Сайқымазаққа сыйынатындар тұлғаңа түкіреді

30 наурыз 2018, 12:15

Ғалым Смағұл

27 наурыз – Халықаралық театр күні. Осы мерекеге орай, біз Мұхтар Әуезов атындағы драма театрының актері Бекжан Тұрыспен әңгімелескен едік. Бекжан Тұрысты таныстырып жатудың өзі артық. Ол өмірдің кейбір көлеңкелі көріністерін театр сахнасына әкеліп, әдемі әр беріп жүрген талантты әртіс. Ол өнер тақырыбына ғана емес, қоғамдық-әлеуметтік тақырыптарға да сын көзбен қарайтын жан. Онысын осы сұхбатында да көрсетті.

Жас қазақ: «Ұлым, саған айтамын» деген қойылым қойдыңыз. Осы сияқты қоғамдық, әлеуметтік мәні терең, халыққа ой салатын дүниелер театрдың ауқымына, сахнасына сыймайтын сияқты. Неге?

Б.Тұрыс: Бүгінгі қоғам қажет дүниені керек етпей тұрған қоғам болып тұр. «Ұлым, саған айтамын» қойылымын көріп шыққан болсаң, ол – ұлттың қалыптасуы, рухани жаңғыру. Сол кеште халықты біраз сілкіп алған болатынбыз. Елбасы ұсынып отырған қай бағыт болсын, барлығы рухани әлемді байытатын қадам. Ал рухани байлығы мол адам өзгенің алдында өзін үнемі көрсетіп, дәлелдей алады. Бұл дүниемізбен рухани жаңғыру басталмай тұрған кезде, жаңғыртып қойдық! «Ұлым, саған айтамын» ақын Бақыт Беделхан екеуміздің бірігіп жазған дүниеміз.

Жас қазақ: Театрдың репертуарына енгізу жайын ойланып көрмедіңіз бе?

Б.Тұрыс: Ол әңгіме сол кезде айтылған. Көрермендерден де көп хат келді. Ішінара кейбір жерлері қайтадан қаралса деген ұсыныстар болған. Бірақ айтылуға тиіс нәрсені халыққа жеткізе алмасақ, құны кетеді. Шикі болып қалады. Ол жерде артық ештеңе айтылған жоқ. Әрбір қазақтың басынан кешіп отырған жағдайын, бүгінгі қоғамды айттық. Театрда қою туралы да сөз болған. Бірақ болмады. Кейінге қалдырыла берді.

Жас қазақ: «Қожанасыр тірі екен» комедиялық қойылымды жалғыз өзіңіз сүйрейсіз. Тіпті алып кемені Бекжан Тұрыс жалғыз өзі сүйреп бара жатқандай көрінеді бізге. Кейде «Осынша дүниені неге жалғыз өзім жеткізуім керек? Неге басқалар да әрекет етпейді? Олар да айлық алады ғой» деген пенделік ой болмай ма?

Б.Тұрыс: Жоқ. Мен пенделіктен адамын. Мен ылғи Гогольдың бір сөзін алға тартып айтып жүремін. Ол «Қарапайым адамға кешірілген пендешілік, талантты адамда кешірілмейді» депті. Сол үшін пендешіліктің кіндігін кесіп, кемеңгерлікке қарай қадам бассақ деп жүрген жанбыз. Жас шамамыз да соған келді. Әркім өзінің сүйген кәсібінен ондай кінәрат таппайды. Барлығы өзінің шама-шарқына қарай әрекет етеді. Менің ұстанымым – ұлтқа қызмет ету! Сол үшін «Қожанасыр тірі екен» қойылымына қоғамдағы күнделікті жаңалықты қосып отыруға тырысамын. «Театр – қоғамның айнасы» деп бекер айтылмайды. Кейде артық нәрсе айтудан қорқақтайтындар бар. Менің айтып жүргенім артық сөз емес. Бүгінгі қоғамның ащы шындығы. Бірақ бүгінде шындықтан айналып өтіп, ақиқаттың ауылынан алыстап кеттік. Сол себепті кішкене болса да, айтқым келген дүниені сәтімен, орайымен айтып қалғым келіп тұрады. Аллаға шүкір, бүгінгі көзіқарақты көрермен сауатты. Тез түсініп, ой қорытып жатады.

Жас қазақ: Осы «Қожанасыр тірі екенді» ойнаған кезіңізде қоғамның қотырын қаситын ащы тақырыптарды қосып жібересіз. Әлдебіреулердің намысына тиіп аламын деп қорықпайсыз ба, қоқан-лоққы жасаған қоңыраулар түспеді ме?

Б.Тұрыс: Жоқ, ондай жағдай бүгінге дейін болған емес. Өйткені мен бір сөзімді ойдан қосқан емеспін, тек шындықты ғана жеткіземін. Қазір ұлы тұлғаларға табынудың орнына, Сайлаубекке сыйынатындар көбейіп кетті. «Қожанасыр тірі екен» деген қойылымда бар болғаны соны айналдырып әкеліп, өздеріне көрсеттім.

Менің де сарқылуым мүмкін

Жас қазақ: Қазақ театрларында өмір бойы қызмет етіп келе жатқан ақсақалды ата мен ақжаулықты аналарымыз көп. Бірақ бүгінге дейін сол қарияларымыздың кейбірінің сәтті бірде-бір образы жоқ. Әйтеуір, айлық алып келе жатыр. Кейде сол кісілерге өнер адамы, әріптес ретінде жаныңыз ашымай ма?

Б.Тұрыс: Біреу жайында әңгіме айту асылық. Ол кісілер осында актер ретінде қабылданғаннан кейін бүгінге дейін құрдан-құр жүрді деп айтуға болмайды. Кім біледі, менің де бір күні сарқылуым мүмкін ғой? Бойдағы қуат жас өтіп, заман жаңарған сайын өзгеріске ұшырайды. Жалпы еткен еңбектің жемісі жерде қалмайды. Театрдың көрермені саралап, сізді тауып, танып алады. Ал өзімнің әріптестерім мен олардың еңбегіне қатысты сөз қозғау азаматтығыма сын! Сондықтан біреу жайында әңгіме айтудан аулақпын.

Жас қазақ: Былтыр Есмұхан Обаевтан сұхбат алғанбыз. Сөз арасында «Бізде кейбір зейнетке жетсем болды деп, сүйретіліп жүретін әртістер бар. Менің соларға жаным ашиды. Өнерге, театрға неге келгенін түсінбеймін?» деп айтып еді. Сұрағым келген әңгіменің төркіні осы еді.

Б.Тұрыс: Өнерге адам адасып келмейді. Мүмкін, шама-шарқына қарай бүгінгі көшке ілесе алмай қалып жатқандар бар шығар. Бірақ Алла әркімнің маңдайына бір бақ, таңдайына бір дән бұйыртады. Бәріміз де сол бақпен, сол дәнмен жүрген жанбыз.
Жас қазақ: Өнер адамдары қарапайым халықпен салыстырғанда сезімтал келеді. Соңғы кезде шоу бизнесте, театрда жүрген өнер адамдарының көбі ұлтқа, ел мен жерге қатысты тақырыптарға келгенде сезімдері өліп қалғандай үнсіз. Неге?

Б.Тұрыс: Көрші Ресейді алып қарар болсақ, ондағы актер мен әншілердің ұлт тағдырына келгенде белсенділігі сұмдық! Ал бізде алынбай қалған атағын айтып, концертке шыға алмай қалғанын айтып жылап жүреді. Барлығы дей алмаймын. Бірақ мұндайлар көп. Арасында бой көрсетіп қоятындары да бар. Дегенмен жасқаншақтық танытады. Орыстың қай азаматын түртіп қалар болсаңыз, намысшыл. Оңтүстік Қазақстан облысында болған он екі жасар балаға қатысты жағдай Ресейде болса, барлығы бір ауыздан «Құдайым, халқымды сақтай гөр» деп тілеу тілейді. Тіпті қаңғыбастарына дейін. Ал бізде тек таңырқап қараймыз. Тіпті түрік қызының Голливудта түсірілетін кинодан бас тартқанын ерлікке балап айтқан едім. Әлеуметтік желіде қыздар мені талап тастайын деді. Мен ол кезде біздің қыздарымыз да осындай тәуекелге бара ала ма деген оймен, намысын ояту мақсатында жазған едім. Ақша, атақ үшін киноға жалаңаштанып түсіп жатқандар баршылық. Ал түріктің қызы «Біздің табиғатымыз мұндай тірлікке жат әрі қарсы» деп намысын ақшаға, атаққа сатқан жоқ. Ал біздің қыздар өзге ұлттың киносына түссе, мәз болып, кеудесін кереді. Түрік қызы қаншама қомақты ақшадан бас тартты. Салыстырып көріңізші. Қай дәуірде де ұлттың болашағы қыздардың қолында болған.

Жас қазақ: Сіз айтып отырған Ресейде өнер адамдарына деген құрмет бөлек, ал бізде өнер адамдарына деген құрмет әлі төмен сияқты. Тіпті көшеде бір актерді көріп қалсақ, мән бермей өте шығамыз…

Б.Тұрыс: Құрметтің ең биігі дінге деген құрмет. Ал адамға деген құрмет міндет емес. Әртіске құрмет көрсету керек деген оймен көп адамды құртып алдық. Біреуді мақтау арқылы өсіруге де, өшіруге де болады. Ал қазір халықтың үстінен сөз айтатындар көбейіп кетті. Адам өзінің ісімен, сөзімен танылып, елдің құрметіне бөленіп, жүрегінің төрінен орын ала алады. Анық жақсылыққа лайық жан болсаңыз, халық ешқашан лақтырып тастамайды. Бірақ соны көтере алмай, халықтың өзіне қарсы секіріп жатқандар көбейді. Мәселенің барлығы білімнің емес, сананың жетістігінде. Бірақ санадағы сілкініс өзгермей тұр.

Өнердің қадірін адам кетіреді

Жас қазақ: Өнерге өзіңізден кейін келген қаншама қыз-жігіттер атағын малданып әлеуметтік жағдайын жасап алған. Біреуінде төрт қабатты үй, біреуінде жеке бизнесі, рестораны, шаруашылығы бар дегендей. Сізде осының қайсысы бар?

Б.Тұрыс: Әңгіменің басында айтқанымдай, пендешіліктен алысырақ жүруге тырысатын адаммын. Байлықты қызық пен жұбаныш ретінде көрген пенде емеспін. Үнемі шүкіршілікпен өмір сүремін. Мен рухани баймын! Мендегі рухани байлық зәулім үйі бар жандарда бар ма екен? Мәселе осында. Рухани бай адамның жаны тыныш болады. Ал дүние жиған адамның өмір бойы ұйқысы қанбайды, жан-дүниесін қорқыныш, мал-мүлік билеп тұрады.
Біреудің бабы, біреудің бағы шабатын шығар. Оған ешқашан қызғанышпен қарап көрмеппін. Дүние жағынан ешкіммен таласқа түсіп, біреудің мүлкін санағым келмейді. Қанымда жоқ қасиетке бас ұрмаймын!

Жас қазақ: Бекжан аға, сізді мықты асаба дейді ғой. Бүгінде әртіс те, әнші де тоймен жан бағып жүр. Өнердің сахнасы киелі, ал тойдың сахнасына әркім бір шығады. Түнімен той қуған актер театр сахнасына шыққанда өзін тойда жүргендей сезінбей ме?

Б.Тұрыс: Менің ойымша, әншілер де, әртістер де тойға жетіскенінен бармайды. Өзім де кезінде тойға барып, жан бақтым. Жан-жағымдағы туысыма көмектестім. Ол материалдық жағдайдың жетіспеушілігінен. Қазір, мысалы, көп жастардың басында баспана жоқ. Жағдайын жақсартқысы келеді. Оларды сөгуге болмас. Кеше тойда болып, бүгін театрда өнер көрсету әркімнің қарым-қабілетіне байланысты дүние. Әртіс адамдарының артынан сөз көп ереді. Актердің жағдайын жасап, айлығын жақсартса, тойға бармай-ақ, осында жұмыс істейтін еді. Жоқтықтан, мұқтаждықтан той жағалап асаба болады. Мысалы, менің айлығым 110 мың теңге. Егер әртістердің айлығы 1500-2000 доллар болса, бірде-бір актер үйіне бармай, осында қонып-жатып жұмыс істейтін еді.

Жас қазақ: Соңғы жылдағы жазушылар мен өнер адамдарының арасында бір-біріне жауласу тереңдеп кеткен сияқты. Жуырда өткен Жазушылар одағының құрылтайы соның бір дәлелі. Зиялы қауым өкілдерінің арасындағы дұшпандық, жауласу қайдан келді, қайда барады?

Б.Тұрыс: Бұл нәрсе бізді де толғандырады. Әдебиетімізде осындай сорақылылықтың болып жатқаны адамды қынжылтады. Ұлттың жанашыры, ұлттың тәлімгері, мақтанышы деген адамдарымыз ұсақтыққа барып жатса, сонда кімге қарап, кімге сенеміз? Ұрпақ кімнен үлгі алады? Маған бұл сұрақтардың жауабы қызық.
Қазір әдебиет пен өнердің қадірі кетті деп жатады. Шын мәнінде, екеуінің қадірі кеткен жоқ. Жай ғана соның қадірін кетіріп жүрген адамдар бар. Қазір өзі өнерді қалжаға, білімді саудаға айналдырған заман болды. Елдің берекесін алды. Осындайда Бауыржан Момышұлы, Тоқпановтың тоқпағы сияқты адамдар жетпей тұрады. Кеше кішкентай нәрсені күлкімен-ақ шешетін үлкендер болды. Қазір аз.

Рөлге ренжіген жерім жоқ

Жас қазақ: Театрда рөлдерді бөлісу деген бар. Сізге тимей қалған, «шіркін-ай осыны мен ойнасам ғой» деген арманыңызға айналған рөл болды ма?

Б.Тұрыс: Бүгінге дейін ондай жағдай болмапты. Енді-енді айта бастауым мүмкін. Өзіме берілген рөлді үнемі жауапкершілікпен ойнауға тырыстым. Қаншалықты ойнағанымды көрермен бағалайды. Қарап отырсақ, былайша өмірде жасаған қиянатымыз болғанымен, өнерге ешқашан қиянат жасамадым. Елуден аса рөлді сомдаппын. Бәріне жанымды салдым. Мынау менікі емес, анау менікі деп бөле қараған жоқпын. Басты рөл берілсе де, қосалқы ойын берілсе де, бәріне бірдей жауапгершілікпен қараймын.

Жас қазақ: Театрдағы кейбір қойылымдарды қарап отырған кезде көз алдымызға ойнап жатқан адамды кейіпкерімен ұқсата алмай жатамыз. «Шіркін, ананың рөлінде басқа кісі болу керек еді» деген сияқты көрермен ретінде біздің де жеке пікіріміз болып жатады. Соған қарағанда, рөл бөлуде «бармақ басты, көз қысты» деген дүние бар сияқты.

Б.Тұрыс: Менің бір білетінім, кім театрда еңбек етеді – сол адамға рөл беріледі. Ал рөлден қашып жүрген адамға режиссер рөлді сеніп тапсырғысы келмейді. Сіз айтқан жағдайдың рас-өтірігін білмеймін. Бірақ барлығы адамның тек өзіне байланысты. Қазақта «Жақсы ісінен көреді, жаман кісіден көреді» деген сөз бар. Сондықтан театрға келмей, сырттай пыш-пыш әңгіме айтып, рөл бермей қойды дейтіндер алдымен өздерінен көрсін.

Жас қазақ: «Бүгінгі жастар Абай мен Қайрат Нұртас қатар тұрса, алдымен Қайратты төрге оздырады» деген сияқты ойлар айтып жатады кейбір зиялы азаматтар. Мұны іріліктің ұсақталғаны дейміз бе? Әлде халық бойындағы жақсы қасиеттің жоғалуы деген дұрыс па?

Б.Тұрыс: Қазақ өзінің болмысынан, мінез-құлқынан айырылып қалды. Мен «Ұлым, саған айтамын» қойылымын қойған кезде де ұлтымыздың салауаттылығын, қадір-қасиетін арттырсам деген мақсатпен өз ойларымды ортаға салдым. Жастарды көп сынайды деп айтуы мүмкін. Біз жастарға көп сенім артамыз. Қуатты ел боламыз десек, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне ерекше мән беруіміз керек. Өйткені ұлттың ертеңі бүгінгі ұрпақтың қолында. Қазіргі таңда етек алып бара жатқан ата-баба дәстүріне қарсылықтың ең басты себебі – ұлттық қадіріміздің қадірін жете түсінбегендіктен туындап жатыр.
Біз қазір қомағай қоғам, өнегесіз өркениетпіз. Көпіріп сөйлейтіндерді шешен етіп қойдық. Бүгінде бәрі ұлтының жанын ұқпай жатып ұлы адам болғысы келеді. Мысалы, елде болған жақсылыққа бәріміз қуанамыз, ал жамандығына бей-жай қараймыз. Көрмейін десең көзің, айтпайын десең аузың бар. Бір ойшылдың «Адам заңның емес, салт-дәстүрдің құлы болған кезде ғана шыңайы өмір басталады» деген сөзі бар. Елбасы неге рухани жаңғыруды ұсынып отыр? Міне, соның барлығын жаңартсын дегені. Бірақ жоғарыдағы көп кісілердің өзі сол рухани жаңғыруды түсінбеуі мүмкін.

Сатира сайқымазаққа айналды

Жас қазақ: Бекжан аға, енді сатира туралы бір-екі сұрақ қоя кетсек. Сатира театрларына деген өзіңіздің бағаңыз қалай? Мысалы, кеше ғана әнші Жұбаныш Жексен бір сұхбатында «Тұрсынбек Қабатовты әртіс деп бағалай алмаймын. Ол асхананың әңгімесін айтатын болды» депті. «Өнер қырандарын» да сынаған. «Халықты үнемі жылата береді, күлдіруге тырыспайды» деген ойлар айтыпты. Сіздің де табиғатыңыз сатираға жақын ғой. Бұл пікірге не айтасыз?

Б.Тұрыс: Шыны керек, сатираны сайқымазаққа айналдырып алдық. Әзілдің астары, қалжыңның мысқылы болмаса, ол әшейін дүние. Қазақ әу баста әдеп пен әзілді қадірлеген халықпыз. Ал бүгін күлдіреміз деп бүлдіріп алып жүрміз. Қазақ жігіттерінің әйел болғанын құптамаймын. Бұрынғымен салыстырар болсақ, әр айтқан әзіліңде ой салар астары тұратын. Олар соны ешқандай олқылықсыз-ақ әдемілеп жеткізе алды. Ұлт болып көретін ұлттық телеарнадағы «Жайдарманды» алайықшы. Сол бізге керек пе? Соны кейбір үлкендер де теледидар алдына телміріп отырып көреді. Қарасаң, қарның ашады. Ұлтты рухтандырып, елді ойландырып, жұртты толғандыратын дүниелер діңкелеп тұр. Неге сондай бағдарлама жасамасқа? Арзанмен арпалысудың орнына, керісінше жасаймыз. Мұндай сын айтсаң, сені ұлттың, халықтың жауы санайды. Сын айтылса, түзету керек.

Жас қазақ: Көп дүниеге көңіліңіздің толмайтынын бүгінгі әңгімеңізден тағы бір байқағандай болдық. Түйін сөзді де өзіңіз айтыңызшы!

Б.Тұрыс: Актердің кемшілігі – мақтау сөз күту. Өнер – ұлтқа қызмет ету. Намысын нанға сатпау керек. Өз ұлым Мағжанды қолымнан келгенше қазақы болмыста тәрбиелеп жатырмын. Ұлттық болмыс дегеніміз – наурызда қазақы киім киіп, наурыз көже ішіп, ұлттық ойын ойнаумен ғана шектелмейді. Қанымыз таза болғанымен, жанымыз тазармай жүр. Ұлыма үнемі «Сен, менің ғана емес, ұлттың ұлысын. Сол жауапкершілікті сезіне біл. Өйткені сырт елге шыққанда, Бекжанның баласы емес, қазақтың баласы боласың» деп үнемі айтып отырамын. Қазақы мінезден, салт-дәстүрден ада болып барамыз. Мұның барлығынан қорқуымыз керек.
Кез келген қазақтың тілейтіні – ол біздің тәуелсіздігіміз, амандығымыз болуы керек. Ағаш өскен сайын тамыры тереңге тартады дегендей, жасымыз келген сайын көп ойланатын болдық. Жап-жас үрімдей қыздарымыз темекіні түтетіп тұрғанын көргенде кеудем қарс айырылады. Алдында «бұларың не?» деп бір-екі рет айтқанмын. «Арп» етіп қауып алды. Қазақ қызынан ондай сөз естігің келмейді. Бұрын даламыз бен еліміздің кеңдігін, қайғы-мұңымыздың барлығын қазақ қызының кірпігінен іздеуші едік. Ал бүгінде сол бейнелер жоғалып, саналарын сән билеп барады. Ұлттық рух алдыға озған кезде ғана қыз ұятсыз, ұл ұлағатсыз болмайды.

Сұхбаттасқан Жарас Кемелжан,
Салтанат Шырынхан
Суретті салған Ғалым Смағұл

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?