Сақшы сақ болуы тиіс

22 шiлде 2016, 13:34

Коллаж терракт2

Руслан мен Бай Баучан

Тоқсаныншы жылдардың соңында миллиард Қытайды Бай Баучан деген жалғыз ханзу аяғынан тік тұрғызды. Бейжіңде басталған, Шинжаңда аяқталған Байдың қанды-жорығы аспан асты еліндегі әскери саланың әлсіздігін айпарадай ашып тастаған.
Ақ қасқыр (Бәй лаң) деген лақап атпен түрмеде отырып, форма киінген сақшы атаулыға ата жауындай өшіккен Бай бостандыққа шығысымен-ақ кек алуды жоспарлайды. Көзіне қан толған ханзудың бір ай бойғы «қансонары» 27 бөлімнен тұратын үлкен телесериалға өзек болды. Қытай билігі әлгі туындыны түрме заңына қайшы келгені үшін, әскери саладағы ащы шындықты көрсеткені үшін, көп өтпей нарықтан алып тастады. Сол «ақ қасқырдың» бір ай бойы не сақшыға, не арнайы жасаққа алдырмай салған лаңы Алматыда айна-қатесіз қайталанғандай.
Алатау бөктеріндегі бейқам елді ұйқысынан шошытып оятқан, мұздай қаруланған сақшыларға оқ жаудырған Руслан Күлікбаевтың «сценарийі» Бай ханзуды қайталап отырғандай, көз алдымыздан сол кадр қайта бір жүріп өтті.

Кек

Бай да көп жыл Бейжіңнің тастан қаланып, темірден соғылған тар қапасында жазасын өтеген. Есірткімен қолға түссе де, өзін «нақақ күйдім» – деп білетін «ақ қасқыр» түрменің азабын әбден тартады. Мінезді, қасқырдай қарулы ханзу қапаста «Лау Да» (пахан) атаныпты. Алайда Қытай түрмесіндегі тәртіп басқаша. Байдың «еркелігін» түрме қызметкерлері көтермей, мұны адам баласы төзбейтін азапқа салып, күнде ұрып-соғады. «Ақ қасқырдың» көкірегіндегі кек – сол Бейжің түрмесінде қатса керек-ті. Бостандыққа шыққанда құрған алғашқы жоспары осы – кек алу болған. Кімнен? Әскери форма киген сақшы атаулыдан. Неге? Қытай полицейлерінен көрмеген азабы, тартпаған бейнеті жоқ. Жоспарын қалай жүзеге асырмақ? Алдымен мұздай қаруланып, әскери бөлімшелердің әлсіз жерін зерттеу керек…
Бай «қанды жорығын» өзі құрған жоспардағыдай бастады. Алдымен Бейжіңдегі ең мықты әскери бөлімшеге оқ жаудырып, граната тастап кеткен. Одан теміржол бекетіне келіп күзетте тұрған «қызыл погондарды» қынадай қырады. Жалғыз Байдың қарсылығына сапқа тізілген сайыпқыран сақшылардың бірі де төзе алмады ғой. Тіпті қару асынған арнайы жасақ оқшантайына оқ салып, қаруын көздеп «тақ» еткізуге қауқары жетпеді. Фильмді түсірген режиссер Қытай әскерінің әлсіздігіне іші удай ащыса керек, осы тұсын әдемі, айшықты көрсеткен.

Ана алдындағы әлсіздік

Бейжіңге оқ атып, сақшы деген жасауылды көрместей болып кеткен Бай Баучан Шинжаңға, Үрімжіге топ ете түседі. Үрімжінің «Халықаралық базар» деп аталатын үлкен жәрмеңке орталығында аяқ астынан екі сақшыға бетпе-бет келіп қалмасы бар ма. «Енді адам өлтірмеймін» – деп өзіне іштей ант берген «ақ қасқыр» әлгі екеуді көргенде өзін-өзі ұстай алмай қалады. Қанбазардың қақ ортасында сіріңкенің шырпысындай болып қарауылда тұрған сақшыларға қалай соқтыққанын анық білмейді. Қас пен көздің арасында табанында қызыл пагон тапталып жатты.
Қаладан да, даладан да тұрақ таппаған қытай қазақтың жайлауына қашады. Фильмде бір қазақтың үйіне келіп, қымыз ішкені, ет жеп, ақысына бір уыс ақша тастап кеткен жері бар.
Әңгімені қысқартайық! Миллиардқа оқ атып, қызыл жасауылды қынадай қырған Бай қалай қолға түсті дейсіздер ғой? Шинжаңда да ізін суытып, анасын көруге Бейжіңге қайта барып, өз еркімен беріледі. Анасымен бірге кешкі асқа отырғанда үйді бірнеше мың жасақ қоршауға алған. Қандықол қарақшы ақ самайлы анасының алдында қолына қару алу түгілі, саусағын қимылдатуға шамасы келмейді.
Отыз адамның өмірін қиған, отыз шаңырақтың түтінін өшірген қандықол бірнеше мың халықтың алдында ату жазасына кесіліп, бір тал қорғасынмен бірге ұшты да кетті…

Әлқисса

Руслан не істеді? Ол да тек қана ішкі істер бөлімдеріне оқ атты. Тапа-тал түсте 24 минут бойы қару асынып жүріп, қаланың бірнеше жерінде лаң салды. Оқиғаның желісін тәпіштен отырмай-ақ қоялық, ол жағын министр жіпке тізген инедей түсіндіріп өткен жоқ па.
24 минут. Аз уақыт емес. Осы аралықта бір-біріне хабарласып, сақтық шарасын жасай алмаған құқық қорғау мекемелерінің бейқамдығын қалай түсіндіруге болады? Ақтөбедегі атыстан тізгін-шылбырын жинап үлгірмеді ме, әлде?
Әлеуметтік желідегі пікір де сан алуан. Біреулер ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың пікірін қолдап отыр. Сорақысы сол, әлеуметтік желіде талай жанды қан-қақсатқан лаңкесті жақтайтындар да бар. Кейбірі, тіпті оның сұрмергендігіне тәнті болып отыр. Дінмен байланыстырып жатқандар да баршылық. Алайда біздің ой бөлектеу. Бір адамның жалаң қол келіп, әскери бөлімдегі күзетті құлатып, қаруланып, іле-шала бірнеше адамды жайратып салуы – батырлық емес. Бұл – біздің қорғаныс саламыздың бейқамдығы.
Күлікбаевтың қолынан қаза тапқан, ерлікпен жан тапсырған ерлеріміздің есімі мәңгі жадымызда қалады. Алайда бір бұзақының қолынан бірнеше сақшы мерт болып жатса, қарусыз халықты кім қорғайды? Өзін-өзі қорғай алмаған, аяқ асты атысқа қарсы қауқар таныта алмайтын қарулы күштің күші қайда? Қырағылығы ше? Сақшы сақ болуы тиіс!

P.S.
Алматылық лаңкес екі айға қамауға алынды. Қазіргі таңда сот алды тергеу жұмыстары жүргізілуде. Тергеушілер оның ісін Қылмыстық кодекстің 6-бабы бойынша қарастыруда.

Жарас КЕМЕЛЖАН

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген