jasqazaq.kz

Президент: Міндетті талаптар тізімі бизнесті шектен тыс тексерістерден қорғайтын маңызды құралдың бірі болуы тиіс

08 қыркүйек 2025, 12:44

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Қазақстан халқына арнаған Жолдауында шағын және орта бизнесті дамыту міндетіне тоқталды:
«Шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 40 пайызға, ал жұмыспен қамту ісіндегі үлесі 50 пайызға жуықтады. Бұл – жаман көрсеткіш емес. Бірақ осы саланы жүйелі түрде жетілдіре түспесе, экономиканы дамыту және тұрмыс сапасын жақсартуға тың серпін бере алмаймыз.
Екі миллионнан астам шағын бизнес субъектісінің ішінде өнім өндіретін кәсіпкерлер саны алты пайызға да жетпейтіні жасырын емес. Орта бизнесте бұл көрсеткіш жоғарырақ болғанымен, бәрібір көңіл көншітпейді.
Былтыр мен «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойдым. Бұл құжат бизнестің мүддесін ескере отырып, барынша ашық реттеу үлгісіне көшуге негіз болды. Бірақ Жарлық толық орындалмай отыр.
Іскер азаматтардың әлеуетін толық ашу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Сондықтан тиісті құқықтық базаны жаңғырту керек. Қазір елімізде 21 кодекс, 300-ден астам заң бар. Оларға тым көп түзету енгізілген. Кейбір нормалар бір-біріне қайшы келіп жатады. Түптеп келгенде, осының бәрі бизнестің дамуына кедергі келтіріп отыр. Заңнаманы түгел тексеріп, зерделеп шыққан жөн. Жасанды интеллект технологиясы мұны жылдам әрі тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің жанынан Интеллект арқылы реттеу орталығы құрылады. Бұл орталық заңнаманы ретке келтірумен, түсінікті әрі тиімді ұсыныстар әзірлеумен айналысады.
Заңды күрделендіре бермеу керек. Қайта оны кәсіпкерлердің қажетіне қарай бейімдеп, министрлер мен әкімдердің нақты нәтиже үшін жеке жауапкершілігін күшейткен жөн. Мемлекеттік органдар бизнес өкілдеріне ескерту жасаудың орнына әлі күнге дейін тым қатаң әкімшілік шешімдер қабылдайды деген мәлімет маған да жетіп жатады. Мұндай келеңсіздікке жол беруге болмайды.
Міндетті талаптар тізімі бизнесті шектен тыс тексерістерден қорғайтын маңызды құралдың бірі болуға тиіс. Қолданыстағы нормалардың Кәсіпкерлік кодекске сәйкестігін қосымша тексеріп, тізімді тезірек қолданысқа енгізу қажет».

JQ-Aqparat
Сурет: aqorda_resmi

18 наурыз, 13:39
«Таза Қазақстан» әркімнің өзінен басталады
18 наурыз, 12:56
Мирас Тоқтарханов: Абай облысында ауыл шаруашылығының барлық бағытына қолдау бар
17 наурыз, 15:22
Мұнай өңдеу: Әлеует пен әрекет үндескенде
17 наурыз, 12:25
Рәтбек Демеуберген: Біздің басты міндетіміз - кез келген жағдайға жедел әрекет ету
16 наурыз, 14:26
Бауыржан Ізмағамбетов: Ауыз су жүйесімен қамту деңгейі 100 пайызға жетті
15 наурыз, 14:02
Шавкат Рахмонов Қонаев қаласында дауыс берді
15 наурыз, 13:36
Қызылорда: Қазақтың үш ханы дауыс беруге келді
13 наурыз, 17:27
Елімізде теміржол инфрақұрылымы жаңғыртылып жатыр
13 наурыз, 16:07
Тіршілік нәрі - судың нарқы қашанда қымбат