jasqazaq.kz

Президент Парламенттің орнына Құрылтай деп атауды, депутат санын 145-тен асырмау керектігін айтты

20 қантар, 14:06

Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордада өтіп жатқан V Ұлттық құрылтайда Жұмыс тобында талқыланған негізгі ұсыныстарға тоқталды, деп хабарлайды jasqazaq.kz.

Мемлекет басшысы: «Ең алдымен, болашақ Парламенттің атауы бойынша пікірімді айтсам.
Қысқаша айтқанда, Құрылтай деген атауды беру керек деп сенемін.
Құрылтайдың тарихи аясы да, мағынасы да халқымызға түсінікті, жақын.
Құрылтай отырыстарын жаңғырту бастамасын мен өзім 2022 жылы көтердім. Бұл баяндаманың басында Құрылтай жұмысының тиімділігі мен пайдасына ден қойдым.

Жалпы еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек деп ойлаймын.
Ал депутаттар санына келсек, бұл мәселе де қызу пікірталас туғызды. Ең көп пікір қайшылығы осы мәселеге қатысты болды.
Бірінші тарап еліміздегі халық санына қарай пропорционалды уәкілдік идеясын ұсынды. Екінші тарап депутат санын 500-ге дейін арттыру қажет деді.
Біздің негізгі мақсатымыз – шын мәнінде тиімді әрі кәсіби Парламент құру.
Жаңа заң шығарушы орган елдегі ауқымды өзгерістерге заңнамалық тұрғыда барынша қолдау көрсетуге тиіс.
Әлемдегі озық тәжірибелерге қарасақ, бұл үшін депутат санын көбейтудің еш қажеті жоқ. Сондықтан мәселе – санда емес, сапада!
Ең бастысы, Парламентте нағыз отаншыл азаматтар – білікті мамандар отыруға тиіс!
Жұмыс тобы азаматтардың ұсыныстарын мұқият зерделеп, қызу талқылады. Ақыр соңында Парламенттің мандат саны 145 болуы керек деген байламға келді.
Жаңа Парламентте Төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін. Ал, комитет саны 8-ден аспауы керек».
Президенттің айтуынша, ұсыныстардың үшінші бөлігі жаңа Парламентті жасақтау тәртібі туралы болды.
Депутаттар енді пропорционалды жүйе қағидатымен сайланады. Мұндай тәсіл саяси партиялардың институционалдық рөлін күшейтеді. Сондай-ақ олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады.
Мемлекет басшысы: «Кейбір партиялар Парламентпен қатар барлық деңгейдегі мәслихаттарды пропорционалды жүйемен жасақтауды ұсынғанын білемін.
Бірақ аймақтарда мажоритарлық жүйені сақтап қалу керек деп ойлаймын. Еліміздің өңірлерінде жергілікті азаматтардың дауыстары, пікірлері жақсы естілуі қажет. Бұл – мен үшін айқын ұстаным.
Талқылау кезінде маған Парламенттегі Президент квотасын қалдыру керек деген ұсыныс айтылды. Бірақ мен жаңа Парламент ешкімнің қамқорлығына, қадағалауына мұқтаж емес екеніне сенімдімін.
Депутаттардың ішінде арнайы тағайындалған «таңдаулы тұлғалар» болмауы керек. Олар бәріне бірдей, ортақ тәртіппен сайлануға тиіс. Соған сәйкес Қазақстан халқы ассамблеясының арнайы квотасы да алынып тасталады.
Осы ұстаныммен жастарға, әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған квотаны қоса алып тастауды ұсынғандар болды. Бірақ бұл – мүлде басқа мәселе.
Бұл квота – әлеуметтік әділдік қағидатының айқын көрінісі, сондай-ақ еліміздегі барлық қоғамдық-саяси өкілдерді ескеретін маңызды талап. Сол себепті, осы квоталарды өзгеріссіз сақтап қалуды ұсынамын.
Бұған қоса, партиялардың Парламентке өту межесін қазіргі бес пайыздан жеті пайызға қайтару қажет деген пікір айтылды.
Бұл ереже кезінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бастамасымен қабылданған болатын. Бес жыл бұрын енгізілген осындай өзгерістер сайлау заңнамасын жақсартуға едәуір септігін тигізді.
Межені төмендету арқылы Парламенттегі ірі саяси күштердің үстемдігін азайтып, партиялар арасындағы бәсекені күшейтуді мақсат тұтқан едік. Бүгінгі таңда осы норманың тиімділігіне көзіміз жетті.
Ел тарихында алғаш рет Мәжіліске алты партияның өтуі – соның айқын дәлелі. Сондықтан мен бес пайыздық межені қалдырған жөн деп санаймын.
Ұсыныстардың төртінші бөлігі заң шығарушы органның жұмыс тәртібі мен рәсімдеріне қатысты болды.
Жаңа Парламентте депутаттарды бес жылға сайлау көзделіп отыр.
Заң қабылдаудың үш кезеңнен тұратын процедурасы ұсынылады. Депутаттар бірінші кезеңде заң жобасын жалпы мақұлдайды. Одан кейін өзгерістерді мақұлдайды, соңында заңды қабылдайды.
Осылайша, біз Парламент қызметін түбегейлі қайта құру арқылы осыған дейін жүзеге асырылған саяси реформаларды одан әрі жалғастырамыз.
Мемлекеттің институционалдық тұғырын нығайтып, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына сәйкес орнықты саяси жүйе қалыптастырамыз. Басты мақсатымыз да – осы.
Билік институттарының жаңа құрылымы баршаға бірдей мүмкіндік беретін әділетті қоғам құрудың мызғымас негізі болмақ.
Түптеп келгенде, біз бір қоғам болып қолға алған Парламенттік реформа еліміздің әлеуетін арттыратын болады. Сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің қарқынын күшейтіп, сапасын жақсарта түседі.
Мен Мемлекет басшысы ретінде бұған кәміл сенемін».

JQ-Aqparat
t.me/aqorda_resmi

Бүгін, 15:22
Қазіргі депутаттар жаңа Құрылтайға қайта сайлана ма?
20 қантар, 14:02
Президент: Неке институтын ер мен әйелдің ерікті одағы ретінде заңнамалық тұрғыда нығайту қажет
20 қантар, 10:48
Банкомат арқылы қолма-қол ақша алатын азаматтарға қатысты деректер базасы құрылмайды – Ұлттық банк
19 қантар, 13:48
Аида Балаева балаларға арналған кітаптардың жоқ екенін ашып айтты
12 қантар, 13:42
Заңгер: Кінәсі сотпен дәлелденсе ғана - қылмыскер
26 желтоқсан 2025, 17:18
ЮНЕСКО тізімі және цифрландыру: тарихи-мәдени мұраны сақтау саласында қандай жұмыс жүргізілді?
26 желтоқсан 2025, 13:06
Айлалы роман: алаяқтар танысу сайттарында қалай алдайды
25 желтоқсан 2025, 16:53
Даңқты батыр Бауыржан Момышұлына “Халық Қаһарманы” атағы ресми түрде берілді
25 желтоқсан 2025, 15:12
«Әкең жынды болса, байлап бақ»: Мұхамеджан Тазабеков Түркістандағы оқиғаға қатысты пікір білдірді (Видео)