«QYZYLJAR» аймағының шапағаты

09 қазан 2023, 15:02


Осыдан төрт жыл бұрын Солтүстік Қазақстан облысында «QYZYLJAR» арнайы экономикалық аймағы құрылған болатын. Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының jasqazaq.kz сайтына берген мәліметі бойынша, бүгінде оның құрамына енетін кәсіпорындардың тасы өрге домалап, табысты жұмыс істеуде. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «QYZYLJAR» ашылған жылғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында ел Үкіметіне дамыған экономика құру жөнінде тапсырма берген болатын. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысымен Ресеймен шекаралас өңірде құрылған алғашқы экономикалық аймақтың Солтүстік Қазақстан облысы үшін маңызы ерекше. Оның арқасында шетелдік инвесторлардың өңірге қызығушылығы арта түсіп, еліміздің экономикасы тың серпінмен дами бастады. Заманауи өндіріс ошақтары пайда болып, үш мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды.
Айта кету керек, бұл жер ұзақ жылдардан бері бос жатқан сазды-батпақты жер еді. Дегенмен экономикалық аймақ құру үшін дәл осы жердің таңдалғаны кездейсоқ емес: таяқ тастам жерде жылу-электр орталығы орналасқан. Бұл кәсіпорындарды электр жарығымен және жылумен қамтамасыз етуге қолайлы. Сондай-ақ бұл жерде теміржол тұйықтары жетерлік, көлік-логистикалық жағдайы жақсы, ауыр жүк көліктерінің қалаға кіруі қажет емес.

Бүгінде экономикалық аймақ құрамында 12 кәсіпорын бар. Олардың айналысатын қызмет саласы әр түрлі. Мәселен, ауыл шаруашылығы техникасын, құрылыс материалдарын, жиһаз, электр жабдығын, ағаш өнімдері мен целлюлоза, қағаз бен картон, фармацевтикалық және дәрілік препараттар өндірушілермен қатар, аурухана құрылысымен айналысатындар да бар.
Оларға ұсынылатын жеңілдіктер мен артықшылықтар ауыз толтырып айтарлықтай. Мәселен, корпоративтік табыс салығынан, жер және мүлік салығынан босатылады, сондай-ақ шеттен әкелінген шикізат пен жабдыққа кеден бажы салынбайды. Жер телімін пайдаланғаны үшін де ешқандай төлем жоқ. Шетелдік жұмыс күшін жалдаған кезде де жеңілдетілген тәртіп ұсынылады. Оның үсітен қажетті барлық инфрақұрылым мемлекет тарапынан дамытылады.

Ал «Alageum Electric» холдингі еліміздің индустриялық-инновациялық дамуына айтарлықтай үлес қосып келе жатқаны белгілі.

Мәселен, Петропавлдағы электротехникалық зауыты — өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына едәуір үлес қосатын іргелі кәсіпорын. Арнайы экономикалық аймақ жеңілдіктерінің игілігін көріп отырған зауыттың басқарма төрағасы Ерсұлтан Шәмшиевтің айтуынша, 2021 жылдан бері үш жарым мыңға жуық трансформатор өндірілген. Шығарылған өнімнің 98 пайызы шет елдерге экспортталады. Қолданылатын шикізаттың басым бөлігі – отандық өнім. Мұнда 180 адам жұмыспен қамтылған. Олардың әлеуметтік жағдайы да ойластырылған. Әсіресе зауыт өз жұмысшыларын тұрғын үймен қамтамасыз ететіндігі қызығушылықты арттырып отыр. Бұған дейін қызметкерлерге жатақханадан бөлме берілсе, енді үстемақысыз пәтер сатып алуға мүмкіндік бар. Оның өзіндік құнын бөліп төлеуге болады. Қазір Петропавлдың ең дамыған «Жас өркен» шағын ауданындағы оларға арналған жаңа тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатыр. Жұмысшыларға ыстық түскі ас та ұйымдастырылған. Орташа айлық – 330 мың теңге. Кәсіпорын алдағы уақытта жылына 13 мың дана трансформатор шығаруды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар «QYZYLJAR» аймағының шапағатынан тыс қалмаған «СТ Эсэмбли» ЖШС-і және «Қазтехмаш» машина жасау зауытының диқандар үшін маңызы зор. Бұл кәсіпорындар әлемге әйгілі CLAAS және Sampo фирмаларының ауыл шаруашылығы техникасын құрастырумен айналысады. Арнайы экономикалық аймақтың жеңілдіктері арқасында астықты өңірдің шаруалары арзандатылған техникамен қамтамасыз етілуде. Өндіріс орны іске қосылғаннан бері бір мыңға жуық CLAAS және 100 шақты Sampo техникасы құрастырылды. Алдағы уақытта өндіріс алаңдарының аумағын кеңейтіп, қуатын арттыру көзделіп отыр.
Бүгінде әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Осы күнге дейін құйылған инвестиция көлемі – 245 миллиард теңге.
Экономикалық аймақ 25 жыл жұмыс iстейдi деп күтіліп отыр. Осы уақыт ішінде 1,5 триллион теңгенiң өнiмi шығарылмақ.

Роза Шәкенова,
Солтүстік Қазақстан облысы

Бүгін, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді