Ресейден cуды да сатып аламыз

27 мамыр 2016, 18:37

photo_26203

Батыс Қазақстан облысына Ресейден келетін судың құны жыл сайын 12-16 пайызға қымбаттауда. Бүгінде бір текше метрі 16 теңгеге бағаланды. Саратов облысындағы Қараөзен және Сарыөзен бойына су қоймалары салынуына байланысты Еділден келетін су деңгейі азайған. Егер бұл бағытта 30 миллион текше метр су жіберілмесе, екі өзеннің бойындағы 17 елді мекен, яғни 18 мың тұрғын ауыз сусыз қалады. Жәнібек – Бөкей ордасы ауданының суландыру жүйесіне 11 миллион текше метр су керек. Республикалық бюджеттен биыл 1 млрд 1 млн теңге бөлінді. Сол кезде бекітілген бағаның ауытқуына орай, бүгінде қосымша 620 миллион теңге қаражат қажет болып отыр. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев бұл мәселенің күзде шешілетінін айтқан. «Бірақ бұл уақыт өте кеш болады», – дейді жергілікті мамандар.

 

Елдің бюджетіне шығын әкелетін бұл ауыртпалықты жеңілдету үшін 2010 жылы Киров су қоймасынан шығып, батыс жақты бүйірлей оңтүстік бағытқа ағатын Киров – Шежін магистралін қалпына келтіру, 180 шақырымға созылатын арнаны Қазталов ауданындағы Ақпәтер ауылдық округіне дейін апарып, Қараөзенге қосу үшін арнайы жоба қолға алынды. Сонда Қараөзен суы үшін жылма-жыл Ресейге бөлінетін қаражаттың 50 пайызын үнемдеуге болады екен. Бірақ «Кісідегінің кілті аспанда» деген, Ресей Орынбор облысы арқылы тегін келетін Жайық өзенінің суына ақша талап етпесіне кім кепіл?!
«Қазсушар» РМК БҚО филиалының директоры Нұрболат Жұмағалиев, «Облыстың Ақжайық ауданы Алғабас ауылдық округінде орналасқан су қоймасының сыйымдылығы – 63 млн метр3, ұзындығы – 1750 метр. Су қоймасынан Киров – Шежін, Первомай, Бударин күретамыр арналарға су жіберіледі. «Қазір біздің есебіміз бойынша Жайық өзенінің ағысы секундына 900 текше метр. Киров қоймасынан секундына 80 текше метр су босатылуда. Былтыр су қоймалары 30 пайызға дейін толып еді, биыл 80 пайызға көбейді. Себебі Ақтөбе облысындағы 15 жылдан бері арнасы толмаған Елек өзенінен Жайыққа бір ай бойы су жіберілді. Жайыққа құйылатын өзендерден Сақмар енді тасып жатыр. Ресей аумағындағы сыйымдылығы 160 миллион текше метр Ириклинск су қоймасы жақында толады. Алдағы уақытта арнайы комиссия құрып, ресейлік тараппен Орынбор қаласында келісім жүргізіледі. Әзірше, бұл су қоймасынан секундына 90 текше метр су босатуды сұрап отырмыз. Жайық суының деңгейі былтыр 3 метр 69 см болса, биыл 5 метр 13 см», – дейді.
2011 жылы осы жоба аясында тендер арқылы бюджеттен бөлінген 949 млн теңгеден астам қаражатты иеленген Өскемен қаласындағы «Подводстрой» ЖШС-ның кейін су арнасы құрылысын жүргізу үшін қосымша 423 миллион теңгеге жалған есеп жасағаны анықталды. Тасқала ауданы сотының үкімімен серіктестік директоры Д.Якунин сотталды. 2012 жылы 172 млн 53 мың теңгеге «Қазсушар» РМК БҚО филиалы мен «Оралводстрой» АҚ жөндеу жүргізді. Былтырдан бастап бұл іске «АзияТехСтрой» құрылыс компаниясы тартылған. Бүгінге дейін Киров – Шежін су арнасының 46 шақырымы кеңейтіліп, тереңдетілді. Биыл «Қазсушар» РМК БҚО филиалы осы жобаның 1-кезеңін толық аяқтауға, яғни 55-шақырымға дейін жөндеуге 93 млн теңге қаражат бөледі.
«Киров – Шежін су арнасын тазарту жұмысының екінші кезеңін жүргізуге 854 миллион теңгеден астам қаражат керек», – дейді Нұрболат Жұмағалиев. – Егер бұл қаржы биыл бөлінбесе, су арнасы құрылысының жобалық-сметалық құжатын қайта жасақтау үшін қосымша шығындануға тура келеді. Екінші кезеңдегі жұмыс магистральдың 74 шақырымын қамтиды. Яғни Қазталов ауданының Талдықұдық ауылындағы су қоймасына дейінгі арна ашылады. Малы мен жаны сусап отырған «Талдықұдық аудан орталығынан 127 шақырым қашықтықта орналасқан. Ауылдық округ орталығынан 60 шақырым жерде Қайрош елді мекені бар. Жер сортаң.
Мамандар зерттеу жүргізгенімен, жер астынан тұщы су қорын таба алмады. Ауылдағы тоғанның қазылғанына 49 жыл болды. Түбі тайыз. Бір-ақ метр. Көктемде және күзде толтырып алып, су сорғысымен ауылдағы су мұнарасына жіберіледі. Кейде қыста қатып қалады.
Талдықұдық су қоймасына қазір секундына 2 текше метрден су жіберіледі. Егер Киров – Шежін су арнасы толық тазартылса, су қоймасына секундына 8 текше метр су жіберуге болады. Талдықұдықтан ары қарай жобаның үшінші кезеңі іске аспақ. Онда Киров – Шежін магистралінің 30,6 шақырымы тазартылса, Қараөзенге қосу үшін 18,8 шақырым жаңа арна қазылады. Бұл үшін қыруар қаражат керек. Жобаның екінші кезеңіне қаржы табылмай отырғанда үшінші кезең туралы айту әлі ертерек сияқты. Жақында ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ерболат Мұқаев пен Рашит Ахметов облыс әкімі Алтай Көлгіновпен бірге Ақжайық және Қазталов аудандарында болып, су мәселесінің мән-жайына қанықты. Бірақ олардан елге қайыр бола ма, жоқ па, белгісіз…

Ұлдай САРИЕВА,
Батыс Қазақстан облысы

17 шiлде, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде