jasqazaq.kz

Президент: Мақсатымыз ортақ — Достастықты жасампаздық пен өрлеудің, жаңа идеялар мен мүмкіндіктер кеңістігіне айналдыру

10 қазан, 15:19

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы жиынға қатысушыларға ілтипат білдірген соң, қонақжайлылық танытып, саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырған тәжік тарапы мен Президент Эмомали Рахмонға алғыс айтты: «Тәжікстанның табысты төрағалығы Ұйымның әлеуетін нығайтуға, көпжоспарлы ынтымақтастығымызды тереңдетуге үлкен үлес қосты. Бұл саммит Қазақстанда халықаралық беделді ұйым саналатын ТМД жұмысына үлкен серпін береді».
Президент биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы атап өтіліп жатқанын еске салды.
«Барлық мемлекеттің дамуына жол ашатын жалпыадамзаттық құндылықтарды ауыр жағдайда қорғаған әкелеріміз бен аналарымыздың, жеңімпаз ұрпақтың өшпес ерлігін қазақстандықтар қастер тұтады. ТМД аумағында, соның ішінде Қазақстанда айтулы мерейтой лайықты деңгейде аталып өтті. Мерекелік іс-шаралардың шырқау шегі Мәскеу мен Бейжіңде өткен ауқымды әрі мазмұнды салтанатты шерулер болды. Адамзат тарихындағы ең қанқұйлы соғыстың қаһармандары мен барша қатысушысын жадымызда мәңгі сақтау – моральдық парызымыз. Фашизмді жермен-жексен еткен Ұлы Жеңіске 80 жыл толса да, өкінішке қарай, әлем салдары ауыр тиетін жаһандық қақтығыс қаупімен тағы да бетпе-бет келіп отыр. Қазақстан Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихи шындығын бұрмалауға, фашизмді тойтарған Ұлы Жеңістің тарихи маңызын төмендетуге қатысты әрекеттерге қарсы. Халықаралық құқықтың іргесі сөгіле бастағанын, қақтығысқан мемлекеттер арасындағы сенім деңгейі әбден төмендегенін, көзқарастар қайшылығы күшейе түскенін, көпжақты дипломатияның дағдарысқа ұшырағанын, Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік әлеуеті әлсірегенін алаңдаушылықпен қабылдаймыз. Осындай геосаяси дүрбелеңдер жағдайында барлық қақтығыс факторын жою үшін ТМД елдері мен барша жақтастарымыздың күш біріктіруі өте өзекті. Мұны өзара түсіністік пен жан-жақты ойластырылған іс-қимыл арқылы шешуге болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сондай-ақ ТМД-ның әлемдік аренадағы абырой-беделін нығайтудың маңызын, еліміз Достастықтың халықаралық байланыстарын жандандыруды дәйекті түрде қолдайтынын атап өтті.
«Естеріңізде болса, 2023 жылы Қазақстан Республикасының ұсынысы бойынша ТМД-ның Байқаушылары мен Серіктесі институты бекітілді. Бұл бастаманың алғашқы нәтижелері байқала бастағанын ризашылықпен атап өткім келеді. Бүгін Шанхай ынтымақтастық ұйымына Байқаушы мәртебесін беру туралы шешім қабылдаймыз. Бұл оқиға Еуразияның аймақтық құрылымдар ықпалдастығы тарихының жаңа парағын ашады. Бұдан бөлек, Мәскеудегі саммитте Қазақстан ұсынған «ТМД плюс» форматында қарым-қатынас орнатуды қолдаймыз. Аталған қадам ТМД-ның халықаралық аренадағы рөлін нығайта түседі», – деді Мемлекет басшысы.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңестің келесі жылы Ұйымға Түрікменстанның төрағалық ету жөніндегі шешіміне қолдау білдірді: «Түрікменстан Президенті Сердар Гурбангулыевич Бердімұхамедовті осы маңызды әрі құрметті миссияны қолға алуымен құттықтаймын. Мақсатымыз ортақ – Достастықты жасампаздық пен өрлеудің, жаңа идеялар мен мүмкіндіктердің кеңістігіне айналдыру. Бірлескен күш-жігер арқылы ТМД-ны қарқынды, тиімді әрі болашаққа нық қадам басқан халықаралық ұйым ретінде нығайта алатынымызға сенімдімін», – деді Мемлекет басшысы.
JQ-Aqparat
Сурет: aqorda_resmi

17 қазан, 12:01
Алматыда «қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша көше тазалаудың жаңа форматы енгізіледі
16 қазан, 18:24
Алматыда коммуналдық техника паркі жаңартылып, жаңа қар ерітетін кешендер ашылып жатыр
16 қазан, 16:33
Медеу ауданында тұрғындардың өтінішімен 280 метрден астам баспалдақ жаңартылды
16 қазан, 16:13
Дархан Сатыбалды ауа сапасын бақылау мен заңсыз қоқыс орындарын жоюды тапсырды
06 қазан, 11:27
Алматыда Азаматтық қоғамды дамытуға арналған форум өтті
30 қыркүйек, 11:51
Алматы: Сапалы ауыз сумен қамту бағытында
25 қыркүйек, 13:46
Алматы: Көлік инфрақұрылымындағы жаңа белес
25 қыркүйек, 13:15
Бүгінгі Әлемнің Тілеуі – Қауіпсіз Ғалам
23 қыркүйек, 16:23
"Үлкен Алмадағы" жемісті жүздесу