jasqazaq.kz

Президенттің Жапонияға сапары: 3,7 миллиард доллардан асатын 60-тан астам екіжақты құжатқа қол қойылды

20 желтоқсан 2025, 10:42

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Жапония» диалогының бірінші саммитінде сөз сөйледі, деп хабарлайды jasqazaq.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы бүгінгі тарихи кездесуді ұйымдастыруға бастамашы болғаны және қонақжайлылық танытқаны үшін Жапония Премьер-министрі Санаэ Такаичиге алғыс айтып: «Даму деңгейі тұрғысынан бірегей мегаполис саналатын Токиода ұйымдастырылған маңызды форумға қатысу Қазақстан, тіпті тұтас Орталық Азия үшін айтулы уақиға деп ойлаймын. «Орталық Азия – Жапония» диалогын құру туралы бастаманы жапон тарапы, соның ішінде бұрынғы Сыртқы істер министрі Ёрико Кавагучи көтерген еді. Мұның символдық мәні зор. Сыртқы істер министрлері деңгейіндегі алғашқы жиын 2004 жылы Астанада өтті. Бұл Орталық Азия елдері мен өзге де ірі мемлекеттер арасында осы тектес платформаларды құруға үлгі болды», — деді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мұндай саммиттер Орталық Азияның халықаралық деңгейдегі орны күшейіп, жаһандық үдерістерде маңызды рөл атқара бастағанын көрсетеді.
Мемлекет басшысы: «»Қазақ жұрты жапон халқының тарихына, салт-дәстүрі мен мәдениетіне әрдайым құрметпен қарайды. Күншығыс елінің келісім, ұстамдылық, даналық секілді құндылықтарға құрылған философиясы қазақ халқының дүниетанымына сай келеді. VII ғасырдың өзінде Сётоку ханзада үйлесімді ең биік құндылық ретінде атап, бірлік пен ынтымаққа үндеді. Сол тұста Жапония «Рэйва» – «Керемет үйлесім» дәуіріне қадам басты. Жапонияның Орталық Азия елдерімен байланысы ежелгі Ұлы Жібек жолынан бастау алады», – деп, ғылыми-техникалық және технологиялық прогресте көш бастап келе жатқан Жапонияның әлемдік экономикадағы жетістіктеріне назар аударды.
Қазақстан Жапониямен бірлескен жобаларды табысты жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайды жасауға, қолайлы инвестициялық орта қалыптастыруға дайын. Осы орайда Мемлекет басшысы қазақ-жапон ықпалдастығының перспективті бағыттарына тоқталды:
«Сауда-экономикалық және инвестициялық байланысты жандандыруға баса мән беру қажет.
Былтыр өзара сауданың көлемі шамамен 2 миллиард долларға жетті.
Қазақстан Жапония нарығына уран, сирек кездесетін металдар және мұнай жеткізеді.
Жапония – Қазақстан экономикасының негізгі инвесторларының бірі. Оның елімізге құйған қаржы көлемі 8,5 миллиард доллардан асты.
Қазақстан ұзақ уақыттан бері ірі жапон корпорацияларымен табысты қарым-қатынас орнатты. Біз елімізде еңбек етіп жатқан Жапонияның шағын және орта компанияларының қызметіне қолдау көрсетіп келеміз.
«Орталық Азия – Жапония» форматындағы бизнес форумында екіжақты байланыстарды жандандырып, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруда қажетті уағдаластықтарға қол жеткізетінімізге сенімдімін.
Жапонияға сапарымның аясында 60-тан астам екіжақты құжатқа қол қойылды. Оның ішінде сомасы 3,7 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдер де бар».

JQ-Aqparat
Сурет: aqorda_resmi

Бүгін, 14:26
Бауыржан Ізмағамбетов: Ауыз су жүйесімен қамту деңгейі 100 пайызға жетті
15 наурыз, 14:02
Шавкат Рахмонов Қонаев қаласында дауыс берді
15 наурыз, 13:36
Қызылорда: Қазақтың үш ханы дауыс беруге келді
13 наурыз, 17:27
Елімізде теміржол инфрақұрылымы жаңғыртылып жатыр
13 наурыз, 16:07
Тіршілік нәрі - судың нарқы қашанда қымбат
12 наурыз, 15:28
Қызылордада тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді
11 наурыз, 12:19
«Таза Қазақстан» акциясы биыл өз жалғасын таппақ
10 наурыз, 15:21
Сұңғат Есімханов: Елімізде 163 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істейді
05 наурыз, 16:08
Батыс Қазақстанда су тасқынына қарсы дайындық шаралары күшейтілді