Пияздан басқа дәнеңе де жоқ

21 ақпан 2020, 12:11

Жамбыл облысының Қордай ауданындағы оқиғадан кейін іле-шала аймақ басшысы болып тағайындалған Бердібек Сапарбаев бірден өңірдегі түйткілді зерделеуге кірісіп кетті. Жаңа қызметіндегі 9 күннен кейін ел алдында жылдық есеп берген әкім шын мәнінде қордаланған мәселелер барын, оларды шешу жолын ашып айтты. Бұл жұртшылық тарапынан қолдау тапқаны анық. Осы орайда, біз газетімізге Жамбыл облысы әкімінің есепті жиында көтерген өткір ойларын ықшамдап бергенді жөн көрдік.

Ең негізгі мәселе – өзімізді жергілікті азық-түлікпен қамтамасыз етуіміз керек. Импортты, басқа өңірден келетін азық-түлікті азайтуымыз қажет.
Мен өткен жексенбіде Тараздың негізгі базарларында болдым. Сонда Жамбыл облысында өсірілген пияздан басқа бір де бір өнім көрген жоқпын. Картоп, сәбіз, қырыққабат, барлығы сырттан келеді. Кеше ғана зиялы қауым өкілдерімен кездескенде айтып едім, Павлодардан картоп алатын болсақ, не болғанымыз?!
Одан кейінгі мәселе – қант қызылшасы. Әрине, бұл жерде мәселе бар. Қант қызылшасын өндірушілердің өнімін қант зауыттары алуы керек. Біз кешеден бері бұл мәселе жөнінде ауыл шаруашылығы министрімен жұмыс істеп жатырмыз. Оның бір жолын табармыз. Бірақ ондай қиындықтарға қарамастан, біз қызылша алқабын көбейткеніміз жөн. Пайдаланылмай жатқан жерлерге байланысты өңірде біраз жұмыс жасалған. Енді біз соны ары қарай жалғастырып, биыл ең кем дегенде 70 мың гектар жерді мемлекеттің меншігіне қайтаруымыз керек.
Пайдалы қазбаларымыз ертеңгі күні таусылуы мүмкін. Сондықтан біз қазірден бастап барлау жұмысын жүргізуіміз, геологияға үлкен көңіл бөлуіміз қажет. Өңірдің жер қойнауында қандай қазба байлық барын жақсы білесіздер.
Салынып жатқан құрылыстың құнын төмендету, бағасын арзандату керек. Ол үшін біз өзіміздің елімізден, өз өңірімізден шығып жатқан құрылыс материалдарын толығымен пайдалануымыз қажет. Құмды, қиыршық тасты, әктасты айтпағанда, мұнда цемент, гипске дейін бар. Қазір біз бұл мәселені зерттеп, толығымен өзімізде шығып жатқан материалды пайдалануымыз керек. Сол арқылы құрылыстың бағасын төмендетуге болады.
Бір нәрсені ескертейін деп едім, бізде халқының саны 200-ден аспайтын шағын елді мекен бар. Қазіргі таңда біз ол ауылдарға су, газ құбырын алып бармаймыз. Себебі оны жүргізу құны алтынға тең болады. Олай болмайды. Оны қазіргі заманауи қолданылып жатқан технологиялармен, ең құрығанда, скважина қою арқылы шешеміз. Әрмен қарай жағдайымыз жақсарып жатса, онда көреміз.
Біз үшін ең үлкен мәселенің бірі – халықтың табысын көтеру. Өкінішке қарай, қазіргі таңда халықтың табысы, жалақысы жөнінен Жамбыл облысы басқа өңірлердің ішінде Солтүстік Қазақстаннан кейінгі орында тұр, яғни ең соңындамыз. Біз қазір осыған байланысты жұмыс істеуіміз керек. Биылдан бастап мұғалімдердің, дәрігерлердің, мәдениет, спорт саласы қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 25 пайыздан 30 пайызға дейін өсті. Енді біз өзіміздің мүмкіндіктерімізді пайдаланайық.

Яғни қалай біз жалақыны өз есебімізден көбейте аламыз?! Бұл жерде біз кәсіпорындармен, кәсіпкерлермен жұмыс істеуіміз тиіс.
Халық тарапынан наразылық бар, оқу жөнінде. Мысалы, неге былтыр 4 мың адам оқытылса, биыл 2608 адаммен шектелдік? Оған да талдау жасадық. Біріншіден, оқытқан адамдар жұмысқа орналаспайды. Екіншіден, кейбіреулер стипендия алу үшін 3-4 рет оқиды. Енді оқыту тек қана жұмыс берушілердің сұранысына қарай болады. Тапсырыс берді ме, оқытамыз. Олар оқуын бітірген соң барып жұмысқа орналасады.
Ең үлкен мәселе – білім сапасы. Өздеріңіз байқап, көріп отырсыздар, мемлекет білім саласы қызметкерлері үшін барлық жағдай жасады. Бірақ осының барлығы білім сапасын көтеруге өзінің әсерін тигізіп отырған жоқ. Мен әрдайым мұғалімдермен кездесемін, сонда үнемі айтып жүремін. Біз енді осыған көңіл бөлуіміз керек. Әсіресе, тәрбие мәселесі. Рухани тәрбие, ұлттық құндылықтарымызды сақтау жөнінде. Оның үстіне, Қордайдағы мынадай жағдайлардан кейін біз ойлануымыз керек. Одан кейін, мемлекеттік тілдің жүзеге асырылуы жөнінде айтқан болатынмын. Біз заңды мемлекетте тұрамыз, заңды мемлекеттің тұрғындары ұлтына қарамай, ол заңды орындауы керек. Мемлекеттік тіл жөнінде бізде заң бар, соны орындау керек.
Білім саласына қандай жағдай жасалса, денсаулық сақтау саласына да сондай жағдай жасалып жатыр. Бірақ, өкінішке қарай, біздің денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің мәдениеті өте төмен. Сана-сезімі, этикасы. Ол жөнінде де біз талай айтып жүрміз. Енді онымен жұмыс істеуіміз керек. Мен дәрігерлерге айтамын: «Сіздер Гиппократтың антын қабылдайсыздар, ешқандай бюрократия, ертең кел, менің ауруым емес» деген сылтау болмауы керек. Сіздің алдыңызға адам келді ме, сіз бірінші дәрігерлік көмекті көрсетуіңіз керек. Сондықтан, біз ең үлкен жұмысты осы салада жасаймыз.

Тақырыпқа орай: Қант қызылшасы туралы өткір мәселе көтерген аймақ басшысы жиыннан шығысымен тосын жағдайға тап болды. Меркі ауданынан арнайы келген кәсіпкерлер жергілікті қант зауытының директоры ақша бермек түгілі, телефонға да жауап бермейтінін айтты. Кәсіпорын шаруалардың адал еңбегі үшін көк тиын да төлемеген. Кәсіпкерлерді төрт айдан бері сандалтқан директор олардың миллиондаған теңгесін төлейтін сыңай да танытпай отырған көрінеді. Осы мәселе туралы Б.Сапарбаев: «Бұл зауыттың қарызы болғандықтан, зауыттың өзі өтеуі керек. Ақшасы болса болды, болмаса мүлкімен өтесін. Қазір соның бәрін зерттейміз. Сенбі күні сіздерге нақты не болатынын айтамын», – деді.

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?