Роман Майғазиев: «Хит әндерің болмаса, халықты концертке жинау қиын»

06 қантар 2017, 20:07

«Жүрегімді жаралап кеттің, ғашығым,

Сезім бағын аралап, әннің асылын

Өзіңді ойлап теңіздей тулап тасыдым

Қайда жүрсің сен?» — деп әндеткен «До-Мажор» тобы есіңізде болар. Талай туындыларын бірге шырқаған да шығарсыз. Өйткені олар орындаған сезімге толы әндер бірден хитке айналатын. Алайда соңғы уақытта бұл топтың өнерінен қол үзіп қалдық. Жігіттер өз алдарына бөлек шығып, жеке шығармашылықтарын дамытуға кіріскен. Осы орайда топ құрамында болған әнші Роман Майғазиевпен әңгімелесудің сәті түскен еді. Қазір қайда, немен айналысып жатыр, өнер иесінің өзі айтып берсін. 

-Сәлеметсіз бе, Роман! Жаңа жылыңызбен! 2016 жыл несімен есте қалды? Қандай жетістікке жеттіңіз немесе өткен жылға өкпеңіз бар ма?

-2016 жылға ешқандай өкпем жоқ. Ең бастысы, денім сау, отбасымның дені сау, барлығымыз аман-есенбіз. Екіншіден, бұл жылдың ерекшелігі – жеке шығармашылығымды бастадым. Он шақты әнді дүниеге алып келдім. Өзіме кішігірім үй салдым, фазенда салдым дегендей. Енді ол да шағын жетістіктерім, еңбектерім. Сондықтан өтіп бара жатқан жылға ризамын. Ондай жұмыстар болмаса да, тірі жүріп, деніміз сау болғанының  өзі неге тұрады?

Содан кейін доллардың ең қатты көтерілгенімен есте қалатын жыл болды ғой бұл (күліп). Енді ол да қызық қой, жылдың жаңалығы болды.

-Байқасақ, көп сұқбат бере бермейтін секілдісіз. Біз хабарласқанда да «Телефонмен бола ма?» деп ұсыныс айттыңыз. Кейбір әншілер өздері хабарласып, сұқбат беріп жатады. Ал сіз неге журналистерден қашқақтайсыз?

-Иә, көп сұқбат бермейтінім рас. Мен, шыны керек, өйтіп жатырмын, бүйтіп жатырмын, ән жазып жатырмын, бейнебаян түсірейін деп жатырмын деген сияқты әңгімені айта бергенге ыңғайсызданамын. Одан да соны іспен дәлелдейін, көрсетейін, әндерім жарық көрсін, жұрт танысын, білсін  деймін. Содан кейін барып сұқбат берейін деген ойдамын. Негізі журналистерге әлі де айтамын, «ән айтатын, көрінетін түсірілімдер болса, айтыңдар барамыз» деп. Ал сұқбат болса керек емес деймін. Өйткені бірінші соған жетіп алайын. «Сендер ән айтатын түсірілімге атақтыларды шақырасыңдар. Керісінше жасамайсыңдар ма? Бізді ән айтып, көрінетін жерлерге шақырыңдар. Атақты болып кеткен адамдардан сұқбат алыңдар. Оларға жарасады. Мен, шыны керек, әлі оған лайық емеспін. Сұқбат беріп, ақыл айтып отыруға» деп айтатыным рас.

isg9i3vgiuo

-Сіздің әндеріңіздің көбінде аңсау, сағыну. Мысалы жаңа әніңіздің сөзінде «Тағдырына жүрек бағынады, көз жасыңды неге төгесің?» деген жолдар бар. Өміріңізде мұңлы махаббат болған ба еді, себептермен екі жаққа кеткен?

-Ондай мұңлы махаббат жоқ менде негізі. Аллаға шүкір, ондай жағдай болған емес. Отбасым бар, бала-шағам бар, түгелміз, тәуба. Өзім лирикаға жақынмын. Лирикалық әндерді айтқанды ұнатамын. Екіншіден, енді… авторлар ғой мұндай ән шығарып берген. Авторлардың өмірінде сондай жағдайлар болған болуы мүмкін. Әнін шығарған, сөзін жазған деген сияқты. Мен жай ғана солардың әнін орындадым. Өздерінен сұрап көру керек шығар (күліп).

-Мөлдір сезімді жеткізетін көптеген әндеріңіз бар. Жаңа әндер де жазылып жатыр. Дегенмен әлі де болса жарнама жетіспей жатқандай көрінбей ме өзіңізге? Неге аншлаг жинап, кеш бермеске. Керемет әндеріңіз жетеді ғой.

-Ойбой, әлі… алыс қой ол күн. Кемі бір 5-6 ән хит болу керек деп ойлаймын. Қазір білесіз ғой, әндер хит болмаса, халықтың концертке жинала қоюы қиын. Сондықтан әлі ертелеу деп ойлаймын. Әлде де әндер жазуым керек. Құр жазып қана қоймай, ол хит болуы керек. Сондықтан алдағы күндердің еншісінде ғой, Алла қаласа.

wvgrpucttwo

-«До-мажор» тобы туралы ағаңыз бір сұқбатында: «Топ жігіттерінің сахналық қимылдарына, орындаушылық шеберліктеріне көңілім толмады. Оларға көп жұмыс жасау керек. Жасыратыны жоқ, көп қамшыладым» депті. Десе де топ тарап кетті, иә? Қазір сол жастық шағыңызға қарап қандай кемшіліктер көресіз?

-Иә, әрине, ағамыз барынша қамшылап келгені рас «До-Мажор» тобын. Біз өзімізге жетерлік «До-Мажорға» ризамыз. Өзіміздің кішігірім тарихымыз, кішігірім болса да бізді халыққа танытқан тобымыз. Ол енді аға болғаннан кейін, әрине, ұрысады, көңілі толмайды. Әрқашан алға сүйреумен болады. Тоқтап қалмасын, ұйықтап қалмасын дегендей, ол кісі әрқашан көңілі толмайтындығы рас. Енді мені танытқан топ болғандықтан, ол топқа, жанымда болған жігіттерге ризашылығым шексіз. Қазір топ жоқ, барлығымыз жеке-жеке кеттік.

-Отбасыңыз туралы айтып берсеңіз.

-2012 жылы отбасын құрдым. Бір-ақ әйелім бар, Рамазан, Расул деген екі ұлым бар. Біреуі – үш жарым жаста, біреуі – бір жарым жаста. Келіншегімнің аты – Элмира.

_ll4e3rgv9m

-Жарыңызды қай қасиетіне қарап, ұнаттыңыз?

-Ең бастысы, өзінің орнын білетін адам болуы керек. Қандай адам болса да. Әйел болса әйелдің, еркек еркектің, бала болса баланың, әке болса әкенің орнын білуі тиіс. Енді еркек тұрғанда бөліп сөйлеп, бастық болғысы келетін әйелдер, әрине, маған лайық емес. Сондайға көнетін де еркектер бар. Соларға болмаса, ауылдан шыққан мен үшін ондай әйел болмау керек деп ойлаймын. Ең қысқасы, «күйеуін құл санап, күң болғысы келмей, күйеуін хан санап, ханшайым болғысы келетін» әйелдердікі дұрыс деп есептеймін. Менің әйелім сондай деп ойлаймын.

-Балаларыңызға қандай әкелік тәлім беріп жатырсыз?

-Әлі олар жас. Жас болса да тфай-тфай тәрбиелі. Ол қанмен келетін нәрсе ғой енді. Шамалы өссе мүмкіндігімізше, бар жақсы тәрбиені береміз. Әзірге өздеріне лайықты тәрбиелерін алып келе жатыр (күліп).

nwfaxf024iy

-Келер 2017 жылға қандай жоспарларыңыз бар?

-Ең басты жұмысым – ән жазу. Ән жаза берем, жаза берем. Алла қаласа, хит болғанша. Бейнебаян әзірше ойда жоқ. Өйткені әндерімнің ішінен кең тараған, халыққа ұнаған әніме түсірмекшімін. Алдағы уақыттың еншісінде.

-Әңгімеңізге рақмет. Шығармашылық табыс тілейміз!

 

ikerim.kz

Бүгін, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде