Саңырау қоғам

10 ақпан 2017, 15:38

Қазіргі таңда мейірім, жанашырлық дегенді аса көп кездестiре бермейміз. Сіздерде қалай екенін бiлмеймiн. Дегенмен, Алматы қаласын мәдениеттің ордасы деп жатады. Расында солай, бірақ мен айтқан кейбір қасиеттерді бiз жақтан көптеп кездестiре алмай жүрген едім. Күнделікті дағды бойынша №25 автобусқа отырып, жұмысқа келе жатырмын. Автобус іші лық толы адам. Әр аялдама сайын адам қатары көбейіп, консервідегі балықтарға ұқсап, тіркесе бердік.  Осы арада  жайлы орынға жайғасып, құлақтарына құлаққап киіп алған жастарымыз ғана  бейқам отыр. Қасымдағы қарт апай орын беретін адам бар ма? –  дегендей жан-жағына жалтақ-жалтақ мойнын созады. Ал құлағына құлаққабын жабыстырып, музыка тыңдап отырған жастарымыз ешкімді  де елер емес.

Шыдап тұра алмадым, әжесіндей адамды тұрғызып қойып қалай отыр өзі. Орында отырған студентті түртсем елемейді, құлағындағы құлаққабын жұлқып едім.

– «Ну что, вам» – деп бажырая қарады студент.

– «Үлкен кісіге орын берсеңізші» – дедім.

– «Мен шаршап отырмын, менен басқа адам жоқ па, соларға айтпайсыз ба?» – деп ренжіген кейіп танытты.

Міне, осылайша жауап қайтарды да, құлаққабын құлағына іліп алып, үндемей отыра берді. Әжей де, мен де, басқалар да үнсіз. Байқағаным, қазіргі жастарда аяушылық сезім жоқ. Сол құлаққапты тағып алып, қоғамнан оқшауланып, өзінің жеке әлемінде жүреді. Жан-жағыма көз тастадым жас  буындар, тіпті үлкен аға-әпкелеріміз де құлағына сол тамшыдай құрылғыны іліп алған. Бірі музыка тыңдаса, бірі кино көріп, тіпті біреуі смс жазып әлек. Қазіргі адамдардың психологиясын түсіну де қиын. Жастарымыз телефонға шұқшиып алып, құлағына кұлаққабын тығып, музыканы бар даусымен қойып алып жүре береді. Тіпті оның жанында тұрып, жаңғырған музыканың әуенін естіп тұрасың. Қазіргі жастар, әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын, алайда көбісі өзінің саңырау қоғамында өмір сүріп жатыр. Осы бір кішкентай құрылғының арқасында, үлкенді сыйлау, ізеттілік таныту сынды қасиеттер де азайып  барады. Тіпті бұл көрініс тек қоғамдық көлікте емес, айналамызда да көптеп кездесуде. Кейіпкерді алыстан іздемей-ақ қойыңыз. Аялдамада, көшеде, бақта, көлікте, кафеде, үйде, мектепте, сабақ үстінде, тамақ жеп отырып, құлақтарына жіп тағып ап изектеп отырған жұртты күнде көріп жүрген шығарсыз. Біреулері жатарда тыңдап жатып, ұйықтап кететін көрінеді. Бірде достарыммен асханаға кіріп, ас үйде күйбеңдеп жүрген даяшы қызды шақырдық. Біраз уақыт өтсе де  келмеді. Тағатымыз таусылып қасына барсам, құлаққап тағып алған. Ыңылдап өз өзімен ән тыңдап, жайында жүр. Түрткенім сол еді, құлағындағыны жұлып ап ұрсыса қоймақшы.

Сонымен, құлағын бітеген күйі тамақ әкелді. Біз кеткенше ашқан жоқ.

Тағы бірде қала көшесінде келе жатып, біреуден жол сұрап ем, аздан кейін көзі бағжаң етіп, құлағындағыны жұлып алды. Содан өз-өзіне келгенше, одан кейін сұрағымды ұққанша, одан оны ойланғанша біраз уақыт кетті. Ақыры иығын қиқаң еткізіп, құлаққабын қайта киді. «Бұл дүниенің адамы емес» секілді көрінді. Ойдың бәрі басқа жақта…

Міне, осындай саңырау қоғамда өмір сүріп жатқандардың қатары күннен-күнге көбейіп келеді. Бұл қоғам емес, бұл саңырау қоғам.

12

Мақпал Ноғайбаева

16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде
05 шiлде, 14:06
Түркістан: Төлеби ауданында профилактикалық іс-шаралар басталды