәсімі қолданылған 1 кәсіпорында («ШымкентҚұрылыс» ЖШС 34 жұмыскерге 11,5 млн.теңге), жалпы 69 жұмыскер алдында 89,0 млн.теңге жалақы бойынша берешек бар. Аталған берешекті түпкілікті өндіру мақсатында жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасымен өзара іс-қимыл жасалуда, атап айтқанда, осы қыркүйек айына Департамент бастамасымен прокуратура органдары алаңында созбалаңға салынған атқарушылық өндірістер бойынша әділет, кірістер органдары, жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасы, мемлекеттік еңбек инспекторлары, сондай-ақ кәсіподақтар өкілдерін жұмылдыра отырып, арнайы жиын өткізуді жоспарлануда. Дегенмен, қазіргі таңда Еңбек кодексіне еңбек заңнамасының орындалуына бақылауды күшейту мақсатында бірқатар толықтырулар енгізу жоспарланып отырғанын хабарлаймыз. Мәселен, ірі және орташа өнеркәсіптік кәсіпорындарда міндетті түрде өндірістік кеңестердің құрылуын, техникалық инспекторлардың мәртебесін және уәкілеттерін бекіту, мемлекеттік еңбек инспекторларын бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерінің бұзылуы фактілері туралы ақпарат негізінде жоспардан тыс тексерістерге шығуы құқығына бөлеу және т.б. шаралар енгізу көзделуде. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты негізде жүргізіледі.
– Шымкент қалалық еңбек инспекциясы қазіргі таңда қандай кадрлық құраммен жұмыс істеп отыр?
– Штаттық кесте бойынша 10 инспектор қарастырылған, қазіргі таңда нақты 7 инспектор қызмет етуде. Соған қарамастан, еңбек заңнамасының сақталуына бақылау жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
– Масылдықты азайту мен халықты еңбекке ынталандыру бағытында қандай шаралар қабылданып жатыр?
– Масылдық — тек әлеуметтік мәселе емес, ол еңбек нарығының тұрақтылығына да әсер етеді. Сондықтан біз жұмыспен қамту бағдарламалары аясында халықтың белсенділігін арттыруға баса назар аударамыз. Бұл бағытта қоғамдық жұмыстар, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту және жеке кәсіп бастауға арналған мемлекеттік қолдау тетіктері іске қосылған.
– Еңбек заңнамасына қандай жаңа өзгерістер енгізілмек?
– Еңбек кодексіне толықтырулар енгізу жоспарлануда. Соның ішінде ірі және орта кәсіпорындарда өндірістік кеңестер құру, техникалық инспекторлардың мәртебесін арттыру, еңбек қауіпсіздігін сақтау бойынша БАҚ арқылы түскен сигналдарға орай жоспардан тыс тексерістер жүргізу құқығын енгізу қарастырылған.
– Еңбек құқығын қорғаудағы басты мақсат не деп ойлайсыз?
– Ең бастысы — әрбір азаматтың еңбегі әділ бағаланып, уақытылы төленуі. Біз үшін жұмысшының құқығын қорғау – әлеуметтік әділеттіліктің негізі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты әрі жүйелі түрде жүргізіле береді.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Олжас Әбдіхалық