jasqazaq.kz

Пенжім ауылындағы бейберекетсіздік — арнайы репортаж (Видео)

28 қазан 2021, 22:04

Алматы облысының Пенжім ауылындағы бейберекетсіздікке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Мектепте оқушылар арасында басталған төбелестің арты кикілжіңге ұласқан. Ұрандатып көшеге шыққан жастардың текетіресінен қираған көлік пен бүлінген үйлер бар. Ал мектептегі төбелесте оңбай таяқ жеген 16 жастағы жеткіншектің жағдайы ауыр.

Бүгін аудан басшылары мен ауыл ақсақалдары осы жағдайға қатысты жиын өткізді. Пенжім ауылында болған жайды КТК тілшісі көріп келді. Жаркенттегі аудандық аурухана. Мектептегі төбелесте жарақат алған 16 жастағы оқушы түскі сағат бір шамасында ауруханаға жеткізілген. Оған бірден ота жасалды. Басынан оңбай жараланған жеткіншектің жағдайы ауыр дейді дәрігерлер.

Ержан Қожахметов, Панфилов ауданы ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары:

— Басы жарылған. Шұғыл түрде ота жасалды. Басындағы қан тамырларына зақым келген. Миы шайқалған. Отадан кейін есін жиды. Сөйлей алады. Соған қарамастан жағдайы ауыр деп бағаланады. Қазір бөлімшеде емделіп жатыр.

Іле-шала Алматы облысы әкімінің орынбасары бастаған атқамінерлер Пенжімдегі Мәдениет үйінде тұрғындардың басын қосты. Екі оқушының арасындағы ерегістің осылай кикілжіңге ұласуына ауыл ақсақалдары бірінші кезекте өздері мен ата-аналарды кінәлады.

Талғат Өмірәлиев, Панфилов ауданының әкімі:

— Заңды түрде барылығын қарастырып берейік. Бірақ тәрбиені бесіктен бастау керек. Қай жерде жатыр бұл мәселе? Мектепте ме, үйде ме? Ата-аналардың кінәсі ме? Басқа жағдай ма? Бұл мәселені біз шешуіміз керек. Қазақта жақсы сөз бар: «Шаңыраққа қараңдар». Бұл барлығына қаратыла айтылған сөз. Сол үшін тәртіпке келейік. Айналайындар.

Жиын қорытындысымен арнайы штаб құрылды. Екі оқушының арасындағы төбелес күллі ауылды ойландырғандай. «Айрандай ұйыған жұрттың тыныштығына енді сызат түспеуі тиіс» деп, аудан әкімі сөзін қорытындылады.

Талғат Өмірәлиев, Панфилов ауданының әкімі:

— Үлкен төбелес болған жоқ. Жай, балалар үзілісте бір-бірін итеріп төбелесіп қалған. Түсіндірме жұмысын жүргіздік. Осы жерде штаб құрылды. Кім кінәлі, солар жауап береді. Жастармен барлығымыз жұмыс істеуіміз керек.

Ауылдағы ахуал қазір қалыпты. Полиция департаментінің ресми мәліметінше, 30 ға жуық жас жігіт үйлердің терезесін сындырған. Бірақ оқиға куәгерлері олардың саны 60-тан асады дейді. Малы аралас, қорасы қоңсылас тұрғындар мұндай жағдайдың енді қайталанбауын тілейді.

Тұрған Дәуіржанов, Пенжім ауылының тұрғыны:

— Елудей жыл болды. Бәрі тату. Мұндай бұрын-соңды болған жоқ. Тыныш болу керек. Ынтымақ болу керек. Баланың арасына түсіп көмектесу дұрыс емес қой.

Полиция басқармасы түндегі бұзақылыққа қатысы барлардың бәрін іздестіріп жатыр. Оқушылар ерегісінен соң 30-дан астам жігіттің бір үйдің қасына жиналып жатқанын жергілікті тұрғындардың бірі хабарлапты. Қазір тергеу басталып кетті.

Жандос Қалиев, Панфилов ауданы ПД бөлімінің бастығы:

— ҚР ҚК 106-бабы, 1 бөлімімен тергеу жүріп жатыр. Авто және жаяу патрульді күшейтіп, құқықбұзушылықтың алдын алдық. Пенжім аулдық округінде профилактикалық шаралар жүргізіліп жатыр. Барлығы тыныш. Халықтың қорқатын мәселесі жоқ.

Кеше кешкі сегіз шамасында жиналған жігіттердің дүрмегі бір сағатқа дейін жалғасқан. Қолына түскен тасты оңды-солды лақтырып тұрғындардың зәресін ұшырыпты. Пенжімде жаппай төбелес басталған сәтте бір үй өртеніп кеткен. Бірақ оның бұл оқиғаға қатысы жоқ деп сендірді полицейлер. Тоқтың тұйықталуынан бас алған өрт баспананы түгін қалдырмай күлге айналдырған. Абырой болғанда адам шығыны жоқ.

09 тамыз, 15:04
Бахадыр Мәдәліұлы: Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету – мәслихат пен партияның ортақ міндеті
06 тамыз, 20:36
Алматыда көше және сәулеттік жарықтандырудың бірыңғай жүйесі жасалады
05 тамыз, 12:34
Бала жанын түсіну – рухани жауапкершілік
31 шiлде, 15:56
Тайланд-Камбоджа: Шиеленіс қалай шешілді?
31 шiлде, 15:21
2,7 млн жайылым жер мемлекетке қайтарылды: жұмыс жалғасады
31 шiлде, 15:00
Айгүл Жамалбекова: Мүмкіндігі шектеулі жандарға ешқандай шектеу жоқ
31 шiлде, 14:48
Қолжетімді баспана – мемлекеттік тұрғын үй саясатының басым бағыты
31 шiлде, 12:19
Жетісайда мүмкіндігі шектеулі жандардың өтініші басты назарда
31 шiлде, 11:55
Қазақстан жаһандық процестерге белсене араласады