Әнші Рахат Тұрлыханов отбасылық жанжалға байланысты тағы да әлеуметтік желіде талқыға. Алматы полициясы бұл ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды jasqazaq.kz.
Бұған дейін БАҚ-та 15 наурыз күні қазақстандық әнші Рахат Тұрлыханов жұбайын соққыға жықты деген күдікпен ұсталды деген ақпарат тараған. Мәліметке сәйкес, оқиғадан кейін ол Алматы қаласы Медеу аудандық полиция басқармасына жеткізілген.
«Алматы қаласының Медеу ауданында болған отбасылық жанжал фактісі бойынша полиция қызметкерлері түскен шақыртуға шығып, оқиғаға қатысушыларды мән-жайды анықтау үшін аудандық полиция басқармасына жеткізді», – деп хабарлады полиция.
Полиция мәліметінше, тексеру барысында әйелі бастапқыда өзіне күш қолданылғанын айтқан, алайда кейін соққыға жығу фактісін жоққа шығарып, отбасылық жанжал бойынша арыз жазған.
«Қарау нәтижесі бойынша ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы 1-бөлігі (“Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер”) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды», – деп қорытындылады департаментте.


WhatsApp: +7 705 717 9113



