Программист көп, дәнекерші жоқ

23 мамыр 2017, 14:39

Кәсіптік білім беретін оқу орындарының бәрі өндіріске қажетті мамандыққа баулымайды. Содан барып программист көп те, жұмыс жоқ . Мәжілісте «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында дуалды оқытуды енгізу» деген тақырыппен өткен алқалы жиында осы мәселе талқыланды. Отырысқа қатысқан Семей қаласындағы электр-техникалық колледж директоры Азат Сәрпековтен өндіріске қажетті маман дайындау жайын сұраған едік.

– Шығыс Қазақстан облысы дуалды оқытудың пилоттық жобасы ретінде таңдап алынып, 2012 жылы ең алғаш республикада бұл жүйе бойынша білім беру басталған болатын. Біздің негізгі көрсеткішіміз – жұмыспен қамту. Жұмысқа орналастыруды зейнетақы қорына аударылған аударым арқылы анықталынды. Шыққан пайыз мөлшері бойынша келесі жылға мемлекеттік тапсырыс алынады. Бұрынғыдай «жұмысқа орналасты» деген анықтама жарамайды. Қазір бітіруші түлектердің тізімі облыстық білім басқармасы арқылы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне беріледі. Олар осы тізім арқылы кімге міндетті зейнетақы қаражаты аударылғаны туралы ақпарат береді. Соның арқасында қазір бізде керек емес мамандықтар өзінен-өзі жойылуда.
– Мәселен, қандай мамандықтар?
– Өзім басқарып отырған колледжде бұрын 18 мамандық бойынша маман даярлайтын болғанбыз. Қазір 12 мамандық бойынша білім береміз. Негізгі керек деген мамандықтар қалып жатыр. Олар – электрик, дәнекерші, сантехник сияқты кәсіпкер.
– Не себепті 6 мамандық жабылып қалды?
– Жойылып кетті деп отырғанымның сыры – мынада. Шығыс Қазақстан облысында 83 колледж бар. Бір ғана программист деген мамандық иелерін 16 колледж дайындайды. Яғни менің колледжімде программист мамандығын бітірген түлектердің жұмыспен қамтылуы төмен болса, онда келесі жылы маған мемлекеттік тапсырыс берілмейді. Қай колледж сапалы маман даярлайды, тапсырыс сонда қалады. Міне, осылай нарықтағы сұранысқа байланысты колледждің жұмысы да көрінеді. Мамандықтарды бір-біріне қосу өзімен-өзі жүреді. Ешқайда жүгірудің, тіпті арнайы бір заң қабылдаудың да қажеті жоқ. Себебі нарықтық экономика өзі реттейді. Колледжт 98 пайыз жұмыспен қамту мүмкіндігіне қол жеткізді.
– Сонда түлектердің барлығы өз мамандығымен орналасқан ба?
«Қазақ ғана бір диплом алып, екінші мамандықпен жұмыс істей береді», – деген әзіл бар. Бұл сөздің жаны бар. Мен барлық түлек өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасты дей алмаймын. Мамандығы бойынша орналасқандар 82 пайызға жетті. 100 пайыз ешқашан болмайды. Себебі оқу бітіргендердің кейбірі білімін ары қарай жалғастырса, кейбірі әскерге кетеді, тұрмысқа шығады дегендей. Басында жұмысқа орналасу көрсеткішіміз – 74 пайыздан аспайтын. Көрсеткішіміз алғашқыда өспеді.
– Себебі неде?
– Оның себебі мынада. Бірден-бір себеп – көзқимаушылық. Олай болатын себебі – 18 мамандық бойынша да білім беруді сақтағымыз келді. Бірақ уақыт өте келе, біз ол мамандықтарды сақтап отырсақ, колледж жабылар еді. Одан да бізгет келмейтін мамандықтарды нақты, сапалы маман даярлайтын колледждерге бердік те, өзіміздің негізгі мамандықтарымызды сақтап қалдық. Жұмыссыз қалған маманымыз жоқ. Мәселен, мықты шаштараз болса, кез-келген адам соған жолдың алыстығына қарамастан іздеп барып, шашын алдырады. Біз осыны түсініп, жұмыс істеп келеміз.
– Қанша кәсіпорынмен келісімшартыңыз бар? Қанша студентіңіз сол өндіріс орындарында жүр?
– Колледждің 46 кәсіпорынмен келісімшарты бар. Соның ішінде 9 кәсіпорынмен тікелей дуалды оқыту жүйесі бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бізде 1300 білім алушы бар, соның 300-ге жуығы осы бағдарламамен білім алуда. Жоба бойынша білім алушылардың жасы 16 немесе 18 жас емес, 40-50 де болуы мүмкін. Ол кісілер өзіне нақты не қажет екенін біледі. Сондықтан кәсіпорында оқытудың мүмкіндіктерін қарастырып, екінші мамандық алуы үшін жұмыс жасаймыз. Мәселен, әскери қызметкерлер 45 жасында зейнеткерлікке шығады. Ол кісілер ары қарай немен айналысады? Бізден келіп 3 айлық нарықтағы қажетті мамандық бойынша білім алады да, ары қарай жұмысқа орналасады.
– Кәсіпорын үшін бұл жүйенің пайдасынан шығыны көп болмай ма? Олар қаншалықты сіздермен жұмыс жасауға құлықты?
– Біз өзіміздің келісімшартымыз бар кәсіпорын басшыларымен тығыз байланыс жасап, талдау-сараптау жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Сондағы бір ұққаным – кәсіпорынның көбісі жекеменшік. Олар мемлекеттен ақша алуға тексеруі көп деп қашқақтайды. Сондықтан ол кісілерге басқа көптеген елдердегідей салық бойынша көмек көрсету керек. Мәселен, біз неміс қауымдастығымен жұмыс жасап жатырмыз. Дуалды оқыту жөнінде Германиядан сарапшылар келіп, біздің оқу орындарымызды қарап, бізге көмектесуде. Германиядағы көптеген кәсіпорын еліміздегі оқу орындарына тегін құрал-жабдық беріп келеді. Олар үш ай сайын құрылғыларын жаңартып отырады. Өздерінен қалғанын өзгелерге береді. Өйткені қалдықты жою үшін ақша төлеу керек. Сондықтан олар осы арқылы шығыннан құтылады. Сонымен қатар дамушы мемлекеттерге көмектессе, олар салықтан босатылады. Сол сияқты дуалды оқытуға белсенді көмектескен кәсіпорындарды аз да болса, салықтан босатса, ақша бергеннен гөрі көп көмек болар еді.
– Әңгімеңізге рахмет!

Айбарша ЖАҚСЫЛЫҚ,
Астана қаласы

16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде
05 шiлде, 14:06
Түркістан: Төлеби ауданында профилактикалық іс-шаралар басталды