Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысының Зеренді ауданында аймақ шаруаларымен егін жинау науқанына арналған кеңес өткізді, деп хабарлайды jasqazaq.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынға Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысының диқандары бейнебайланыс режимінде қатысты.
Президент Ақмола облысына егін жинау науқанының барысымен танысу үшін арнайы келгенін айтып:
«Егіс алқабындағы жұмыстарды уақтылы аяқтап, астықты дер кезінде жинап алу қажет. Еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігі, ішкі нарықтың тұрақтылығы осы жұмысқа тікелей байланысты. Астық жинау науқанын ойдағыдай жүзеге асырсақ, экспорттық әлеуетіміз де мықты болмақ, яғни шетелге мол өнім шығара аламыз. Былтыр елімізде ауыл шаруашылығы саласы үшін табысты жыл болды. Шаруалар табанды еңбек етіп, астық жинаудан рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Осының бәрі агротехнологияны дұрыс қолданудың нәтижесі деуге болады. Соның арқасында ауыл шаруашылығы бойынша өнім көлемінің өсімі басқа салаларға қарағанда анағұрлым артық болды. Биылғы 8 айда атқарылған жұмыстардың нәтижесі жаман емес. Өндірістің технологиялық әлеуетін арттыру үшін қолға алынған шаралар тиімділігін көрсетіп жатыр», – деді.
Мемлекет басшысы еселі еңбектері үшін еліміздің диқандарына ризашылығын білдірді.
«Жыл сайын егін жинау науқанында сіздердің кәсіби біліктеріңіз, табандылықтарыңыз және патриоттық қасиеттеріңіз сыналады. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері бұл сыннан сүрінбей өтеді. Сіздер жай-күй таңдамай, табиғат тосын мінез танытса да жұмыс істеп, жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүрсіздер. Маңдай терлеріңіз арқылы азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, экономиканы дамытуға және ауылдағы тұрмысты жақсартуға орасан зор үлес қосып келесіздер. Мемлекет диқандарды қолдау үшін бұрын-соңды болмаған шараларды қолға алып жатыр. Атап айтқанда, биыл менің тапсырмаммен ауыл шаруашылығына жеңілдетілген несие беру үшін 1 триллион теңге бөлінді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қазірдің өзінде мемлекеттің жүйелі қолдау шаралары нәтиже бере бастады. Агротехнологияны қолдану жоғары деңгейге жетіп, өнімділік артты. Бұған дейін ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есе ұлғайтуды тапсырған едім. Бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның қарқынын төмендетуге болмайды», – деді Президент.
Мемлекет басшысы егін шаруашылығын дамытудағы басым міндеттерді атады.
Жиналған өнімді тиісінше сақтау — маңызды міндеттің бірі. Түрлі дақылдарды өсірудің жоспардағы көлемі мен әр дақылға жеке қойма қажет болғандықтан, мұндай орындардың тапшылығы байқалады.
«Заманауи элеваторларды салуға және оларды ұстап тұруға қомақты инвестиция қажет екені анық. Сондықтан элеваторларды жаңғырту үшін жеңілдетілген қаржыландырудың арнайы бағдарламасын іске қосу керек. Сапалы тұқым дайындауға баса назар аударған жөн. Бұдан бөлек, отандық нарықты өзімізде шығарылған тұқыммен қамтамасыз етудің нақты қадамдары керек. Былтырдан бастап жетілдірілген минералдық тыңайтқыштарды субсидиялау тетігі тиімділігін көрсетті. Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдында тұқым өндірісі бойынша мемлекеттік қолдаудың баламалы шараларын енгізу міндеті тұр. Жалпы, егін шаруашылығында жақсы нәтижеге қол жеткізгенімізді атап өткен дұрыс. Бұл ауыл шаруашылығының аралас салаларына оң әсер етіп отыр», – деді Президент.
Сонымен қатар мал шаруашылығының әлеуетін толық танытуға шақырды: «Жыл соңына дейін мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы әзірленеді. Бұл құжат ұзақ мерзімге жеңілдетілген қаражат алуға мүмкіндік береді. Біз тек жаппай цифрландыру арқылы экономиканың барлық саласында ашықтық пен тиімділікті қамтамасыз ете аламыз. Мен бұл мәселеге Жолдауда жан-жақты тоқталдым. Ауыл шаруашылығына цифрлық технологияны тездетіп енгізу керек. Егін және мал шаруашылығындағы үдерістерді толық қадағалап отыру үшін цифрлық тәсілдерді қолдану қажет. Бұл жұмысты ІТ-бизнеспен бірлесе отырып атқарған жөн».
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамытуға бюджеттен қомақты қаражат бөлініп жатқанына тоқталып:
«Демек істеліп жатқан әрбір жұмыстың, әрбір шараның нақты нәтижесі болуға тиіс. Бір сөзбен, ауыл шаруашылығына оң ықпал етуі керек. Мемлекет адал жұмыс істейтін диқандарға әрдайым қолдау көрсетеді. Ауыл шаруашылығының жай-күйі менің ерекше бақылауымда, бұл салаға баса мән беремін. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді біздің халқымыз. Сондықтан бірлесе отырып, осы маңызды науқанды уақытында және табысты аяқтаймыз деп сенемін», – деді.
JQ-Aqparat
Сурет: aqorda_resmi