Рауана Сағадиева: Ұсынысымыз жерде қалмайды

23 ақпан, 21:02

Алматыда инклюзивті ортаны дамыту жөніндегі кеңес өз жұмысын бастады. Енді тәжірибелі мамандар тарапынан нақты тұжырымдалған ұсыныстар бюрократиялық кедергілерсіз орындалмақ. Бұл өз кезегінде қала тұрғындарының жайлы әрі қолайлы өмір сүруіне жағдай жасайды. Жұмыс барысы туралы кеңес мүшесі, Ерекше балалары бар ата-аналар одағының басшысы Рауана Сағадиева ой бөлісті. Ол алдымен қоғамда қалыптасқан «инклюзияға» байланысты стереотипті жою қажеттігін алға тартты.

 Рауана Сағадиева, кеңес мүшесі:

 «Инклюзия — бұл тек мүгедектерге ғана қатысты деген қате пікір қоғамда қалыптасып кеткен. Негізі олай емес. Бұл — негізінен қоғамдағы әрбір азаматтың ешқандай дискриминациясыз, тең құқылы өмір сүруі деген сөз. Біздің қоғамда әр түрлі адамдар бар. Ауыл мектептеріндегі үш ауысымдық оқудағы балаларда, белгілі бір қызметтерді ала алмай жүрген қандастар және сол секілді тағы басқаларында да инклюзияның жоқ екенін байқаймыз».

Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаевтың төрағалығымен инклюзивті ортаны дамыту жөнінде кеңес биылдан бастап өз жұмысын бастады. Үкіметтік емес ұйымдар мен сарапшылар қоғамдастығы мүмкіндігі шектеулі жандардың толыққанды өмір сүруіне жағдай жасау үшін жұдырықтай жұмылып, бұл бағыттағы жұмысты үйлестіріп, күшейтпек.

Жаңа кеңестің құрамына қаладағы аудан әкімдері, басқарма басшылары, барлық санаттағы мүгедек адамдардың мүдделерін білдіретін үкіметтік емес ұйым басшылары, депутаттар мен қала әкімінің кеңесшілері енді. Бұдан былай, мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары мүгедектігі бар жандарды әлеуметтік қолдау, оларға қолайлы жағдай жасау жөніндегі есептерін кеңес отырысында береді. Айта кету керек, кеңеске қабылданған үміткерлерді іріктеу кезінде мүгедектігі бар жандардың құқығын қорғау және мүмкіндігін кеңейту саласындағы жұмыс тәжірибесі, заң шығару, ғылыми және сарапшылық саладағы қарым-қабілеті ескерілді.

Рауана Сағадиева, кеңес мүшесі:

 «Қазіргі таңда осы кеңеске біз үлкен үміт артамыз. Ол отыз жылдан аса тәжірибесі бар мамандардан тұрады. Кеңес құрамында мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғау саласындағы белгілі қоғам қайраткерлері Богдан Джепка, Татьяна Баклажанская, Майра Сүлеева, Әсия Ахтановалар бар. Тәжірибеміз өте үлкен деп айта аламын. Біз шынайы экспертиза бере аламыз. Әлеуметтік сауалнамалар өткіземіз. Сосын нақты жобаларды әкімдікке, құзырлы органдарға ұсынамыз. Басты мақсатымыз — Алматы тұрғындарын, барлық әлеуметтік топтағыларды, мүгедектердің және олардың қамқоршыларының ғана емес, қарттардың, жетім балалардың тағы басқаларының жағдайын жақсарту үшін барлық саладағы жұмыстарын қайта қарап, саралап, қажетті құжаттарды дайындап, оларды іске асыру».

Кеңес мүшесі Рауана Сағадиева келесі аптада қалалық Архитектура және құрылыс басқармасының қатысуымен воркшоп болатынын жеткізді. Алматыдағы сәулет құрылысы жаңа соғылып жатқан ғимараттардың және ескі ғимараттардың қаншалықты қоғам мүшелері үшін пайдалануына қолжетімді екенін анықтап, ұсыныстарын береді.

 Рауана Сағадиева, кеңес мүшесі:

«Алматы қаласын 2025 жылға дейін дамытуға арналған құжат бар. Соған сәйкес, әр бағыт бойынша жауапты органдар бекітілген. Әсем Алматымыздың қауіпсіз, тұрғындар үшін қолайлы, таза, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз болуы үшін сол органдармен тығыз жұмыс істейміз. Кеңес отырысы жылына төрт рет ұйымдастырылады. Әр тоқсан сайын осы уақытқа дейінгі талданған, сараланған ұсыныстарымызды баяндаймыз. 

Қазіргі таңда кеңестің алдағы жұмысы туралы нақты жоспарлары дайындалып жатыр. Наурыз айында іске асырылатын жобалар бекітілмек. 

Қазіргі кеңестің біліктілігі, сөз жүзінде емес, іс жүзінде нақты орындалып келе жатқан жобаларды ұсынамыз. Жұмыстың нәтижесі есеп беру түрінде өтеді. Барлық дүние басшылықтан басталады. Бұл кеңестің жұмысындағы жауапкершілікті төраға ретінде әкім өз мойнына алған. Бұл дегеніміз — біздің жұмысымыздың орындалатынына кепілдік бар деген сөз. Сол себепті біздің ұсынысымыз жерде қалмайды. 

Бұл — бюрократиялық шектеулерден ада кеңес. Айтылды, сол жерде іске асырылуы керек. Сол жерде бұйрық шығарылып, оның орындалуын қадағалайтын боламыз».

Осылайша еліміздегі ең ірі мегаполисте инклюзивті ортаны қалыптастыру мәселесі мықтап қолға алынды.

Олжас Әбдіхалық,

журналист

 

 

 

 

29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді
24 шiлде, 15:23
Түркістан: Басты мақсат-қылмыстың алдын алу
23 шiлде, 12:11
Түркістан: Миллиондаған қарызы бар борышкер мен мас жүргізуші құрықталды
23 шiлде, 12:06
Түркістан: «Таза Қазақстан» аясында 21 000-нан астам құқық бұзушылық анықталды