Роза Мұратқызы: Табысқа жетуге бағытталған жастар легі қалыптасып келеді

31 тамыз 2023, 12:36

Елімізде жастар саясатының оңтайлы жүргізілуі қашанда маңызды. Осы орайда біз Кентау арнайы кәсіптік колледжінің директоры Роза Мұратқызы Аяпбергеновамен жаңа оқу жылы қарсаңында сұхбаттасып, жастар саясатының мән-маңызы жөнінде сөз қозғадық.

– Роза ханым, сұхбатымызды еліміздегі жастар саясаты төңірегінде өрбітуді жөн көріп отырмыз. Алғашқы сауалымызды өзіңіз басшылық ететін колледж тарихына қатысты қойсақ дейміз. Қандай мақсатта, қай кезде құрылды?

–Ертеңіне үміті зор, болашағы кемел студенттер қауымымен, бәсекеге қабілетті оқытушыларымен, парасат биігінен көрініп келе жатқан Арнаулы кәсіптік колледж – кәсіби-техникалық білім беретін Қазақстан Республикасындағы тірек-қимыл қозғалыс аппараты бұзылған және онымен ауыратын мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған бірден-бір колледж десем, артық айтқаным емес. Мүгедектігі бар 16 жастан асқан азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсете отырып, білімді, жаңашыл, кәсіптік білім мен құзіреттілікті игерген, білікті және бәсекеге қабілетті мамандар даярлау. Мүгедектігі бар азаматтарға жағдай жасай отырып, ұлттық сана сезімі жоғары, рухы мен ойлау дәрежесі биік, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, іскер, ғылым мен техниканы меңгеруге қабілетті сапалы мамандарды оқытып шығару негізгі мұратымыз. Колледж заман талабына орай, кәсіптік-техникалық училище ретінде іргетасы 1942 жылдың қаңтар айында қаланған. Қалалық атқару комитеті Полторацская көшесінде орналасқан ғимаратты берген, алғашқыда мектеп есеп жоспар мектебі деп аталған. Содан кейін республикалық есеп –жоспарлау мектебі мәртебесін иеленді. Ұлы Отан соғысы жылдарында мемлекет оқушыларды оқыту, асырау үшін қаржы бөлген, оқушылар толығымен мемлекет қамқорлығында болған. Бұлар соғыстан қайтқан жаралы жауынгерлер еді. Алғашқы кезде мектепті 44 адам тәмәмдап шыққан. Мектептің бірінші директоры қызметін Ұлы Отан соғысының мүгедегі полк комиссары болған В.И.Гриднев атқарған. 1950 жылдарға дейін мектепке тек Ұлы Отан соғысы мүгедектері қабылданған. Уақыт өте келе, мектепке бала жасынан мүгендек болғандар, әскери мүгедектер, жалпы науқастығы бойынша мүгедек деп танылғандар қабылданды. 1960 жылы мектеп кәсіптік мектеп деп өзгертілді, оқу мерзімі 10 ай болып белгіленді.
Осы оқу орнын қайта құрылымдау тарихына көп тоқталмай, Түркістан облысы әкімдігінің 2018 жылғы 22 тамыздағы қайта атау туралы № 247 Қаулысына сәйкес, «ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Арнаулы кәсіптік колледжі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, «Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Арнаулы кәсіптік колледжі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып қайта аталғанын айтайын. Колледж «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті Түркістан облысының Білім саласындағы бақылау департаменті» мемлекеттік мекемесінен төмендегі Білім беру лицензиясы және қосымшалары 2019 жылдың қаңтар айында берілген.

– Жастар саясатын тиімді жүргізудің басты бағыты білім беруде, кәсіпке баулуда жатыр. Осы тұрғыдан алғанда, колледжде студенттер қандай мамандықтарды меңгереді?

– Арнаулы кәсіптік колледжінде оқытылатын үш мамандық пен біліктіліктері ҚР БҒМ 2018 жылғы 27 қыркүйектегі № 500 бұйрығымен бекітілген «Техникалық және кәсіптік білімнің мамандықтары мен біліктіліктерінің сыныптауышында» көрсетілген.
«Жалпы білім беру пәндері» модулі бойынша жалпы сағат саны 60 кредит/1440 сағатты құрайды, жалпы білім беру пәндері 1-курста оқытылады. Жалпы білім беру пәндердің тізбесі мен көлемі қоғамдық-гуманитарлық, жаратылыстану-математикалық бағыттар бойынша мамандық бейінін ескере отырып, МЖМБС-ға сәйкес айқындалады. Мамандықтың бейініне қарамастан міндетті жалпы білім беру пәндерге: «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті», «Орыс тілі және әдебиеті», «Шетел тілі (ағылшын тілі)», «Математика», «Информатика», «Қазақстан тарихы», «Емдік дене шынықтыру» жатады. Арнаулы кәсіптік колледжінде оқытылатын мамандықтардың бейініне байланысты «Физика», «Химия», «Биология», «География», «Дүниежүзі тарихы», әр мамандық бойынша төрт пән таңдалды. Оқытудың кредиттік – модульдік технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыру колледж директоры бекіткен оқу процесінің кестесі негізінде жүзеге асырылады. Оқу процесінің кестесі академиялық кезеңдерден, аралық аттестаттау кезеңдерінен, демалыстардан, кәсіптік практикадан және (немесе) өндірістік оқытудан тұрады. Бітіруші курста оқу жылына қорытынды аттестаттау кезеңі енгізіледі. Педагогтердің оқу жүктемесін жоспарлау педагогтің білім алушылармен байланыс жұмысының уақытын білдіретін кредиттермен немесе академиялық сағаттармен жүзеге асырылады. Кредиттердің осы көлемі шеңберінде 07230100-«Тігін өндірісі және киімді үлгілеу» мамандығы бойынша 2 жұмыс біліктілігін, яғни 3W07230101 Тігінші және 3W07230102 Арнайы тігінші біліктіліктерін игеруге жол берілген. Оқу жылында міндетті оқу жүктемесі 60 кредитті/1440 сағатты құрайды. Бір кредит 24 академиялық сағатқа, 1 академиялық сағат 45 минутқа тең. Үзіліс 5 минут, 4 сабақтан кейін 10 минуттық үзіліс.

– Колледж түлектерін жұмысқа орналастыру жайы қалай?

– Бітірушілерді жұмысқа орналастыру – мамандарды кәсіби даярлаудағы маңызды көрсеткіштердің бірі. Кейінгі уақытта технократ жастарды оқыту, тәрбиелеу туралы жиі айтылып жүр. Колледжді бітірген түлектердің жұмысқа орналасуы, олардың іс-тәжірибеден өтуіне назар аудару маңызды мәселе. Колледжде мамандықтар бойынша 3-курс кезеңінен бастап жұмысқа орналасу мәселесіне көңіл бөлінеді. Түлектерді жұмысқа орналастыру, еңбек нарығына бейімдеу мақсатында ақпараттық, әдістемелік, психологиялық және ұйымдық қолдау көрсету бойынша шаралар кешені жүргізіледі. Сондай-ақ жыл соңына қарай «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Бос орын жәрмеңкесі» атты жиындарға бітіруші түлектер қатысып, көптеген мағлұматтар, көкейлерінде жүрген сұрақтарға жауаптар алып отырады. Жұмыс берушілер ретінде тұрғылықты жерлерінің жұмыспен қамту орталықтарымен меморандумдар түзіледі. Бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы деңгейін білу мақсатында жыл сайын талдау жүргізіледі. 2021-2022 оқу жылы бойынша жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғары болды.

– Кәсіптік білім беретін колледжге жұмысқа келген жас мамандарға қандай талап қойылады?

– Баланың дүниетанымы мен тәрбиесіне зор үлес қосатын ұстаздың асыл болуы, дара тұлға болуы өмір бойы оқып-тоқумен, үйренумен іске асады. Ұстаздардың өз ісін өнер деңгейін жеткізуге, кәсіби сауаттылығын шыңдауға ұйытқы болатын әдістемелік жұмыстың қажеттілігі бүгінгі таңда ерекше. Мемлекеттік білім стандартын жүзеге асыру, Қазақстан мектебінің ұлттық моделін қалыптастыру тәрізді келелі мәселелер ұстаздардан жоғары кәсіби шеберлік пен іскерлікті талап етеді. Жас мамандар жаңалықты дұрыс түсініп, өз әрекетін күн талабына сай құруына бағыт-бағдар беру, көмек көрсету-мектеп әкімшілігінің негізгі міндеті. Әр пәнің мазмұны мен мақсатына қарай өзіндік ерекшелігі бар десек те,білім беруді жаңаша ұйымдастырып, жас ұрпақты қоғамдағы өзгерістер мен өмір талабына бейімдей оқыту қажет.
Оқу жылының басында жас ұстазға жыл бойы өткізетін іс-шаралардың тізімі, өткізетін мезгілі және кімге тапсырылатынын жазып қолына ұстатамыз. Біріншіден жас ұстаздың сенімділігін, екіншіден жауапкершілігін арттырады. Ұстаз жетістігінің шыңдалатын орны — сабақ. Сондықтан «Жас ұстаздар» апталығының берері мол. Жас мамандар өзара сабақтарын саралап, талдап,кемшіліктерін ортаға салып, кеңесу арқылы ортақ шешімге келіп,әдістемелік түзету жұмыстарын жүргізеді. Жас мамандардың сабақтарына жиі қатысып, үнемі ақыл айтқаннан гөрі сенімділік артып, оқу-тәрбие үрдісінде өтетін барлық іс-шараларға тартып, белсенді қатысуға мүмкіндік беріліп отырады.
Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы «NIS» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының «Халықаралық талаптар бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтерінің біліктілігін арттыру» курстарына колледждің жалпы білімдік пәндер оқытушылары қатысып, сертификат алды. Сонымен қатар ағымдағы жылы «Talap» КЕАҚ ұйымдастыруымен колледж шеберлері мен арнайы пән оқытушылары біліктіліктерін арттырды.

– Оқытушылар құрамының әлеуеті олардың біліктілігімен сараланатыны сөзсіз. Ұжымыңыздың жетісітігі де орасан шығар?

– «ТО білім беруді дамыту орталығы» КММ облыстық пән оқытушылар олимпиадасының қорытындысы бойынша С. Сарыбасова тарих пәні бойынша, Д.Мырзахметов информатика пәні бойынша ІІ орын, А. Күлімова қазақ тілі пәні бойынша ІІІ орын алды.
Арман Кенжебайұлы Кенжебай І топ мүгедегі, Шәкір Ғияс Абдукәрімұлы ІІІ топ мүгедегі, өндірістік оқыту шебері Бабыржан Асаевтың жетекшілік етуімен мүмкіндігі шектеулі балалар мен жастар арасындағы «Көкейімдегі бар әлем» атты республикалық шығармашылық фестивалінің «Қысқа метражды кино» номинациясы бойынша конкурсқа қатысты. Қазан айында І туры онлайн-кастинг арқылы өңірлік іріктеу турынан өтіп, қараша айының 18-і күні Астана қаласына фестивалдің ІІ туры жеңімпаздары салтанатты марапаттау турына шақырылды. «Қысқа метражды кино» номинациясы бойынша білім алушылар Кенжебай Арман түсірген фильм 45 минуттық «Ақ қанат арман» және Шәкір Ғияс түсірген 15минуттық «Бұл дүние қайтар дүние» бейнебаяны фестивалге жіберілген болатын. Осы аталған фильмдер конкурстың Бас жүлдесін иемденіп отыр.
«Ақ қанат арман» фильмінің басты тұлғасы Арманның өзі, Арманның бұл өткен өмірі мен жарқын болашағы іспеттес. Фильм идеясы мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірге құштарлығымен, қиыншылықтарға қарсы тұрып, жеңе алғаны туралы, өзінің бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеуімен, қоғамдағы ролі туралы айтылады.
Ал «Бұл дүние қайтар дүние» клипінің идеясы, бұл дүниеде алдынан не күтіп тұрғанын ешкім білмейді. Клиптегі көрініс сырттай қызға ғашық болған жігіт, ол қызды шын мәнінде көргенде мүгедек екенін біліп, бас тартады, соңынан өзі де мүгедектікке ұшырайды. Тағдырдың жазуымен мүгедек болған жігіт, мүгедектікті ешкім сұрап алмайтындығын түсінеді. Осы жайтты өзгелерге өнеге ретінде, қоғамның мүгедек адамдарға деген көзқарасын, психологиясын өзгерту мақсатында түсірілген.
Одан бөлек Amanat партиясы Кентау қалалық филиалының атқарушы хатшысы А.Басаровтың ұйымдастыруымен өткен «Кедергісіз келешек» жобасы аясында шахматтан ашық турнирде Милат Буланов «Ең жас қатысушы» жүлдесі дипломымен марапатталды. Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы ұйымдастырған ғылыми-тәжірибелік конференцияда А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Ұлттың ұлы ұстазы — Ахмет Байтұрсынұлы» тақырыбында Айзада Сейдан «Зерттеуші» номинациясы бойынша дипломмен марапатталды. Осы басқарма өткізген «Мен өз елімнің патриотымын» ән байқауында Айша Ергеш 3-орынды жеңіп алды. «Арнаулы кәсіптік колледжі» түлектері мен білім алушылары құрамасы «Сұрап алмадық» командасы Астана қаласында «Маусымашар-2023» фестивалінде өз өнерлерін көрсетіп, «Номад» жүлдесін иеленді. Білім алушылар Тараз қаласында парапауэрлифтингтен көру қабілеті төмен және қимыл аппараты зақымданған спортшыларының командалық және жастар арасында Қазақстан чемпионатына қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрінді.
2021 жылдан бастап «ITeachMe» құзіреттілігін дамыту орталығы» қоғамдық қоры директоры З.Бегалиева бастаған топ мүшелері «Арнаулы кәсіптік колледжі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне келіп, «Шеврон» компаниясының қолдауымен өткізілген жастар инклюзивті жобасының іріктеу кезеңіне «Айтичми» қоғамдық қорының іріктеуінен өткен балалар жыл сайын онлайн курстың софскилс лагеріне жолдама алды. Осы жылдың қаңтар айында өткізілген «Мен кәсіпкермін» республикалық грант турнирден «Есеп және аудит» мамандығының 2-курс білім алушылары Нұрсұлтан Маханбетов, Бекзат Абдуалиев және Гүлсезім Жиенбаева «Арттерапия» жобасымен 1 орынды иеленді. Оларға өндірістік оқыту шебері Ж.Мубарова жетекшілік жасады. «Білімді ұрпақ-ел тірегі» атты облыстық жастар форумына Бейбарыс Әуелбек пен Алтын Жақсылықова қатысып, бас жүлдені иеленді.

– Бүгінгі таңда жастардың дамуына қаншалықты жағдай жасалған деп пайымдар едіңіз?

– Қазіргі қоғамда жастар саясатына деген көзқарас айтарлықтай өзгеше. Содан да шығар. Мүлдем жаңа зияткерлік лек: жаңа бағдар ұстанған, құндылық ұстанымдары ұтымды экономикалық іс-қимылдар арқылы табысқа жетуге бағытталған жастар легі қалыптасып келеді. StartapBolashak бизнес-жобалар байқауы, «Жастар кадрлық резерві» жобасы, «Жастар практикасы» бағдарламасы да қазақстандық жастарды қолдауға бағытталған.
«Болашақ» халықаралық стипендиясы, «Серпін» бағдарламасы т.б. бағдарламалар қолға алынып, еліміздің түкпір-түкпірінде жүзеге асырылып жатыр.
Тәуелсіздікке қол жеткізген отыз екі жыл ішінде мемлекет мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға қатысты жаңа саясат қалыптастырды және мүгедектердің әлеуметтік қолдауын күшейту, оларды оңалту, қоғамға біріктіру үшін қолайлы жағдайлар жасау, өмір сүру сапасын жақсарту бойынша үлкен жұмыстар жүргізіліп келеді. Соның ішінде, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту мәселесі қарастырылған. «Даму», «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жыл сайын ақысыз оқытып, аз мөлшердегі пайыздық үстемемен субсидия, қайтарымсыз грант беріп отыр. Осы мүмкіндікті пайдаланған колледж түлегі А.Әлімов қолына диплом алған күннен бастап «Компьютерлік қызмет көрсету» саласы бойынша жеке кәсібін ашқан болатын. Бүгінгі таңда Асқар өзі шәкірттер дайындап, кәсібін тек Шымкентте емес, Алматы қаласында да дамытып келеді. Кәсіп бастау Нұрсила Ахметқалидың қолдауымен, оңтүстіктің екі қаласында бірнеше қызмет нүктелерін ашып, әрі Асқар талай он екі мүшесі түгел азаматтарға өнеге (модератор) көрсетіп жүр. «Zhasproject» жобасы туралы айтатын болсақ, мақсаты – жастарды, әсіресе, осал топтарын қоғам өміріне тарту және қоғамдық пайдалы қызмет дағдыларына оқыту бағдарламасы арқылы өмірлік маңызы бар дағдыларын дамыту болды. Жоба төрт облыста: Алматы, Қарағанды, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарында пилоттық түрде іске асырылды.

Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет

Бүгін, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
Бүгін, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз