jasqazaq.kz

Президент: Қазақстанның көк туы әрдайым биікте желбіресін!

25 қазан 2025, 8:29

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Республика күнімен құттықтады.
Мемлекет басшысы еліміз осыдан 35 жыл бұрын Егемендік декларациясын қабылдап, жаңа дәуірге қадам басқанын, осы тарихи құжатта халқымыздың өз болашағын дербес айқындау құқығы нақты көрініс тапқанын айтты. «Сол арқылы бостандықтың байрағын көтеріп, заманауи мемлекет құруымызға жол ашылды.
Содан бері еліміз қиын да күрделі жолдан өтті. Біз Тәуелсіздігіміздің саяси-экономикалық тұғырын бекіттік, шекарамызды айқындап, оны бүкіл әлемге таныттық, жаңа астанамызды салдық. Сондай-ақ жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайту, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру жолында зор жетістікке қол жеткіздік. Қазақстан салиқалы әрі сындарлы сыртқы саясатының арқасында өзінің ұлттық мүддесіне адал, халықаралық абырой-беделі жоғары мемлекет ретінде қалыптасты.
Дегенмен алдымызда бұдан да зор міндеттер тұр. Біз қазіргі алмағайып замандағы орасан сын-қатерлерге қарамастан, барлық азаматқа бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Саясаттағы, экономика мен әлеуметтік саладағы реформалар Отанымыздың өсіп-өркендеуін қамтамасыз етіп, халқымыздың тұрмыс сапасын арттыруды көздейді.
Біз «Заң және тәртіп» қағидатын, «Таза Қазақстан» идеологиясын, отаншылдық пен тілеулестік, еңбекқорлық пен жауапкершілік, білімпаздық пен кәсібилік құндылықтарын қоғамда барынша орнықтырып, келешегіне сеніммен қарайтын озық ойлы ұлт ретінде қалыптасып келеміз.
Әр буынның өз миссиясы бар. Осы орайда, бабалар өсиетін ұмытпай, қастерлі Тәуелсіздігімізді нығайта түсу, Қазақстанды дамыған, жасампаз әрі әділетті ел ету – бәрімізге ортақ парыз.
Біз еселі еңбектің, өзара қолдаудың және ең бастысы, мызғымас бірліктің арқасында барлық жоспарымызды табысты жүзеге асырып, жаңа белестерді бағындыра беретінімізге сенімдімін.
Еліміздің келешегі – әрқайсымыздың қолымызда.
Қазақстанның көк туы әрдайым биікте желбіресін!», — деді.
Мемлекет басшысы өз құттықтауында барша жұртқа зор денсаулық, бақ-береке және мол табыс тіледі.
JQ-Aqparat
Сурет: aqorda_resmi

22 қантар, 15:22
Қазіргі депутаттар жаңа Құрылтайға қайта сайлана ма?
20 қантар, 14:02
Президент: Неке институтын ер мен әйелдің ерікті одағы ретінде заңнамалық тұрғыда нығайту қажет
20 қантар, 10:48
Банкомат арқылы қолма-қол ақша алатын азаматтарға қатысты деректер базасы құрылмайды – Ұлттық банк
19 қантар, 13:48
Аида Балаева балаларға арналған кітаптардың жоқ екенін ашып айтты
12 қантар, 13:42
Заңгер: Кінәсі сотпен дәлелденсе ғана - қылмыскер
26 желтоқсан 2025, 17:18
ЮНЕСКО тізімі және цифрландыру: тарихи-мәдени мұраны сақтау саласында қандай жұмыс жүргізілді?
26 желтоқсан 2025, 13:06
Айлалы роман: алаяқтар танысу сайттарында қалай алдайды
25 желтоқсан 2025, 16:53
Даңқты батыр Бауыржан Момышұлына “Халық Қаһарманы” атағы ресми түрде берілді
25 желтоқсан 2025, 15:12
«Әкең жынды болса, байлап бақ»: Мұхамеджан Тазабеков Түркістандағы оқиғаға қатысты пікір білдірді (Видео)