Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын сыдырта оқып, атүсті қарау мүмкін емес. Оның әр сөйлеміне зейін қойып, жүрегіңнен өткізгенде ғана нағыз мәнін, мағынасын түсіне аласың. Көптеген ізгі шараларға түрткі болған мақаладағы адамзаттың асыл қазынасы – дінге қатысты ойлар назардан тыс қалмаған. Дін – аса мұқияттылықты, терең зерттеуді, биік сауаттылықты, әсіресе, жан тазалығын қажет етеді. Сондықтан осы қасиеттерді халыққа жеткізіп, жетілдіріп отыру керек. Сонда ғана жұрттың дінге деген сенімі артып, ұстанымына селкеу түспейтін болады. Осыған орай, облыстық дін істері басқармасының бастамасымен аймақтарға жол тартқан «Рухани керуен» жобасы жерлестеріміздің ұлттық құндылыққа деген ұстанымын бекемдеп, дәстүрлі дінге деген көзқарасын қалыптастыруда зор мүмкіндік берді. Тіпті, аталмыш жоба Қазақстан халқының дәстүрлі рухани мәдениетін елімізде ілгерілету, мемлекетіміздің рухани тірегі болған асыл дініміздің жалпыға ортақ адамгершілік қағидаларын насихаттауды өзек етті. Рухани құндылықтарды жаңғырту және халықтың ұлттық санасын ояту арқылы теріс пиғылды діни ағымдамен қарсы күресудің мәдениетті жолын түсіндірді. Сондай-ақ, рухани санасын жаңғырту, салт-дәстүр, мәдениетімізді көздің қарашығындай сақтай білу және тағылымы мол тарихымызды қастерлеудің құндылығын әрбір азаматқа ұғындырды.
«Рухани керуен» 6 қазан күні сапарға аттанар сәтте облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар арнайы келіп, ақ жол тілеген еді.
– Әлемдегі діни ахуалдың қиындығына өздеріңіз куә болып жүрсіздер. Оның салқыны бізге де тиюде. Соған қарсы экстремизмді болдырмау және асыл дініміз бен ежелден қалыптасқан ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғырту мақсатында осындай жобаны қолға алдық. Игі шара көпшілігіміз үшін өте маңызды шара болмақ. «Рухани керуен» мүшелеріне ақ жол және нәтижелі жұмыс тілеймін. Бұл керуен арқылы біз әсіресе, жас ұрпаққа дін мен салт-дәстүрдің егіз ұғымын екенін түсіндіруіміз керек. Ұлттық сана мен ұлттық салт-дәстүрді, ұлттық сананы жеке дара бөліп қарау мүмкін емес. Мұның барлығы бір тамырдың өзегіндей дүние екенін көпшілікке түсіндіруіміз керек. Осы мәселеге оң нәтиже беру мақсатында облыс әкімінің қолдауымен, облыстық бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, облыстық дін басқармасы, кейінге таман дінді зерттеу орталығы құрылды. Осы сала мамандарының ұйымдастыруымен қолға алынған жұмыс нәтижесі берекелі әрі жемісті болады деп ойлаймын, – деп игі шара жайлы әңгімелеп, топ мүшелерін жолға шығарып қойған болатын.
Расында, кез келген мемлекетте, әсіресе дамушы мемлекеттерде экономикалық, әлеуметтік, рухани реформалар болатыны заңдылық. Қазақстан үшін де тәуелсіздіктің ширек ғасырын артқа тастап жатқан тұста осындай рухани жаңғырудың бағдарламасы керектігі бәрімізге белгілі. Қазір дүние алма-кезек, күн сайын өзгерістер болып жатыр. Әлемдік мәдениет, әлемдік руханият пен әлемдік геосаяси процестер Қазақстанға әсерін, ықпалын тигізбей қоймайтыны анық. Сондықтан, біз қазіргі заманға лайықталып, дүниежүзілік өркениетке ілесу үшін, бүгінге дейінгі жетістігімізді ары қарай алып жүру үшін бір серпілістен өтуіміз қажет, бұл – рухани серпіліс, сананың жаңғыруы. Зиялы қауым өкілдерінің және алыс-жақын шетелдердегі саяси сарапшылардың пікіріне қарағанда, «Рухани керуен» жобасы дер кезінде қолға алынды және оның масштабы да айтарлықтай үлкен болды.
Керуен құрамында елімізге танымал мәдениет және қоғам қайраткерлері, өнер, білім, денсаулық саласының белгілі мамандары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен құралған 50-ден астам адам тартылды. Соынмен қатар, аталған шараны ойдағыдай өткізу үшін қаржы көзі де толықтай шешілді. Соның нәтижесінде топ мүшелері жол азабын тартқан жоқ. Қайта барған жерінің бәрінде жұрттың ыстық ықыласы мен қошаметіне бөленіп отырды. Осындай мығым дайындықтың нәтижесінде, үш айға созылған керуен аясында 246 ісшара ұйымдастырылып, оған 30 мыңға жуық адам қамтылды. Жұмыс тобы тұрғындармен кездесуден сырт ескерткіштерге гүл шоғын қойып, перзенттік борышын өтесе, аудан активі, діни бірлестік жетекшілері, ақсақалдар алқасы және ардагерлермен кездесіп жұрттың жағдайын бағамдады. Жоспар бойынша спорттық жарысын өткізіп, зиялы қауым өкілдерімен сұхбат құрып, деструктивке шалдыққан отбасы мүшелерін қоғамға бейімдеу бойынша әлеуметтік мәселелерін шешу жолдарын қарастырды. Діни теріс сенімге байланысты екпе, қан құюдан бас тартқан азаматтарға білікті дінтанушы ғалымдар, ақпараттық түсіндіру тобының мүшелерімен «Дөңгелек үстел» басында әңгіме өрбітіп, деструктивті діни ағым ықпалына түскен азаматтарды оңалту жұмыстары атқарды. Әйел жамағатымен және хиджаб киетін оқушылармен психологиялық көмек көрсетілді. «Рухани мұра» атты концерттік бағдарлама мен әлеуметтік драма қойылымын көрсету арқылы заманға сай өмір сүрудің мәдениеттілігін ұғындырды..
Қазіргідей жаһандық бәсекелестік бізден тынымсыз еңбекті, табысты бастамаларды талап етеді. Бұл жолда білімнің тұнығымен сусындап, соңғы үлгідегі технологиялардың тілін меңгерген жас ұрпақты ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып бойынша тәрбиелеу қазақстандық брендті алға шығарады. Оның үстіне қиналғанға қол ұшын созған жанашырлық, жетімнің маңдайынан сипаған мейірімділік, аш адамға қолындағысын бөліп берген қайырымдылық сынды қазақы қасиеттерді өскелең ұрпақтың бойына сіңіру бейбітшілікке, тыныштыққа құштар ұлтымыздың бет-бейнесінің сақталуына септігін тигізеді. Имандылық, қанағатшылдық, ар-ұят секілді адами ізгіліктерді жұрт расына жаю қоғамның жегіқұрты – сыбайластықтың, жемқорлықтың көзін жоюға көмектеседі.
Бүгінгі дүрбелеңге толы дәуірде өзге елдерде орын алып жатқан шетін оқиғаларға қарап, революциялық басып алуды емес, эволюциялық дамуды таңдау керектігін айтқан Елбасы мақаласының тіні, өзегі еліміз ұстанған бағыттың айқындығын көрсетеді. Осының бәрі сананың ашық, зерденің жүйрік, ақылдың сергек болуын талап ететін шарттардан құралған. «Рухани керуен» осы талаптардың удесінен шығу үшін барын салды.
Айталық, жоба барысында мектепке орамал (хиджаб) тағып келетін 41 оқушының ата-анасымен кездесу өткізіліп, ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы» №26 бұйрығының талаптарына сәйкес, мектептерде діни атрибутиканы қолдануға жол берілмейтіндігі және оқушылар білім беру ұйымдарында белгіленген киім үлгісін сақтауға міндетті екендіктері түсіндірілді. Нақты санмен көрсететін болсақ, Жамбыл ауданында 3, Еңбекшіқазақ ауданында 18, Іле ауданында 16, Қаратал ауданында 3 және Ұйғыр ауданында 1 ата-анамен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде Іле ауданы КазЦИК ауылының Ə. Молдабеков атындағы мектептің бір оқушысы орамалын шешіп, мектеп формасын сақтайтын болды. Деструктивті діни ағымға шалдыққан 77 азаматпен жеке оңалту шаралары ұйымдастырылып, 16 адам деструктивті көзқарастан бас тартып, дәстүрлі ислам мен Қазақстан қоғамының құндылықтарына бейімделген. Жоба шеңберінде облыстық дін істері басқармасы, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті және облыстық денсаулық сақтау басқармасының жауапты мамандары «Денсаулық – болашақ кепілі!» тақырыбында екпеден бас тартқан, кәмелетке толмаған 209 баланың ата-анасына ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы, ҚР Конституциясы және ҚР баланың құқықтары туралы заңнамасы түсіндірді. Алдын-ала берілген ақпаратқа сәйкес, облыс аумағында діни себептеріне байланысты 79 бала екпе салдырудан бас тартқан. Алайда, мамандар тарапынан жүргізілген зерделеу, анықтау, түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде ата-аналардың екпеден бас тарту себептерінің діни ұстанымына байланысты болмағаны анықталған. Керісінше, екпенің сапасының күмән туғызатындықтан сондай қадамға барғандығы белгілі болды.
Тағы бір айта кетерлігі, облыстық дін істер басқармасы қызметкерлері халық көп шоғырланған базар, автобект, халыққа қызмет көрсету орталығы, тағы да басқа орындарда сурет және кітап көрмесін ұйымдастырып, ҚР Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңының 9 бабы 2 тармағына сәйкес діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тек қана ғибадат үйлерінде (ғимараттарында), діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың жергілікті атқарушы органдары арнайы белгілеген тұрақты үй-жайларда таратуға жол берілетіндігін айтып, түсіндірді. Сурет көрмесі арқылы деструктивті діни ағымдардың кемшіліктерін ашып көрсетіп, ҚР соты бойынша тыйым салынған экстремистік діни топтардың тізімімен таныстырды. Шара аясында облыстық Сүйінбай атындағы филармония әншілері кәделі ән, жақұт жырлардан шашу шашып, көпшіліктің көңілін желпіндіріп отырды.
Елбасы бағдарламалық мақаласында, «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың құндылығын қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы», – деп атап өткеніндей, «Рухани керуен» жұмысы облыс халқына ерекше рух сыйлап, аудан халқы керуен жұмысын ауылдық округтер мен шалғайда орналасқан елді мекендерде жалғастырды.
Әр кезеңді, онжылдықты не ширек ғасырды, жүз жылды алғанның өзінде идеологиялық құндылықтар өзгеріп отырады. Әр жыл сайын өзгеруі де мүмкін. Қазақстан өте интенсивті, жылдам дамып келе жатқан мемлекет болғаннан кейін идеологиясы да, ондағы істелінген жұмыстар да жүріп жатқан процестерге ілесу үшін кейде өзінің бағыт-бағдарын анықтап, айқындап, жаңарып отырады. Біздің ұлттық идеологиямыздың негізгі бөлшегі қалыптасқан. Соны жүзеге асыру үшін, әр жылдары әртүрлі қажеттіліктер болады. «Рухани жаңғыруда» осындай қажеттіліктен туындады. Ал сол бағдарламаның жұзеге асыуына «Рухани керуен» жобасы әлі де өзінің тегеуірінді үлесін қоса беретін болады.
Қажет Андас,
Алматы облысы