jasqazaq.kz

Президент: Қазақстан түркі халықтарының ынтымақтастығын жан-жақты дамытуға мүдделі

12 маусым, 13:45

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясына мүше елдер парламенттерінің спикерлерімен кездесті, деп хабарлайды jasqazaq.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы мәртебелі меймандарға ілтипат білдіріп, бүгінгі жиынның мән-маңызы ерекше екенін айтты: «Парламенттік Ассамблея – өте маңызды саяси құрылым. Қазақстан бұл Ұйымды барынша қолдайды. Мен өзім он жыл бойы Сенат Төрағасы ретінде жұмыс істедім, парламентаралық байланыстарға белсенді түрде қатыстым. Жалпы, Парламенттің жұмысын жақсы білемін, түсінемін. Қазір Парламенттік Ассамблея аясындағы бірлескен күш-жігеріміздің арқасында түркі ынтымақтастығы жылдан жылға нығайып келе жатыр. Бұл – өте жақсы үдеріс, себебі тұтас түркі жұртының халықаралық беделі мен ықпалы да арта түсуде. Ең бастысы, елдеріміздің арасында өзара жақындасуға деген талпыныс бар. Қазақстан алдағы уақытта да түбі бір түркі халықтарының жан-жақты ынтымақтастығын дамыта беруге мүдделі».
Президент еліміз Парламенттік ассамблея ұсынған тың бастамаларды қолдайтынын айтып, түркі ықпалдастығына үлес қоса беруге дайын екенін мәлімдеді.
«Қазақстан – Түркі мемлекеттері ұйымының негізін қалаушылардың бірі. Бұл құрылым елдеріміздің экономикалық және мәдени-гуманитарлық дамуына ерекше ықпал етеді деп сенеміз. Оның әлеуетін халықтарымыздың ортақ мақсатына пайдаланған жөн деп санаймыз. Былтыр Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық етті. «TURKTIME» ұранымен біз бірқатар маңызды жобаны жүзеге асырдық. Түркі ықпалдастығын тереңдетуге серпін беретін 100-ге жуық іс-шара ұйымдастырдық. Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Байрақты бәсеке Ұлы дала өркениетін жер-жаһанға танытты. Түркі әліпбиінің ортақ нұсқасы бекітілді. Мұны тарихи оқиға деуге болады», – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымының жанындағы Тұрақты өкілдерді тағайындау туралы шешім қабылданғанына, ұйым елдері арасында сауда-экономика, энергетика, қаржы және инвестиция саласындағы байланыс арта түскеніне назар аударды:
«Түркі инвестициялық қоры өз қызметін тиімді жүргізіп отыр. Осының бәрі – түркі ықпалдастығын бекемдей түсетін маңызды қадамдар. Біз Түркі мемлекеттері ұйымы саммиттерінің қорытындыларын жоғары бағалаймыз. Уағдаластықтарды сапалы жүзеге асыруға ерекше мән береміз. Жақында Мажарстанда өткен мемлекет басшыларының бейресми кездесуі нәтижелі болды. Қазақстан осы игі үрдісті жалғастыра беруге қашанда әзір. Бұл ретте, мен келесі басқосуды киелі Түркістанда өткізуді ұсындым».
Президент соңғы жылдары елімізде жан-жақты жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға тоқталып:
«Біз жалпыхалықтық референдум арқылы Конституцияға маңызды түзетулер енгіздік. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына негізделген жаңа жүйеге көштік. Президент жеті жылдық мерзімге бір рет қана сайланатын болды. Парламенттің құзыры кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Адам құқықтарын қорғау жүйесі жетіле түсті. Конституциялық Сот құрылды. Жергілікті билік түбегейлі жаңғыртыла бастады. Биылдан бастап еліміздегі барлық аудан әкімдерін халық тікелей сайлайтын болды. Облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының 90 пайызы бір мандатты округтен, яғни тікелей дауыс беру арқылы сайлануда. Еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде мұндай ауқымды өзгеріс бұрын-соңды болған емес», – деді.
Мемлекет басшысы Заң мен тәртіп қағидатына негізделген Әділетті Қазақстан құруды түпкі мақсатымыз деп атады» «Бұл тұжырымның ажырамас бөлігі – «Таза Қазақстан» концепциясы, оны біз түбегейлі іске асыруымыз керек. Таза Қазақстан дегеніміз – тек тазалық қана емес, бұл – халқымыздың болмысын жаңғырту, өркениетті ұстанымдарға қарай бет бұру деген сөз. Мен халықпен, әсіресе, жастармен кездескен кезде оларға үнемі еліміздің келешегі – өскелең ұрпақтың қолында деп айтамын. Бұл – шындық, ақиқат. Сондықтан жастарымыз саналы, ақылды, көзі ашық, ұқыпты, зайырлы және адал болуы керек», — деді.

JQ-Aqparat
Сурет: aqorda_resmi

01 шiлде, 15:06
Түркістан: импорт азайып, экспортты ұлғайтуға мүмкіндік бар
30 маусым, 15:06
Түркістан: Қазығұртта - индустриалдық аймақ, Отырарда мақта зауыты іске қосылады
30 маусым, 15:03
Түркістан: Мақтарал ауданына биыл 9,4 млрд теңге инвестиция тартылды
30 маусым, 14:09
Жан жарасын жазатын диалог: мұғалім мен бала арасындағы сенім
27 маусым, 15:14
Заманауи медициналық технологиялар дені сау балалардың өмірге келуіне арналған
27 маусым, 10:53
Түркістан: Кентауда модульді капсулалармен жабдықталған демалыс аймағы ашылады
26 маусым, 19:27
Түркістан қаласының жалпы өңірлік өнімі 159,5 млрд теңгені құрады
26 маусым, 19:13
Түркістан: Жылыжай агробазасы - барлық саланы біріктіретін ауқымды бастама
25 маусым, 16:42
Түркістан: Ағын су тапшылығын еңсеру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр