jasqazaq.kz

Президент бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтерді

08 қыркүйек, 12:49

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жаңа саяси реформа туралы ойын ортаға салды, деп хабарлайды jasqazaq.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы: «Елімізде парламенттік реформа мәселесі кемінде жиырма жылдан астам уақыт бойы айтылып келеді. Осы мәселе ашық та, жабық та талқыланып жүргені ешкімге құпия емес. Бұл тақырып әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Сондықтан мемлекеттік жүйе дамып, азаматтарымыздың саяси мәдениеті өсіп келе жатқанын ескере отырып, бұл мәселені халықтың талқысына салу айрықша маңызды деп санаймын.
Сенат 1995 жылы елімізде күрделі әрі тұрақсыз саяси жағдай болып тұрған сәтте Парламенттің жоғары палатасы ретінде құрылды. Ол кезде мемлекеттігіміздің негізі енді ғана қалыптаса бастаған аса қиын жолдың басында тұрған едік.
Сенатқа мемлекет құру ісіндегі тұрақтылықты қамтамасыз ету тарихи міндеті жүктелді. Өткен 30 жылда Сенат өзінің осы аса маңызды тарихи миссиясын абыроймен, тиімді атқарып шықты.
Жоғары палата заң шығару үдерісінің, басқа да негізгі реформалардың айрықша маңызды тетігі әрі кепілі болып келеді», — деді.
Мемлекет басшысы елімізде көп ұзамай бір палаталы Парламент құру туралы ұсынысын ортаға салды.
«Бірден айтайын, бұл – өте маңызды мәселе. Оны асығыс жүзеге асыруға болмайды. Бұл реформа азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ, әрине, қазіргі Парламентте жан-жақты талқылануы қажет. Реформаның мән-маңызы айрықша екенін ескерсек, оны талқылауға бір жыл уақыт керек деп ойлаймын.
Содан кейін, яғни 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізуге болар еді. Содан соң Конституцияға тиісті өзгеріс енгізе аламыз.
Мен мемлекеттің тағдырын айқындайтын барлық мәселе халықтың келісімімен ғана шешіледі деп бұған дейін бірнеше рет айттым. Егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын», — деді.
JQ-Aqparat
Сурет: aqorda_resmi

17 желтоқсан, 14:07
Алматы жастары экомәдениетті қалыптастыруда көш бастап тұр
17 желтоқсан, 13:59
Мерей Оңғаров: Алматыны газдандыру 100 пайызға жақындады
16 желтоқсан, 14:00
Алматы: Жылу жүйесі қыс маусымына дайын
15 желтоқсан, 14:01
Алматының индустриалдық аймағы – даму драйвері
12 желтоқсан, 17:21
Алматыда «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында пластик қақпақтарды жинау бойынша эконауқан өтеді
12 желтоқсан, 12:32
Алматы: «Таза Қазақстан» экоакциясының жыл қорытындысы
12 желтоқсан, 12:09
Алматыда «Эко-шырша Алматы» ашық байқауы басталды
11 желтоқсан, 14:20
Алматыда тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді
10 желтоқсан, 23:45
Алматының тазалығын сақтау – ортақ міндет