jasqazaq.kz

Президент: Үкімет жеке деректерді қолданатын барлық коммуникацияны қорғалған ұлттық мессенджерге көшіру мәселесін пысықтауы керек

11 тамыз, 15:26

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте деректерді басқару тиімділігін арттыру, сондай-ақ киберқауіпсіздікті күшейту мәселесін көтерді, деп хабарлайды jasqazaq.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы: «Жасанды интеллектінің дамуымен қауіп-қатердің мүлдем жаңа түрлері пайда болды. Үйреншікті әрекет ету механизмдері оған бейімделіп үлгермей жатыр. Нейрожелілер көмегімен адамның биометриялық көшірмесі жасалатынын, дауысын, бет әлпетін, тіпті мінез-құлқын айнытпай салуға болатынын бәріміз көріп отырмыз . Бұл азаматтардың жеке мәліметі мен банк есепшоттарына қол жеткізуге, қоғамдық пікірді бұрмалайтын жалған бейнероликтер жасауға мүмкіндік береді», – деді Президент.
Мемлекет басшысы ақпараттық жүйелердің осал тұстарына тоқталып: «Жыл басынан бері деректердің қолды болуына байланысты 40-тан астам факті тіркелді. Ең ірі оқиға маусым айында болды. Мұндай инциденттердің басым бөлігі жеке секторда орын алады. Бірақ мемлекет еліміздегі цифрлық қауіпсіздіктің жалпы деңгейіне толық жауап беруге міндетті. Киберқауіпсіздік саласындағы бүгінгі ахуал құзыреттердің дұрыс бөлінбеуі және шашыраңқылығы салдарынан күрделеніп отыр. Бір жағынан ақпараттық қауіпсіздікке цифрлық даму министрлігі құрамындағы ақпараттық қауіпсіздік комитеті мониторинг жүргізеді. Екінші жағынан қауіпсіздік талаптары бойынша техникалық сынақтар жүргізу және сертификаттау Ұлттық қауіпсіздік комитетіне бағынышты Мемлекеттік техникалық қызмет құзырында. Бірыңғай басқару вертикалінің болмауы және функциялардың қайталануы мемлекеттік органдардың киберқауіпке қарсы баяу әрекет етуіне себеп болады. Бұл жағдайды тез арада түзеу керек», – деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев қорғалған коммуникацияны қамтамасыз етуді тағы бір маңызды міндет ретінде атады: «Қазіргі кезде іскерлік және қызмет бабындағы байланыстың, соның ішінде азаматтардың жеке деректерін беру үдерісінің басым бөлігі халықаралық мессенджерлер арқылы жүзеге асады. Бұл платформаларда жеке сәйкестендіру нөмірін, азаматтардың денсаулығы туралы мәліметті және басқа да деректерді жиі сұрайды. Мұндай тәжірибе жеке мәліметтерді қорғау туралы заңнамаға қайшы және ұлттық юрисдикциядан тысқары жерге деректердің тарап кетуіне әкеліп соғады. Қазақстанда отандық Aitu мессенджері әзірленді. Ол тиісті қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз ете алады. Үкімет жеке деректерді қолданатын барлық коммуникацияны қорғалған ұлттық мессенджерге көшіру мәселесін пысықтауы керек», — деді.

JQ-Aqparat
Сурет: aqorda_resmi

10 тамыз, 21:15
Түркістан: Абайдың сөзі – рухани құндылықтың алтын қазынасы
09 тамыз, 15:04
Бахадыр Мәдәліұлы: Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету – мәслихат пен партияның ортақ міндеті
06 тамыз, 20:36
Алматыда көше және сәулеттік жарықтандырудың бірыңғай жүйесі жасалады
05 тамыз, 12:34
Бала жанын түсіну – рухани жауапкершілік
31 шiлде, 15:56
Тайланд-Камбоджа: Шиеленіс қалай шешілді?
31 шiлде, 15:21
2,7 млн жайылым жер мемлекетке қайтарылды: жұмыс жалғасады
31 шiлде, 15:00
Айгүл Жамалбекова: Мүмкіндігі шектеулі жандарға ешқандай шектеу жоқ
31 шiлде, 14:48
Қолжетімді баспана – мемлекеттік тұрғын үй саясатының басым бағыты
31 шiлде, 12:19
Жетісайда мүмкіндігі шектеулі жандардың өтініші басты назарда