Рүстембек Нұрпейіс: Әр жас өзгерісті өзінен бастауы керек

25 тамыз 2023, 11:51

Түркістан өңірінде белсенді жастардан құралған еріктілер ұйымы өте көп. Өңірдегі барлық аймақта ерікті жастар ел игілігі үшін аянбай қызмет етуде. Қай ауданын алып қарасақ та, қайырымдылық, әлеуметтік көмек, тазалық пен салауатты өмір салтын ұстануға арналған бағытта волонтерлік ұйымдар белсенді жұмыс істеп келеді. Біз Түркістан облысы Сауран ауданы Майдантал ауылының белсенді жастарын біріктірген «Майдантал» еріктілер клубының жетекшісі, жас кәсіпкер Рүстембек Нұрпейіспен арнайы сұхбаттасып, өңірдегі жастар саясатының қалай жүргізіліп жатқанын, ерікті жастардың атқарған жұмыстары жайлы әңгімелеп беруін сұрадық.

 — Рүстембек мырза, «Майдантал» еріктілер клубын қашан құрдыңыз. Ұйымның мақсаты мен міндеті туралы айтып өтсеңіз.

Майдантал ауылының белсенді жастарының бірі ретінде еріктілер клубын құрған болатынмын. Туған өлкемізде волонтерлікті дамытып, ауыл тұрғындарының тыныс-тіршілігіне бей-жай қарамай, азаматтық тұрғыдан көмек көрсетуді мақсат тұттық. Шағын ауылымызда ерікті жастардың басын құрып, игі істермен айналысуды қолға алдық. Еріктіліктен басқа, Майдантал ауылында егіншілік пен мал шаруашылығын дамытуға бекінген жас кәсіпкермін. Ауылымызда кәсіпкерлікті дамытумен бірге, ерікті жастармен байланысты  барлық істердің басы-қасында жүріп, қоғамымыздың дамуына үлес қосқым келеді. Айтарлықтай ірі волонтерлік  клуб болмасақ та, мақсатымыз — ауылымыздың дамуына титтей де болса жәрдемдесу. Бүгінде, өздеріңіз білесіздер, жастар саясатын дамытуға, жастарды қолдауға арналған түрлі бағдарламалар жүзеге асырылуда. Қазір әр ауданда «Жастар ресурстық орталықтары» жұмыс істеп, еліміздегі жастар саясатын тиімді жүргізуге өзіндік үлесін қосып отыр. Әр ауылдық округтерде  түрлі тақырыптық семинарлар мен тренингтер, жастардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Осы ретте біз де ауылымздың жастарының бос уақытын тиімді өткізу мақсатында спорттық шаралар ұйымдастырамыз.  Әрі оған өзіміз де белсенді қатысамыз.

Сауран ауданы жастарының ерікті болуға белсенділігі қандай? Ұйымда қанша ерікті бар? Ұйым қандай шаралардың өтуіне себепші болды?

Қазіргі жастар  өте белсенді деп айтар едім. Біздің ұйымда нақты мынанша  деген еріктілер саны жоқ, біздің топта ауылымыздың дамуына үлес қосқысы келетін  барлық жастар бар. Еліміздегі болып жатқан оң өзгерістер мен  ел игілігіне бағытталған бағдарламалардың да іске асырылу барысын үнемі қадағалап отырамыз. Ауыл тұрғындары мен жастарына осы бағытта ақпараттандыру жұмыстарын жүргіземіз. Сонымен қатар аудан әкімдігінде өтетін ауылымызды дамытуға арналған іс-шараларға да белсене ат салысамыз. Жуырда ғана біздің жастарымыз  Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен  Майдантал ауылдық округінде «Неке және отбасы» атты іс шара-өткізілді.

Бұл шараның мақсаты – жастарға отбасы құндылықтарын сақтауды үйрету, ата-ана мен бала арасындағы сенімді, сыйластықты, бір- біріне деген құрметті нығайту, отбасыға деген, отанға деген ізгі қарым-қатынасты, ұлттық тәрбиеге бет бұруға ықпал ету.  Сондай-ақ ауданымыздың әр ауылында жастардың өз кәсібін бастауға арналған мемлекеттік бағдарламалармен таныстыру, ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.  Жас кәсіпкер ретінде осындай шараларды жастарға таныстырып, үгіт-насихат жұмыстарына қатысудамыз.

Ұйымның негізгі бағыты қандай? Волонтерліктің қай бағытына басымдық берілген? Қайырымдылық бағытында қандай жұмыстарды атқарасыздар?

Жоғарыда атап өткенімдей, біз ауылдың белсенді жастарынан құралған топпыз. Ауылымыздағы үлкен кісілерге, әлеуметтік жағынан көмекті қажет ететін отбасыларға қол ұшын беріп, қайырымдылық жасаумен айналысамыз.  Сонымен қатар ауылымыздың жастарына бағытталған барлық іс-шараларға қатысамыз.

— Еріктілік дегенді қалай түсінесіз? Еріктілікті дамыту үшін әлі  де не  істеуіміз керек?

Менің ойымша, ерікті жастар деп бөліп-жарудың қажеті жоқ. Туған еліне, жұртына қол ұшын беріп, еліміздің дамуы үшін өзінің бар күш-жігерін аямайтын жастарымыз көп болуы керек. Қазір жас болсын, тіпті ересек адам болсын, қалай дамимын десе де, барлық ресурс бар. Жұмыс жоқ екен деп қол қусырып отыратын заман емес. Қолында дипломы бар адамға ғана жұмыс бар деген стеротип келмеске кетті. Қазір қабілетің мен икемің, жұмыс істеуге деген ниетің бар болса, кез келген кәсіпті игересің.

 

Ауданның жас белсендісі ретінде ойыңызды білгіміз келеді, жастардың әлеуетін арттырып, дамыту үшін әлі де не істеуіміз керек? Аудан жастары мемлекеттің жастарға арналған бағдарламаларымен таныс па?

Ең бастысы, жастарға мемлекет тарапынан қолдау бар. Кәсіп ашып, қалаған істі дөңгелетіп алып кетуіне мүмкіндік берілген. Ең алдымен әрбір жас өзгерісті өзінен бастаса екен деймін. Ауылдық жерде де өзіңнің кәсібіңді ашып, тіпті болмаса ауыл шаруашылығымен айналысып, еңбек етуге болады. Қазіргі таңда дамимын деген жасқа таңдау мүмкіндігі бар. Білім  алғың келсе, тынбай ізден. Кәсіп игергің келсе, өзіңнің кәсібіңді ашуға  тырыс. Оған берілетін барлық мүмкіндікті пайдалан. Меніңше, осының барлығы жастардың өз қолында.

— Әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан Мақпал Ноғайбаева

 

Бүгін, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
Бүгін, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз