jasqazaq.kz

Рәтбек Демеуберген: Біздің басты міндетіміз — кез келген жағдайға жедел әрекет ету

17 наурыз, 12:25

Атырау облысында көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жыл сайын ерекше бақылауда болады. Биыл гидрометеорологиялық болжамдарға қарап мұндай тәуекелдің төмен екенін көрсеткенімен, жауапты органдар қауіптің алдын алу шараларын күшейткен. Бөгеттерді нығайту, өзен арналарының өткізу қабілетін арттыру, эвакуациялық жоспарларды пысықтау – өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты бағыттары. Осы орайда Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Рәтбек Демеубергенмен сұхбаттасып, өңірдегі ахуал мен дайындық барысын сұрадық.

– Рәтбек Қожахметұлы, биыл аймақта көктемгі су тасқыны қаупі бар ма?
– Биыл көктемгі кезеңге қатысты негізгі гидрометеорологиялық мәліметтер «Қазгидромет» РМК Атырау филиалының 2026 жылғы 1 наурыздағы қорытындысына негізделіп отыр. Осы деректерге сәйкес, су тасқыны кезеңі орташа көп жылдық көрсеткіштен аспайды және облыс бойынша су басу қаупі төмен деңгейде бағалануда.
Дегенмен тәжірибе көрсеткендей, табиғи құбылыстар әрқашан өзгермелі болады. Кей жағдайларда қысқа мерзім ішінде ауа райының күрт өзгеруі немесе су көлемінің артуы күтпеген жағдайларға алып келуі мүмкін. Сондықтан біз тек болжамға сүйеніп қана қоймай, барлық ықтимал сценарийлерді ескере отырып жұмыс жүргіземіз. Қауіп төмен болғанымен, дайындық толық деңгейде сақталады. Бұл – төтенше жағдайлардың алдын алудағы басты қағидалардың бірі.
– Су тасқыны қаупі бар аймақтарда қандай инженерлік жұмыстар жүргізілді?
– Су тасқыны қаупі жоғары аймақтар ретінде Атырау қаласы, Жылыой, Қызылқоға, Индер және Махамбет аудандары белгіленген. Осы аумақтардағы елді мекендерді қорғау мақсатында ауқымды инженерлік жұмыстар жүргізілді.
Атап айтқанда, жалпы ұзындығы 106 шақырым болатын бөгеттер көтеріліп, қосымша нығайтылды. Бұл бөгеттер су деңгейі көтерілген жағдайда елді мекендерді қорғауда негізгі тосқауыл болып табылады. Сонымен қатар өзен арналары механикалық тазалаудан өткізіліп, түбі тереңдетілді. Бұл су өткізу қабілетін арттырып, тасқын судың артық қысымын төмендетуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда да бұл жұмыстар тоқтаған жоқ. Жағалауды бекіту, әлсіз учаскелерді күшейту, өзен арналарының өткізу мүмкіндігін арттыру бағытында қосымша шаралар қабылдануда. Бұл жұмыстардың барлығы алдын алу сипатында жүргізіліп, ықтимал қауіптің алдын алуға бағытталған.
– Төтенше жағдай орын алған жағдайда күштер мен техниканың дайындығы жеткілікті ме?
– Біздің басты міндетіміз — кез келген жағдайға жедел әрекет ету. Осы мақсатта 2026 жылғы көктемгі су тасқыны кезеңіне 1668 адамнан тұратын жеке құрам, 466 бірлік арнайы техника, 291 мотопомпа, 24 жүзу құралы және 3 тікұшақ толық дайындыққа келтірілді.
Бұл күштер бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейді: су сору, адамдарды эвакуациялау, бөгеттерді нығайту, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу және гуманитарлық көмек көрсету. Әрбір техника мен құрал нақты міндетке бекітілген және барлық қызметтер арасында үйлестіру жұмыстары пысықталған.
Сонымен қатар жеке құрам тұрақты түрде оқу-жаттығулардан өтіп, түрлі сценарийлер бойынша әрекет ету машықтарын жетілдіріп келеді. Бұл төтенше жағдай туындаған сәтте уақыт жоғалтпай, нақты әрі үйлесімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
– Эвакуациялау және халықты уақытша орналастыру мәселесі қалай ұйымдастырылған?
– Бұл бағыт та айрықша назарда. Облыс аумағында орналасқан 173 қабылдау пунктінің жағдайы толық тексерілді. Олардың жалпы сыйымдылығы 51 625 адамды құрайды. Яғни, қажет болған жағдайда тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруге толық мүмкіндік бар.
Эвакуациялау бағыттары, көлік құралдарының дайындығы және халықты орналастыру тәртібі «Көктем-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы барысында жан-жақты пысықталды. Бұл оқу-жаттығулар нақты жағдайға барынша жақын форматта өткізіліп, барлық қызметтердің өзара әрекеті тексерілді.
Материалдық-техникалық қор да жеткілікті деңгейде жасақталды. Қазіргі таңда 121 тонна жанар-жағар май, 582 тонна инертті материалдар, 1 миллион 941 мыңнан астам қапшық, 149 шатыр және 600 мыңнан астам төсек жабдықтары дайын тұр. Бұл қор төтенше жағдайда халықты қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге толық мүмкіндік береді.
– Облыс аумағында су тасқынынан басқа қандай табиғи қауіп бар?
– Атырау облысының қауіпсіздік паспортына сәйкес, өңірде жиі кездесетін табиғи қауіптердің бірі — дала өрті. Әсіресе, жаз мезгілінде құрғақшылық пен желдің әсерінен өрт қаупі арта түседі.
Сондықтан біз тек су тасқынына ғана емес, өрт қауіпсіздігіне де қатар дайындаламыз. Бұл бағытта профилактикалық жұмыстар, халық арасында түсіндіру шаралары, сондай-ақ жедел әрекет ету күштерінің дайындығы тұрақты бақылауда болады.
— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Олжас Әбдіхалық

Бүгін, 13:39
«Таза Қазақстан» әркімнің өзінен басталады
Бүгін, 12:56
Мирас Тоқтарханов: Абай облысында ауыл шаруашылығының барлық бағытына қолдау бар
17 наурыз, 15:22
Мұнай өңдеу: Әлеует пен әрекет үндескенде
17 наурыз, 12:25
Рәтбек Демеуберген: Біздің басты міндетіміз - кез келген жағдайға жедел әрекет ету
16 наурыз, 14:26
Бауыржан Ізмағамбетов: Ауыз су жүйесімен қамту деңгейі 100 пайызға жетті
15 наурыз, 14:02
Шавкат Рахмонов Қонаев қаласында дауыс берді
15 наурыз, 13:36
Қызылорда: Қазақтың үш ханы дауыс беруге келді
13 наурыз, 17:27
Елімізде теміржол инфрақұрылымы жаңғыртылып жатыр
13 наурыз, 16:07
Тіршілік нәрі - судың нарқы қашанда қымбат