Раушан Нарбек: Газетіміздің негізгі ұстанымы — бейбіт елдің ұйтқысына айналу

22 тамыз 2023, 16:06

Елімізде моноқалаларды дамыту қолға алынып, келелі істер жүзеге асырылып келеді. Сондай қаланың бірі — Түркістан облысына қарайтын Кентау шахары. Қаланың тыныс-тіршілігін, даму  үдерісін насихаттап, жұртшылыққа жеткізуде жергілікті мерзімді басылымдардың да арқалар жүгі ауыр. «Кентау шұғыласы» газетінің бас редакторы Раушан Нарбек ханыммен сұхбатымызда жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының жай-күйі, отандық журналистиканың бағыты  турасында сұрадық.

– Раушан ханым, «Кентау шұғыласы» газетінің тарихына қысқаша  тоқталып  айтып өтсеңіз. Қандай тұлғалар қызмет етті редакцияда?

— «Кентау шұғыласы» газеті – Түркістан облысындағы тарихи басылымдардың бірі. 1927 жылы құрылған Ащысай кеніндегі еңбек пен жұмысшылар өмірін насихаттайтын басылым ретінде 1933 жылы қараша айында «Қаратау кеншілері» және «Горняки Каратау» газеті ашылды. Соғыс жылдары әрбір жетінші оқты шығарған Ащысай кеніндегі еңбекшілер ерлігі осы басылымда жарияланып отырды. Соғыстан кейін газет Ащысай полиметалл комбинаты парткомының органына айналды. 1956 жылы мамырда басылымның аты «Кентау правдасы» және «Кентауская правда» болып өзгеріп, оған И.Шүлембаев, Т.Қорабаев, М.Сосунов, А.Олейниковтар редактор болды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі жылдары  Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ағия Беркімбаева, Галина Муфтахова, Ботакөз Әбілқасымова,  Әбу Қалдыбеков, Қайрат Зайнишев басқарды. Газетті есімдері ел жұртшылығына етене таныс Бекжігіт Сердәлі, Рысты Атабек, Базарбай Оспанов, Светлана Утенова, Владимир Хаев, Захардин Қыстаубаев және өзге де қаламгерлер еңбек етті.

Қала  газетінің қазіргі тыныс-тіршілігі қандай,  таралымы қанша?

— Қазіргі таңда қалалық «Кентау шұғыласы» газеті аптасына бір рет қазақ және орыс тілінде шығып отырады. Басылым 2000 таралыммен жарық көріп келеді. Газет бетінде Кентау қаласының жаңалықтары, әлеуметтік, қоғамдық, құқықтық және өзекті мәселелер көтеріледі.

Редакция ұжымында қанша қызметкер жұмыс істейді?

— Қазіргі таңда «Кентау шұғыласы» газетінің ұжымында 5 қызметкер жұмыс істейді.

Қаладағы еңбек адамдары  сынды елге үлгі тұлғаларды насихаттау  бағытында  қандай айдарларыңыз бар?

— Біздің қаладағы үлгі тұтар және еңбек адамдары жайында «Білім», «Қоғам және дін», «Жаңалықтар», «Құқық», «Ардагер», «Қызмет», «Орайы түскен сұхбат», «Мәдениет», «Ресми», «Сұрақ — Сізден, Жауап — Бізден» тағы басқада айдарларымыз бар. Үлгілі тұлғаларды өсіп келе жатқан жастарға үлгі ретінде газет бетіне үнемі жариялап отырамыз.

Қалалық әкімдікпен газет арасындағы байланыс қандай,  бірлесіп іс-шара өткізесіздер ме?

— Әрине, қалалық әкімдікпен газет арасында тығыз байланыс бар. Себебі қалалық газет болғандықтан, қалада өткізілген әрбір шараны газет бетіне беруге тырысамыз. Алдағы уақытта «Кентау шүғыласы» газетінің 90 жылдық мерейтойын өткізуді жоспарлап отырмыз.

Редакция журналистері  мүшәйра, басқа да  сайыстарға қатысып тұра ма? Өзге әріптестермен  байланыс орнату жағы қалай?

— Әлбетте, қалада ұйымдастырылған әрбір шараға, байқауға қатысып тұрады. Газет биылғы жылы Қазақстан Журналистер Одағының «Құрмет грамотасына» ие болды. Журналистеріміз мүшәйраларға, журналистер арасында өтетін байқауларға үнемі қаитысып отырады.

Журналистикаға қызығатын  жастардың шоғыры қалың, бірақ солардың арасында  редакцияда  жұмыс істеуге ықыласты жас мамандардың қатары сиреп тұрғаны жасырын емес. Қалалық  газеттің бас редакторы ретінде бұған қандай пікір айтасыз?

— Журналистикаға қызығатын жастар көп. Журналист жастардың газет пен телеарнадағы жұмысын көріп отырамын. Кейбір жас журналистердің аяқ алысы жаман емес.  Бірақ олардың басым бөлігі телеарна саласын таңдайды. Себебі телеарна арқылы тез танымал болуды мақсат тұтады. Біз кезінде КазҰУ-де оқып жүргенде дәріс берген ұстаздарымыз газет және баспа қызметінің берері мол екен айтатын. Мен өзім 20 жылдай газет-журнал саласында жүргендіктен, жас журналистер газет пен журналда тәжірибе алмасуы қажет. Себебі, газет-журнал арқылы жас журналистердің жазары да айтар ойы да анық болары анық. Ал бірден телеарнаға немесе баспасөз қызметіне жұмысқа орналысқан журналистің кейін газет пен журналда  мақала жазуы қиын болары анық. Мен 2010 жылы Алматыда Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері Университетінде студенттерге журналистика мамандығы бойынша сабақ бердім. Сол кезде журналистерді Алматыдағы «Заң» газетіне алып барып, газетке жарияланған мақалаларды редакциялауды, өңдеуді практика жүзінде үйренуіне мүмкіндік алатын. Сондай-ақ телеарнада өтетін бағдарламаларға қатысуға да алып баратынмын. Студенттерді газет пен телеарнаға апарудағы мақсатым, олар журналистиканың қайнаған ортасына етене араласып, сол саланың қыр-сырын жетік меңгермейінше, өзінің мамандығын бірден алып кете алмайды. Сол студенттерім қазіргі таңда бірі телеарнада, бірі радиода, бірі газетте, бірі сайтта журналист болып қызмет атқарады. Әрине, олардың жетістігін көріп марқайып қаласың.

Журналистика мамандығы бойынша білім алып жүрген студенттер 2-ші курстан бастап, газет пен журналдың жұмысына етене араласса, жоғары оқу орнын бітіргенде олардан майталман маман шығары анық.

Өзіңіз кейінгі буын өкілдерін бақылап жүресіз бе? Бүгінгі жас журналистердің әлеуеті қаншалықты?

— Әрине, кейінгі буынды бақылап жүремін. Қазіргі таңда туа біткен талантты журналист жастар көп. Кейбір жас журналистердің жүргізген хабарын сүйсіне тамашалайсың. Ал кейбір хабарларға қарасаң, қарның ашады. Әсіресе, телеарнада халықтың алдына шыққан журналистер этиканы сақтап, әдептен озбауы керек. Өсіп келе жатқан жас буын телеарна жұлдыздарына еліктеп, соларға қарап бой түзейтіні анық. Газетте жүрген кей журналистердің тіл байлығы онша бай емес екендігі байқалады. Әрине, бұл кемшілік телевизияда жүрген жас журналистерге тән. Себебі, қазіргі жастар басына жастанып кітап оқымайды. Әлеуметтік желіге сүйенеді. Кітап — адамның сөздік қорын көбейтіп, тіл байлығын дамытатын құралдың бірі. Кейбір бағдарламаны қарап отырсаңыз, жүргізушінің сөз саптауы, мақал-мәтелдерді орынсыз қолдануы, орынсыз қалжыңдары көрерменді қатты  қынжылтады. Оның үстіне, соңғы кездері әнші де, актер де жүргізуші болып кетті. Кәсіби маман жүргізбесе, бағдарламаның сапасы төмендеп кетеді. Дегенмен уақыт өте келе, бұл олқылықтың орны толады деп ойлаймын.

«Шөп те өлең,  шөңге де өлең» дегендей қаптаған блогер,  сахнада ән айтушылардың  жүргізушілікке ұмтылуы журналист мамандығының беделін түсірмей ме?

— Әрине, сұрағыңыз өте орынды. Қазіргі таңда блогерлер «халықтың мәселесін көтеріп жатырмын» деп әлеуметтік желіде айқай салуда. Блогер кәсіби журналист емес, әнші кәсіби жүргізуші емес. Себебі, кейбір атақты әншілердің бағдарлама жүргізгенін көріп келеміз, салихалы, мағыналы сөзден гөрі, ыржалаңдаған күлкі мен қалжыңы көп. Кейбір әнші жүргізушілер бір сөзді өзі айтып, өзі дарылдап күліп тұрады. Оның не айтып, неге күлгенін түсінбей де қаласың. Телеарна алдына шыққан жүргізуші ең алдымен телеарна көрерменін құрметтеуі керек, әрдайым сахна мәдениетін сақтау қажет.

Содан кейін, соңғы кездері көпшілік қауым кәсіби журналист пен блогерлерді шатастырады. Блогерлердің материалдарынан бір шикілік көрініп тұратыны анық. Өзінің бас пайдасы үшін Отанына, еліне, ұлтына опасыздық жасағандарды жақтап жүрген блогерлерді де көріп жүрміз. Блогерлердің жазған жазбалары мен видеоларын сараптап қарасаңыз, олардың басым бөлігі өзінің бас пайдасы үшін жазылып, жарияланған. Олар өздерінің әрбір жазбасы арқылы оқырманын көбірек жинап, сол арқылы пайда табуды мақсат етуде. Біздің еліміздегі әншілер мен блогерлердің жарнамасының салдарынан қаншама халық алаяқтардың құрбаны болды десеңізші. Жарнамаға түскен әншінің де, жазбаны таратқан блогердің де есебі түгел. Себебі олар бір роликтің жарнамасының қаламақысын алып алған. Ал сол халыққа кеңінен таралып, атақты әнші мен блогерге сенген қаншама халық қарызға батып шырылдап қалды десеңізші. Сондықтан да, әлеуметтік желідегі атақтылардың ірбір жанамасы мен айтқан сөзіне сене беруге болмайды. Блогерлердің осындай әрекетінен кейін халықтың кәсіби журналистерге деген сенімі төмендеп барады. Себебі қарапайым халық блогер де, жүргізуші де журналист деп түсінеді. Ал біздің блогерлер өздерінің ісінің түпкі мағынасын түсінбей жүргендей. Блогер дегеніміз –күнделік жүргізуші, блог – онлайн күнделік. Белгілі бір материалды сараптап, сол материалдың өзектілігін ашып, жіліктеп, халыққа жетік түсіндіріп беретін маман болуы қажет. Біздің елімізде екінің бірі өзін блогер санап, қит етсе болды, көзі шалған нәрсені әлеуметтік желіге салуға асығатындардың қатары көбейді. Олар биліктің осал тұсын тапқанын мақтаныш санап, соны халыққа жариялап, жазылушы мен оқырманының санын арттырғанына мәз. Сосын бұл блогер-сымақтар жүрген жерлерінен ілік іздеп, әрбір оқиғаның осал тұсын көрсетіп, оқырманының жанашырындай көрінгісі келіп сүйінші сұрауды жаны сүйетін белсенділердің ісін құптамаймын. Қолына қымбат смартфон ұстағанның бәрі блогер емес. Десек те, қолына смартфон ұстаған жас пен кәрі де өздерін блогерге санайтыны жасырын емес.

Түркістан  облысы құрылғалы даму динамикасы жоғарылауына, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуына Кентау қаласының да қосып жатқан үлесі қомақты. «Кентау шұғыласы» газеті  қаланың  тыныс-тіршілігінің айнасы ретінде бұл жайттан да сырт қалмайтыны белгілі. Керісінше,  аймақта болып жатқан жаңалықтарды аудан халқымен бөлісіп отыруға ықыласты. Редакция ұжымы осы үдеден шыға алып жүр ме?

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, тұтас халық жұмыла жүзеге асыра бастаған, жетістіктерін бүкіл дүние талассыз мойындаған бағдарламалар біздің қаламызда да іске асуда. Моноқала атанған Кентау қаласының тыныс-тіршілігін  біздің редакциямыздың ұжымы «Кентау шұғыласы» газеті арқылы қала тұрғындарына ұсынып келеді. Біздің қаламыздың даму тенденциясы, өсіп-өркендеу өрісі әрдайым ұжымның басты назарында. Кентау қаласы жылдан-жылға дамып отыр. Қала халқының да әлеуметтік және экономикалық ахуалы жақсарып келеді. Көптеген жастар мемлекеттік бағдарлама арқылы жұмысқа орналасады.  Жас облыстың түлеп-түрленуі қалалық бұқаралық ақпарат құралдарының экономикалық жағдайын жақсартатыны сөзсіз. Сондықтан да жағымды жаңалықтардың жаршысы болып келе жатқан газетіміздің негізгі ұстанымы бейбіт елдің ұйтқысына айналу болып табылады.

Салалық журналистиканың дамуына қаншалықты үлесімізді қоса алып жүрміз? Өзіңіз жалпы қай  тақырыпқа жазғанды қалайсыз?

– Ең алдымен салалық журналистика дегеніміз не, соған тоқтала өтсем. Салалық журналистика дегеніміз — журналистің белгілі бір тақырыпты жетік зерттей отырып, өзінің меңгерген саласының қыры мен сырын жетік үйреніп, өзінің таңдаған саласына әбден машықтанған маман. Аталған журналистиканың ерекшелігі ол ақпаратты дер кезінде, дәлелдермен жеткізу. Журналист маманы қоғамда қандай мәселе қызу талқыға түсіп жатса немесе қандай да бір тақырып халықтың назарын өзіне аударса, жайында дер кезінде жазып, халыққа ұсынады. Ал қазіргі интернет пайда болғалы бері ақпарат таратушы да көбейіп кетті. Ақпарат әлеуметтік желіде ақпарат таратушы парақшалардың басым бөлігі жарияланған ақапараттың дәлдігін анықтамайды. Олар үшін ең бастысы әлеуметтік желіде оқырман санын арттырып «сенсация» жасау болып табылады. Олай дейтін себебім, 2021 жылы Түркістан облысы бойынша ҚАЖД-де баспасөз қызметінде қызмет атқарып жүрген кезімде осындай бұрмалаушы желілер мен сайттардың жариялаған мақалалары бойынша басшылығына шыққан болатынмын. Осындай бұрмалаушылық салалық журналистиканың беделін түсіретіні анық. Қарап отырсақ, қазіргі қазақ оқырмандарының басым бөлігі «Instagram», «Facebook», «Youtube», «TikTok» және «WhatsApp» арқылы келетін контентті көреді. Әсіресе, осы әлеуметтік желі арқылы келетін ақпараттар шындыққа жанаспайды. Осындай жалған ақпараттың салдарынан қаншама халық алаяқтардың құрбанына айналды.

Масс медиа туралы заң жобасы жуырда қабылданады, жалпы БАҚ туралы заң, журналистердің  статусы мен мәртебесі арнайы заңмен  бекітілуі керек деген мәселе ертеден қозғалып келеді. Ертеректе қолға алынатын шаруа еді, «қолымызды мезгілінен кеш сермесек» те  Масс медиа туралы заң, журналистердің әлеуметтік статусы айқындалуы керек қашан да.

— Журналистердің мәртебесін көтеру керек деген мәселе айта-айта жауыр болған әңгіменің бірі. Масс медиа туралы заң жобасын әзірлеу 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін қолға алынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы наурыздағы халыққа Жолдауында «Мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму процесін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек» деген болатын. Бұқаралық ақпарат құралдары — мемлекеттің мүддесін насихаттаушы. Елімізде болып жатқан жаңалықты халыққа дер кезінде жеткізіп отырады. Өкінішке орай, БАҚ мемлекеттік орынға кіре алмайды. Бір мәселені көтеріп, бір мекемеге хабарласудың өзі мұң екені жасырын емес. Мысалы, шұғыл ақпарат беру үшін бір мекемеге хат жазып, оны айлап күтуге болмайтын кез де орын алады.  Шұғыл келген ақпаратты фактісіз газет бетіне сала алмайсың, ал мекеменің жауабын күтсең, әлгі ақпарат ескіріп кетеді. Қажетті сұрағыңмен баспасөз қызметіне хабарласасың, ол жерде отырған мамандар арнайы хат сұрайды, ол хаттағы сұрақтар бойынша әр маманның жауабын жинап жүргенде біраз уақыт өтетіні белгілі. Әрбір журналистің көтерген мәселесіне қажетті ақпаратты нақты әрі жылдам жауап беруді мемлекеттік мекеме қолға алса екен ұсынысымды айтып, тілегімді жеткізгім келеді.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет,

Түркістан облысы.

 

Бүгін, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
Бүгін, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз