Робот-балық

26 желтоқсан 2016, 15:58

Қытайдың оқымыстылары робот-балық жасапты. Компьютер немесе кәдімгі қалта телефоны арқылы басқарылады. Құбырдың ішіне жіберсең, қай жерде қоқыс тірелген, қай жері шытынаған, қай жерде су ағып тұр, соның бәрін дәл тауып береді. Бұған қоса, судың сапасын да анықтауға көмектеседі. Бір сөзбен айтқанда, қыс түссе, «құбыр жарылмаса екен» – деп жалбарынып отыратын біздің әкім-қараға да, қайласын арқалап, қай жерді қазарын білмей ары-бері шапқылайтын жұмысшыға да таптырмайтын құрал. Бағасы да имантаразы. 15 мың доллардың ар жақ, бер жағы.

Роботтың түр-түрі жасалып жатқанда мұны неге мысал етіп отырмыз? – деген сауалдың көлденең тұруы кәдік. Жауабы да дайын. Бізде неге жасамасқа? Атақ-даңқы дардай оқымыстыдан кенде емеспіз. Қазынадан қаржы алатын зерттеу мекемесі көп. Бірақ таңдай қағып тамсанатын, өндіріске тың түрен салатын ғылыми жаңалық жоқтың қасы. Әрине, көп мәрте пайдалануға болатын зымыран жасап, ғарыш шығынын әлдеқайда азайтқан Илон Масктың ғаламат жобасын күтпейміз біздің ғылымнан. Дейтұрғанмен, төртінші өнеркәсіп төңкерісі басталған қазіргі заманда ақыл-ой еңбегі өндіріспен етене болуы тиіс. Әйтпесе, ғылым да, экономика да өркениет көшінен қалып қояды. Немесе ілгері кеткендер жетістігін өзгеге беріп игілігін көреді. NASA-ға (АҚШ ұлттық ғарыш агенттігі) миллиардтарды үнемдеуге мүмкіндік берген сол Илон Маск жетістігінің кілті ғылыми-фантастикалық кітаптар екенін айтады. Алдағы ондаған, тіпті жүздеген жылдарды болжап білген Айзек Азимовтың шығармаларын жата-жастанып оқуы ғарыш жүйесінде осындай ұлы жаңалық ашуға мүмкіндік беріпті. Мұның да әсері бар шығар кім білсін, әйтеуір, жапондар интернетке жабысқан балаларын жаппай кітап оқуға үгіттеп жатыр. Американдықтар мен корейлер ойлап тапқан смартфон түр-түрін құрастыратын «алып фабрикаға» айналған қытай елінде жастар бүгінде кітапқа бет бұрып келеді. Бұл кітап оқудан қалып бара жатқан, түсінік-түйсігі үстірт дилетанттары көбейген біздің қоғамды ойландыратын, қаперде ұстауы тиіс құбылыс.
Қытайда кешегі «мәдени төңкеріс» кезінде үйдегі қазан-аяқты балқытып, болат өндірісінде оза шабам деген ұраншыл әрекеттен түк шықпағаны көпке мәлім. Өйткені, өндірісі ілгері кеткендер бұл кезде заманауи технологияны пайдаланып жатты. Сол оқу мен тоқудың арқасында американдықтар тақтатас (сланец) мұнайын өндіру арқылы ғылымда жаңа төңкеріс жасады. «Қара алтында» бізге бәсекелес» — жоқ деп жүрген талай алпауытты тығырыққа тіреді. Міне, қазір ОПЕК бастап, басқалар қостап шығаратын мұнай көлемін кемітуге мәжбүр. Тіпті бюджеті көмірсутегі көзіне байланған Ресейдің өзі күнделікті өндірісті 300 мың баррельге азайтатынын жариялады. «Қара алтын» бағасы қымбаттады. Қара май өндіретін елдердің ақшасы аздап болса да еңсесін тіктеді. Бірақ мұның тұрақты тренд еместігін бәрі біледі. Сондықтан ендігі жерде ілім-білімдегі жетістігін өндіріске бағыттап, жаңа экономикалық саясат ұстанған ел ғана ұтады. Бізде де көп оқитын дарынды да білімді, ғылым төсіне құлаш ұрған жастар бар. Соларды қолдасақ, шын жүйрікті бағаласақ, біз де робот-балықтың талайын ұстармыз. Сол күнге жетуге жазсын!

 

Срайыл Смайыл

Бүгін, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде